3.11.2020, 12:35
Қараулар: 238
«ОРДА ЖҰЛДЫЗЫ» — 90-ДА

«ОРДА ЖҰЛДЫЗЫ» — 90-ДА

Биыл «Орда жұлдызы» газетіне – 90 жыл. Ауданның тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік-экономикалық һәм мәдени жаңалықтарын қалт жіберместен оқырманын хабардар етуде жергілікті басылымның еңбегі  елеулі. Осы орайда аудан баспасөзінің қарашаңырағы «Орда жұлдызы» газетінің шығармашылық ұжымын  аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов арнайы қабылдап, лайықты құрмет көрсетті. Бұл мерекелік басқосуға аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов, аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, өзге де сала басшыларымен қатар жергілікті баспасөз саласында ұзақ жылдар еңбек еткен тілшілер Амантай Хамзин, Кәримолла Ғайсин, Исатай Лайықовтар да куә болды.

Облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының қызметкері Мереке Рушанов газеттің тоқсан жылдық тарихынан мәлімдеме жасады.

  • Ғасырға жуық тарихы бар аудандық «Орда жұлдызы» газеті қасиетті де шежірелі мекеннің тыныс-тіршілігінен, арғы-бергі тарихынан бұқара қауымға шынайы да дәйекті ақпарат таратып, қоғам мен билік арасындағы алтын көпір арқауын сәтті сабақтастырған бірден бір басылым. Сонау 1930 жылдың 7 қыркүйегінде «Жаңа жол» деген атпен жарық көрген басылымның тағдыры қилы-қилы. Жетісіне екі рет шығатын «Жаңа жол» Орда, Жәнібек, Азғыр, Жаңақала, Таловка, Жалпақтал және Шежін (Тасқала) аудандық партия комитеттерінің және кәсіпшілер одағының газеті болған-ды. Жиырма екі жылдан соң №27 нөмермен тоқтап, редакция жабылған. Бұған Орда ауданының тарап, көршілес Жәнібекке қосылуы себеп болды. Араға аттай жиырма жыл салып, редакциямыз қайта енші алып, жеке дара шыға бастайды. 1973 жылы «Жаңа жолымыз» «Орда жұлдызы» боп атын ауыстырды. Міне, сол кездерден бері «Орда жұлдызы» газеті өткеннің жарияшысы, бүгінгі күннің жылнамашысы боп халыққа қызмет етіп келеді,-дейді музей маманы.

Нұрлан Рахымжанов, аудан әкімі:

-Аудан  үнжариясы осы жылдар ішінде талай белестен өтті. Халық пен билік арасын бір табан жақындатқан  іргелі басылымның торқалы тойы қалың оқырманның да төл мерекесі деп білеміз. «Жайық Пресс» медихолдингіне  барған сапарымда біздің газеттің мән-мазмұны мен сапасы жөнінен өзгелерден көш ілгері екеніне  көз жеткізіп, қуанып келген жайым бар.  Бұл да білікті, жан-жақты, іскер  ұжымның  жұмыс нәтижесінің көрсеткіші, — дей келе сый-сыяпаты мен 400 мың теңгелік сертификатын да қоса табыстады.

Толымды тірліктерге толы  шығармашылық ұжымның бүгінгі жетістіктері бір төбе деп тілектер легін жалғастырған аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов та редакция ұжымының еңбегін орынды атап өтіп, газеттің өткенінен сыр шертті. Тілшілер қауымына деген ақжарма лебіздерін аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, аудандық сот төрағасы Гүлжиһан Сағитова, ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманбай Машотовтар да арнады. Өз кезегінде редакция басшысы Ұлпан Жакина  ниеттес, тілектес ағайынға алғысын айтып, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Табылды Сапаровтың алғысхаттарын табыс етті. Ардагер тілшілер Амантай Хамзин мен Кәримолла Ғайсин, жергілікті басылымның фотошежіресін жасақтауға үлес қосқан Исатай Лайықов та газеттің оңды істерін тілге тиек етіп, ризашылықтарын жеткізді.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар