2.11.2020, 15:07
Қараулар: 440
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА: «ЖУРНАЛИСТ БОЛУ ҮШІН ЖАНКЕШТІМ, ҚҰМ НАРЫНДА САЗ КЕШТІМ…»

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА: «ЖУРНАЛИСТ БОЛУ ҮШІН ЖАНКЕШТІМ, ҚҰМ НАРЫНДА САЗ КЕШТІМ…»

 

Тоқсан жылдық тарихы бар «Орда жұлдызының» өткенінде халқымызға талантымен танылып, өзіндік қолтаңбасымен дара танылған дарабоздар жеткілікті. Солардың бірі де бірегейі – Мира Шүйіншалиева. Әдебиетсүйер қауымға Мираны таныстырудың қажеті жоқ. «Орда жұлдызының» қатталған парақтарында балаң шығармаларымен, тырнақалды тілшілік жазбаларымен аты қалған Мира Хамзақызы бұл күндері өз соқпақ-сүрлеуі, оқырман аудиториясы қалыптасқан жазушы, білікті редактор. «Махаббат бағы», «Шүберек қуыршақ», «Жүректегі құпия», «Өкініш», «Ар азабы» атты әдеби-көркем кітаптары республикалық, облыстық баспалардан жарық көрген. Шүйіншалиеваның драмалық шығармалары облыстық, аудандық театрларда сахналанды.

Шығармалары әдебиет сүлейлерінің де жоғары бағасын алып, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты. Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Еселі еңбегі үшін ҚР Президентінің мемлекеттік  алғысхатымен, журналистика саласындағы ерен еңбегі үшін ҚР Ақпарат министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған.

Мерейтой қарсаңында Мира апамызбен сұхбат құрып, танымал жазушының аудан үнжариясына қатысты естеліктерімен бөлісіп,  редактор ретінде қазіргі қазақ басылымы: ұлт алдындағы парызы мен жауапкершілігі турасында пікір алмасқан едік.

 

 

 – Бала Мираның журналистикаға, жалпы әдебиетке деген қызығушылығы, талабының оянуына кім түрткі болды? Талапты қыздың талпынысын байқап, қаламын ұштаған кім?

 

–Алдымен, «Сәлем – сөздің атасы» деп, барша жерлестеріме, бөкейордалықтарға, аға-апаларыма, ұстаздарыма, ауылдастарыма, игі-жақсыларға алып шаһар Оралдан бір сәлем жолдап, амандасып алайын Ақ Жайықтың есен-саулығын айтып! Баршаңызды Ұлы даланың ұлылығын ұлықтап Құм-Нарының төсінде жатқан киелі ата-бабаларымның аруағы қолдасын!

Мынау ғасыр індеті, пандемия деген бір пәле елге дерт болып келгелі, ел-жұрттың ұйқысын ұрлап, көңілін мезі еткелі бағзы заманнан ата-баба дәстүрін мықтап  ұстанған  Домалақ ана,  Айша-бибі, Томирис-Тұмар ханым, Ақбике, Айғаным аналардай елімнің бүгіні мен ертеңіне елеңдейтін,  Алладан дұға тілейтін, Құдайға құлшылық қылатын кезеңге жеттім. Қаламгер ретінде ғана емес, елімнің бір перзенті  ретінде ел жағдайына, әлеуметтік тұрмысына бұрынғыдан да  жиі алаңдайтын болдым. Осындай ой жетегінде  жүргенімде «Мира апа, «Орда жұлдызыңыз» мерейлі жасқа келіп қалды» деп сұхбатқа шақырғаныңа алдымен үлкен рақметімді айтамын, Ұлпан өзіңе. Аудан жұртшылығына сол өңірдің тыныс-тірлішігінен ақпарат таратып отырған «Орда жұлдызы» ғасыр тойын жасай берсін! Жамбыл атамыздың жасына келсін!

–Әлбетте, Мира Хамзақызы, ниетіңізге рақмет! Облыс орталығынан жолдаған дұғай-дұғай сәлеміңіз оқырмандарымызға жетері анық. сұхбатымызды бастасақ.

  • Бөкей хан көшін қондырып, талай тектілер туған Құм Нарында дүниеге келсем, қалай ғана қаламгер болмайды, өзің айтшы? Әкем Хамзаның туған әкесі, көзімді ашқалы көрген атам Ілияс құмның бел ортасында өмір сүрді. Айналасы таудай боп үйілген қызыл құм, шөлейт өлке. Сөйтсе де атамның өз қолымен отырғызған тал-теректері де қурамай, жайқалып, еркелеп тұратын. Атамның үйіне жиі барамыз. Әкемнің мыңғырған малының бәрі сол құм жайлауында. Атам жаз бойы баптап өсірген қауыны мен қарбызын шетінен тіліп, жеп отырады. Әрбір тал-терекке, өсімдікке қызыл жіп байлап қояды көз тимесін деп. Кішкентайымнан терім жұқа, нәзікпін. Қит етсе мұрттай ұшам. Бірде шыжыған жазда қатты ауырдым. Рахметолла деген дәрігерге апарып, жазылмадым. Содан құмға тартып отырдық. Атам қабағын түйіп қарсы алды. «Бүгін түсімде сарайға бір өркешті қара буралар толып кетіп, қуып шықтым. Жаным жай таппап еді. Осыған көрінген екен ғой» деп мені ескі бушлагына орап, жылан қабығымен,  қалампыр шөппен ұшықтады. Қара суға түсіп терлеп, ертесіне құлан-таза айықтым. Әлгі дәрі-дәрмек жайына қалды.  Ауырсам, Ілияс атамның  ұшығымен жазылатын едім. Өте арқалы, сөзге сараң, шаруасына мұқият, емшілік қасиеті бар, құмалақ ашып болашақты болжайтын, қорадағы семіз малға пейілі түссе, тап сол бойда сұлатып түсіретін көзі жасыл түсті қария болды.  «Ата» деп арқасына асылып еркелеген жоқпын. Салқын жүзді сұсынан қорқатынмын. Ілияс атам жайлы айтсам хикаяға ұзап кетеді бұл әңгіме. Әлі есімде, Балжан апам ұзатылатын болып, қызу той қамына кірістік. Тойға екі күн қалғанда құмнан аяқтай келіп, қатыса алмайтынын айтып кетті қоштасқандай. Апамның тойы күні таңға жақын ауырмай-сырқамай, 83 жасында бақилық болды. Ал енді нағашы атам Қами Шүкірұлы өте тентек, қуақы, қабағы ашық, көп сөйлейтін,  ұста әрі  батыл, домбырашы болды. Бір тиынды балғамен ұрып қолыма сақина кигізіп қоятын. Ағаштан домбыра жасап беретін. Менің «Шүберек қуыршақ» повесім осы Қами атамның өміріне, ерте солған жалғыз гүлі, жан құрбым Райгүлдің рухына арналған. Жиырма итті ауласына асыраған, магнитафон тыңдай жүріп, соғыста көрген қорлығын айтудан жалықпайтын, өте балажан,  жүрген жері думанға толы, қолы мырза, шәуілдеп  ит үрсе  қос ауыз мылтығын ұстап сыртқа тұра жүгіретін  «әртістің» нақ өзі ед! Тайғарада  Қами нағашым,  құм ортасында Ілияс атам, ауыл шетіндегі көл жағасында әкемнің досы Садыр атаның үйі отбасымен тұрып жатты. Садыр атаның үйінде шағаладай аппақ үйрек-қаздарымыз, тауықтарымыз  көп болды. Бара қалсам қанаттарын бебеулетіп қарсы алып, тұмсықтарын көлге малып қойып, маң-маң басып шығарып салатын шіркін сол үйрек-қаздарымды, үлпілдеген балапандарымды әлі күнге сағынамын. Балалық бақытты дәуренім осы үш ата мен әжейдің жанұясына жиі барумен, әңгімелерін тыңдаумен, ішкі- сыртқы тірліктеріне тамсана қараумен өтті. Осыдан соң мен қалай сөз өнеріне ғашық болмаймын?!  Жәнібекте Қасен деген атам тұрды бір аяғын соғысқа беріп келген. Орыс әйелі болды. Бір бөлмесі  кітапқа  толы еді. Тап-таза, тып-тыныш үйдің сөрелері том-том кітаптармен көз жауын алатын.  Бейне бір кітап әлеміне еніп кеткендей бір тылсым күшті сезетінмін. Жатқан жерлері жарық болсын титтейімнен аталарымнан бойыма ұлағат жиып өстім. Кіндігімді  кескен Ұлдай әжем де «Біз біз едік. Отыз арба қыз едік. Тақтай басы жайылды. Таң атқанда жойылды» деп ұршығын иіріп қойып, жұмбақ жасыратын маған. Сосын өзі «Ай мен жұлдыз» ғой деп, шешуін айтып қоятын шыдай алмай. Тықырынған таза, мінезі аумалы-төкпелі, тұла-бойына кір жұқтырмайтын, таңғы астан кешкі шайға дейін  бес көйлек ауыстырып киетін, бетіне қаймақ жағып жылтыратып қоятын қайратты әжем 93-ке дейін өмір сүрді. Ал, анам Базарғанымның  мінезі  жібектей еді. Екі беті алмадай  аппақ, сәнді  киініп, құлағына салпылдақ сырға тағатын, әуелетіп ән салатын, іс тігетін, үй тірлігіне епті, мейірімді,  қарапайым қазақтың әйелі болды. «Тектіден – текті туады, тектінің жолын қуады» деген, адамдықтың,  адалдықтың ізгі жолымен жүрген, көпті көрген, өз  еңбектерімен нан тауып жеген, ел-жұртымен тәттісін бөлісе білген,  балалығы соғыспен өткен, одан соң талай қиындыққа төтеп берген ата-анадан тәлім-тәрбие алған  баламын. Ана уызына жарып өскен үйдегі қыздардың кішісімін. Жетінші  қыз болған соң алты апам да еркелетіп, еркін өсірді. Он баланың тоғызыншысымын. Соңымнан ерген жалғыз інім Жайнақ Ілиясов пен  келінім Нұргүл  Меңеева  сол Сайқында ел қатарлы тұрып жатыр. Әкеміздің сүйегі шыққан  шаңырақты шаттыққа бөлеп, ұстап отыр. Бұған да тәубә етемін.

Мені сөз өнеріне ғашық еткен, көркем әдебиетке баулыған – сөзге шешен, тілге көсем, әдебиетке жаны құштар, ақынжанды әкем Хамза Ілиясов. «Киелі сөзден киіз үй тіктірген – Әкем!» деп мақтанышпен айта аламын. Ел алдында тайсалмай  «Тура биде туған жоқ» деп  ойын ашық айтатын, ел-жұртына  беделді, есепке де жүйрік, жиырма жыл бойы көшпелі сауда көлігімен жүріп, халыққа сауда қызметін көрсетіп, коммунистік партияға адал қызмет еткен, он баласын тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай өсірген әкем Хамза менің болашағыма зор үмітпен, сеніммен қарады. Есімді білгеннен «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Ара», «Орда жұлдызы» тағы көптеген басылым төрімізде тас секілді текшеленіп тұратын. Шетінен алып оқимыз. Бір бетіне май тигізбей орнына қоямыз. Әкем алыс сапардан тауар тасып, шаршап-шалдығып келген бойда анам Базарғанымнан «мал-жан аман ба, бала-шаға сау ма, не жаңалық бар?» деп сұрамайды, «пошта келді ме, газет-журналдар түгел ме?» деп сұрайды. Себебі,  анамның үй тірлігіне ұқыпты екенін, іш пен сыртты дөңгелентіп, үйден сауда жасап, сиырын сауып, ақ қаймақ пен айранға бізді тойғызып қоятынын жақсы біледі. Әкемнің  мақалалары облыстық, аудандық газеттерге жиі шығатын. Мақтанышпен оқитынбыз.  «Ара» журналына сықақ өлеңдері жиі басылатын. Ауылдағы кейбір мүшкіл жандарға жетпей қалған жем-шөп,  малшы-шопандардың кедейдің кебін киген күйі, ескі қыстауда бүрісіп отырған қоңыр  тірлігі  сықақ өлеңдері «Араға» жарияланатын. Он алты жыл Бисен ауылының директоры болған Рахым аға Қарекесов әкеммен қатты санасатын. Бисенге келген сыйлы қонақтар әуелі Рахым ағаның, сосын біздің үйден дәм тататын. Рахым аға өмірден өткенмен Ақырыс апа әлі бар. Оралда тұрады. Маған телефонмен әлі күнге хабарласып: «Миражан, сенің әке-шешең жөн білетін адамдар еді ғой. Базар апам қандай сұлу еді, таза еді! Хамза ақам құс сүтінен басқаның бәрін таситын. Ол кісілер туралы жазып, өзіңе әкелемін» деп айтады үнемі.  Қолыма алғаш «Әліппе» ұстатқан, жасы сексенге келсе де жады жақсы Жібек Мұстафина ұстазымның да отбасымыз жайлы, шәкірті жайлы айтар ойы ұшан-теңіз. Тықылдап бірінші класқа барғанымнан бәлең беттік тақпақты жаттатып, бәйгеге қосқан Жібек апайымның әдебиетші болуыма  қосқан сыбағасы зор. Жерлесім Тілек Арыстанбеков аға да ауылға сапарлатып барғанымда әкемнің әзіл-оспақтарын айтып, қонақтарды ду күлдірткен. Осындай игі-жақсылар сыртымнан тілекші болып жүргенде «Әкең өлсе де, әкеңді көргендер өлмесін» деген мақалға иланамын. Бәріне амандық тілеймін.

Тілші Мираның «Орда жұлдызындағы» жұмысы қалай басталды? Алғашқы   редакторыңыз кім?

– 1985 жыл. Б.Жәнекешов атындағы орта мектеп.  Ертең тарих пәнінен ең соңғы емтихан деп ғимараттың қақ алдында тұрмыз. Кенет мектеп  ауласының сыртына зу етіп жасыл түсті, сәл биіктеу «УАЗ» көлігі тоқтай қалды.  Ішінен екі ағай түсті де ғимаратқа  қарай жүрді. Қимылдары ширақ. Мен алыстан бірден таныдым. Себебі, «Орда жұлдызынан» суреттерін көріп тұратын, өзім үнемі хат алмасып тұратын журналист Мақсот Молдағалиев пен орта бойлы  фототілші  Исатай Лайықов. Бұл екі ағайды танимын деп құрбыларыма айтқанымша, қасымызға жетіп келді де «Амансыздар ма? Мира Ілиясова деген оқушы осында ма?» деп сұрады. «Мен Мирамын» деп топ  құрбымның арасынан суырылып шықтым. «Мектеп директорына бізбен бірге жүрші. Ақылдасатын шаруа бар еді» деді  ақ сары жүзді, жұқалтаң келген,  көкшіл түсті костюмінен ақ жағалы көйлегі ерекше аппақ болып көрініп тұрған,  аяғына ұшы сүйір  ақ туфли  киген Мақсот ағай. Қонақтарды бастап ішке кірдім. Сыртта кластастарым аң-таң болып қала берді. Мінезі өте қатал, химия пәнінен сабақ беретін директордың орынбасары  Есенкелді ағай қарсы бөлмеде екен. Редакцияның қос азаматымен қолын беріп амандасты. Сөзді Мақсот Молдағалиев бастады былай деп: «Бұл, Мира Ілиясова деген шәкірттеріңізді біздер көптен  білеміз. Газетімізге мақала жазып тұрады. Өзі де «журналист болу үшін не істеу керек?» деп редакцияға жиі хат жолдайды. Ақыл-кеңес сұрайды. Егер, көңілі қаласа Мираны  жұмысқа шақырайық деп едік. ҚазГУ-ге барғысы келеді екен. Бірақ та ҚазГУ-ге түсу өте қиын. Алдымен екі жыл стаж керек. Газетке жарияланған мақалаларына қарап алдымен құжат тапсырады. Сондықтан, біздің ойымызша, Мираға бір-екі жыл тәжірибе жинақтап, редакцияда жұмыс жасағаны дұрыс деп ойлаймыз.  Бас редакторымыз  Балмолда Тоқсановтың осы сәлемдемесін жеткізе келдік. Егер келісімін берсе, алдымен корректор болады. Әр түрлі тақырыпта мақалалар жазып үйренеді. Қабілеті бар. Қазір осы мектептегі жаңалықтарды қалдырмай жазып жүр. Дегенмен, бұл әлі аз. ҚазГу-дің журналистика факультетіне түсу үшін етжеңді мақалалар керек. Әрі қарай Мираның өзі шешер. Қабырғасымен кеңесер. Бізге хабарын айтар» деді. Осы оқиғаға куәгер болып фототілші Исатай Лайықов отырды қасымызда.  Есенкелді ағай басын шұлғығаннан басқа жарытып ештеңе айтпады. Не десін?! Болашақ менікі. Алдағы өмір менікі. Жанарым ұшқын атып, екі бетім алаулап, не қуанарымды, не қуанбасымды білмей  тұрмын. Сөйтіп, сыртқа шықтық. Қос ағаймен қоштасып қала бердім. Жасыл «УАЗиктің» төрт тегершігі ыңырси қозғалып, кеңшар кеңсесіне қарай бұрылды.  Маған «кешікпей  бізге келесің ғой» деп бара жатқан секілді.  Іле-шала сүйінші сұрағандай құрбыларыма айтып үлгердім. Содан тарих пәнінен ертең емтихан алатын Айман Нәбиғалиева апайым естіп, «Екі жыл ұзақ уақыт, қарайып қаласың, Оралға  пединститутқа түс» деді. Менің редакцияға барып жұмыс істеуімді  мектеп мұғалімдері қош көрмеді. Сенімсіздік ұялады. Баяғы айтатындары: «Қыз баласың, уақыт оздырма!»  Ал менің ішкі түйсігім  «Орда жұлдызына» бар, бағыңды сынап көр, жаның жас, қайда асығасың, қайда да журналист болам деген арманың ғой» дей береді. Сөйтіп, түскі дастарқан басында редакциядан келген тілшілердің әңгімесін тәтеме жеткіздім. (Біз әкемізді осылай атағанбыз.) Аттай тулап шыға келді. Әу бастан қызының талабын біледі. Қанатымды ұштап жүрген өзі. Ауылдың клубына алыстан ақын-жазушылар келсе, өзі үйдегі кітаптарды  қолтаңба алу үшін қолыма ұстатып жетектеп алып баратын. Оның үстіне редактор Балмолда ағамен руластығы,  ағайындығы және бар. Менің жазуым туралы телефонмен сұрап тұрады. Ұйқыдан бір оянып тұрғанында, сапардан түнделетіп келгенінде  етпетімнен түсіп  жазу жазып, өлең шығарып отырғанымды көріп те жүр. Сөйте тұра, кілт өзгеріп : «Дорбаңды арқалап журналист болу қыз балаға өте қиын. Түбі тұрмысқа шығасың. Сонда пойызбен ел аралап жүрмекпісің? Ақтөбеге кітапханашы оқуына түс. Апаң Біржан секілді кітапханашы бол. Кітапқа құмарсың. Тыныш жерде отырып  жазуыңды жаз.  Ең дұрысы осы» деді.  Осы тұста айта кетейін. 1984 жылдың ақ боран соққан ақпанында аяулы анам Базарғаным Шүкірқызы ауыр науқастан қайтыс болып, әкем екінші рет үйленген болатын. Мен 10-сыныпқа көшкенде біздің үйде басқа апай болды Клара деген. Ол кісі Алматыға баруыма үзілді-кесілді қарсы шықты.  «Оралға педучилищеге түс. Қызым Ажармен бірге оқы. Қайдағы ҚазГУ?!»  деп кесіп айтты. Қапаландым. Ренжідім. Екеуінің де тілін алмай, «Орда жұлдызынан» бір-ақ шықтым. Аттестатымды алған бойда ауданға әкем жеңіл көлігімен алып барды. Редакция Орда аудандық партия комитетіне жіберді. Яғни, ауданның І хатшысынан бастап кіл бастықтар отыратын үш қабатты сары үйге жүрексінбей кірдім.  Инспекторы бар, партия комитетінің өкілдері бар, кіл ақ шашты ағайлар таңырқай  қарсы алып, «Орда жұлдызының» үстінен қарайтындарын, әр шыққан мақаланы тексеретіндерін мықтап ескертті. Саудагер тәтемді танығасын бастарын шұлғып, газетте жұмыс істеуіме келісімдерін берген сыңайлы. Әйтпесе, қарғадай қыздың қолынан жазу келеді деп үміттенбеген шығар?!  Сөйтіп, достарым қалаға бұлттай көшіп бара жатқанда, мен Сайқында тұратын ағам Тұрақ пен жеңгем Лизаның үйіне қоныс теуіп, апа-жездем Ерлан Есқараев пен Ұлжанды сағалап, редакцияда жұмыс істеуге бел будым.

Алғашқы мақала, алғашқы кейіпкер, алғашқы журналистік сапар есіңізде ме?

  • Әрине есімде. Мектептегі іс-шаралар жайында шағын мақалаларым үнемі шығатын. 9- сыныпта ең алғашқы «Бейбітшілік – барлық халық тілегі» атты өлеңім «Орда жұлдызына» жарияланды. Жалпы мені, ақын Мира етіп танытқан осы газет.

Аспанымда ақ көгершін самғасын,

Тыныштығын елдің соғыс бұзбасын.

Жасай берсін бүкіл халық тілегі.

Бейбітшілік жер бетінде орнасын!

деген өлеңім шыққан  1984 жылғы №36 санын қиып алып,  шағын альбомыма жапсырып қойыппын. Осы газетке шыққан жазбамның бәрі сақтаулы. «Сағыныш» атты шағын новеллам шыққанда ауылымның жөн білер жақсылары «жазушы боласың» деп баталарын берген. Осы сексен төрттің маусым айы. Үйге сырттан кісілер келіп, қолдарына құманмен су құйып шықтым. Аулада бәрі мені қаумалап «Мира, сен Сара Ләтиевадай жазушы боласың! Талабыңа нұр жаусын, айналайын!» деп айтты. Ордалық Сара апай Алматыда тұрады екен көптен. «Бұлбұл» деген қазақтың сыңғыр үнді Күләшіне арналған кітабы шығыпты. Көкірегі ояу ауылдастарым осыны меңзеп тұрғанын кейін кітапты сатып алғанымда  бір-ақ білдім. Көзімдегі мөлтілдеген жас сол сәтте жез легенге тамып-тамып түскені әлі есімде. Жаңа айттым ғой, анам Базарғаным осы 84-тің ақпанында ауыр науқастан о дүниелік болып, жетімдіктің жағалауында жаным жүдеп жүрген шағым еді. Газетке шыққан «Сағыныш» деген новеллам анамның аруағына арналған еді. Үйімізге Жәнібектен өгей шеше де сау етіп келе қалған сол кезде.   Әкем аяқ астынан ойынан айнып, төрт айдан соң асығып-үсігіп, бір аптаның ішінде тағдырлы шешім қабылдап, анамның орнына биік өкше, ұзын бойлы, қысқа шашты апайды әкеле салған. Қонақтар «Ақ Базаржан» деп анам жайлы жылы сөз айтқан сайын көзін алартып қатулы қабағымен қарап қояды жақтыртпай ол. «Шын жетімнен жазушы шығады» деп, американдық қаламгер Эрнест Хемингуй айтпақшы, көркем әдебиеттің көкжиегі мені осылай баурайына қол бұлғап шақырған. Сөз өнеріндегі тұңғыш рет тұсауымды «Орда жұлдызы» газеті кескен. Ақын Болат Наурызғалиев шағын новелламды оқыған бойда баспаға ұсынғанын әріптес болғаннан соң өзі айтқан.

«Орда жұлдызы» деген білдей аудандық газеттің тыныс-тіршілігіне мидай араласып кеткен Мира ол кезде небәрі он жетіде еді. «Шашыңа ақ бантик байлаған балауса қыз едің бір кезде» деген ән жолдары  есіңізде болар.  Шардай үрілген бантиктер ұзын бұрымымнан шешілді. Жыландай ғып желке тұсынан бір өріп алып, жолға шыққам сапарлатып. Бас редакторым мөр соғылған қағаз берді жапырақтай. Алғашқы командировка өзімнің ауылыма. Араға екі аптадай уақыт салып, құйттай Мира кеше партада отырған енді бұйрық  жүзінде корректор, былайынша жас тілшінің жүгімен Бисенге келіп тұр. Әуелі кеңсеге бардым. Директор демейін, бер жағындағы парткомға кіріп шықтым. Ауыл шетіндегі егіс алқабына алып барды. Қырман басында  жұмыс қызған, көз таныс апайлар  жүр беттерін орамалмен бүркеп алып. Айнала көк шаң. Гүрілдеген трактор мен комбайнның даусынан түк естілмейді. Қысқа-нұсқа репортаж жазғаным есімде. Сосын 1984 жылы ауданның чемпион құрлысшысы атанған Қанымай Әбілкәкімова туралы «Жұлдызың жарқырай берсін!» деген мақалам шықты. Туған ауылымның №3, 4 фермасынан бастап Орда, Сайқын, Мұратсай бүкіл ауыл-аймақтың ардагерін, диқаншысын, шопанын, мұғалімін, әншісін, күйшісін қалдырмай жазыппын. Осы сұқбаттың арқасында өткен тарихқа мойнымды бұрып, ескірмейтін ескі жылдарды есіме түсірдім.

Айтпақшы, алғашқы іс-сапардан оралғанда Балмолда аға басын шұлғып мақалаларыма ризалықпен ишарат танытты. Партада отырып жазғанмен, редакцияның бел ортасында жүріп мақала жазу жер мен көктей екен! Аюдың баласындай қомпиған көңіл су сепкендей басылды, о бастан. Ойыңды ғаріп танитын бес жасар бала қағып алатындай, тоқсандағы қария қиналмай оқитындай мақала туу керек. Редактордың талабы осы! Дөңгелек сандарға да тіл біту керек. Қинала жүріп үйрендім. Төселе түстім. Ешкім ішінен біліп тумайды. Жүректегі – мақсат-мұрат алға жетелей берді…

Журналистік өміріңіздің бастауы болған қара шаңырақтағы қызықты оқиғалардан айтсаңыз.

– Қызықты оқиғалар дейсің бе? «Менің атым Қожаның» киносындай мінезінен бұзықтық та, қыңырлық та табылатын, он жыл мектеп қабырғасынан басқа ұжымды көрмеген, еңбек өтілі екі-үш ай ғана Мира қыздан қызықты оқиғалар қалмағанда, кімнен қалады деп ойлайсыз?! Арада үш айдай уақыт өткенде болған сол бір оқиғадан  өміріме үлкен сабақ алдым, тез есейдім. Есесіне, «ондай да болуы мүмкін» деп, болашағыма сақтықпен, табандылықпен мұқият қарауға үйрендім. Қазір шүкір, осындай дәрежеге жеткізген өмірімнің өткен шақтарына  еш өкінішсіз, өкпесіз  күлімсіреп  қараймын.

Қазанның қара күзі еді қарашаға ауып бара жатқан. Кіребірістегі дәу темір есігі  абақтының есігіндей тарс-тұрс соғылатын ұзын, төбесі тым биік ғимараттың ортасы екіге қақ бөлінген. Сырттан келе жатқандағы бірінші дәлізде кіл-темір терсектер, техника  жөндеуші  Юра Кандилидидің  құрал-жабдықтарына толы. Бұл дәліздің оң жақ қапталында үлкен баспахана. Оның іші толған  алып техникалар. Одан кейінгі есікте машинисткалар отырады. Мұнда қолымен жазылған, редактордың түзетуінен шыққан тілшілердің мақаласы машинкаға басылады. Ол сосын қайтадан қауырсын әріптер болып теріліп, газетке айналады. Бұл есікті ашып қалсаң, терезені түрткілеген сауысқандай  тық-тық еткен шудан миың ашиды. Сосын екінші ғимаратта төрт есік бар. Төрден бері қарай бас редактор Балмолда Тоқсанов, редактордың орынбасары Болат Наурызғалиев пен бас бухгалтер Гүлбану Омарғалиева жайғасқан бөлме. Үшіншісі ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі  Мақсот Молдағалиев. Шеткі есіктің шекесінде шатыспасам, өндіріс пен құрылыс бөлімінің меңгерушісі Каримолла Ғайсин, тілші  Бауыржан Бисенов деген жазу бар. Менің редакциядағы көршілерім осы екі ағай. О бастан осы бөлмедегі екі суырмалы, қоңыр түсінің өңі кете бастаған шағын үстел мен кішкентай орындық еншіме тиген. Редакторым жұмыс істейтін бөлмеге осы табалдырықтан ішке аттаған күні алып барған.  «Қыздың бетін кім ашса сол ыстық қой», өзімнен жастары да, жолдары да үлкен ағайларға етім үйреніп келе жатқам. Әрине, білгенінен білмейтіні көп, талпынысы мол  баламын. Арасында «шайқастар» болып тұрады.

Түскі асымды ішіп редакцияма қайтып келдім. Бөлмемнің есігін аштым. Каримолла Ғайсин мен Бауыржан Бисенов бір-бірімен  шүйіркелесіп отыр. Маған мойындарын бұрып та қарамайды. Ылғи да ауызекі бір сөз болса да айтушы еді. Кіріп келгенде көргенім, менің жұмыс үстелім ұшты-күйлі  жоқ! Сәл кідіріп, үстелімді іздедім.  К.Ғайсин жұмған аузын ашпады. Басын төмен салбыратып отыра берді. Б. Бисенов  қабағың шытып сөз бастады былай деп: – Бүгіннен бастап біздің қасымызға отырмайсың!

  • Неге?- дедім түкке түсінбей.
  • Біз Қаз Гу-дің жоғары курсында оқитын, тіпті Қаз ГУ-ді бітіргелі жүрген журналистерміз. Ал сен әлі баласың! Мектепті кеше тәмамдап келіп… Біздің қасымызға отыру саған әлі ерте. Біз редакторға ескерттік. Бұдан былай сенімен отырғымыз келмейді!
  • Бітірсеңдер қайтейін ҚазГУ-ді! Мен барамын жазда. Мен де түсемін оқуға!

Ызаға булығып «қан майданға» қойып кеттім. Мақаламның жиі-жиі шығып жатқанын, оқырманға танылып қалғанымды, жұмсаған жерге барып, тапсырманы орындап жүрегінімді айтып ақталдым кеп… Бұл оқиғаның нүктесін Б. Бисенов қойды!

  • Жап-жас болып сөзге – сөз қайтарасың! Үлкендерді сыйламайсың!  Айттық бітті, қасымызға отырмайсың! Сенің әкең, шешеңнің жылын күтпестен,  өлген бойда қатын алған! Өзі партияның адамы! Талайды жеген сатушы! Өгей шешеңнің кім екенін біз жақсы білеміз!

Әр жағын айтпай-ақ қояйын. Бетім дулығып, тілім тұтығып бөлмеден атып шықтым. Қалшылдап бастыққа бардым. Кабинетінде отыр екен. Бұл  дау-дамайдан хабардар білем. Жаңа ғана редактормен келіскендерін есіттім ғой. Бетіме бақырайып бір қарады да «қалаған бөлмеңе отыр, жұмысыңды жаса, газетті мұқият оқы!» деді басшым. Тұнжырап шығып кеттім. Кейбір әріптестерімнің «өрімдей  қызға сенім артып, әкесінің беделімен  аукомнан да рұқсат алып»  деген жел сөздері құлағыма жеткен ілкіде. Менің тарапымнан бастыққа да жақсы сөз келмегені ішім сезе қойды.  Төбесі аспанмен таласқан ғимарат ішін  бақырып-шақырып, ботадай боздап, көшіріп жіберуге намысым жібермей, қыстығып қана жылап тұрғам. Әдеттегідей аппақ плащының тиектерін ағыта  жүріп  ұзын дәліздің қақ  ортасымен келе жатқан Болат Наурызғалиев маған қарай кілт  бұрылды.  Үлкен қой көздері жабырқаулы жанымды айтпай-ақ түсінгендей:

  • Неғып тұрсың? Не болды? Кім ренжітті? – деді.
  • Бауыржан Бисенов пен Каримолла Ғайсин ағай.
  • Олар не дейді? Бұл жолы тағы не боп қалды. Бұл әріптестерімнің мені жақтырмай арасында күңкілдеп жүретінін біледі ғой.
  • Үстелімді шығарып тастады! Міне, тұр!– дедім.
  • Ештеңе етпес. Жұмыстан шығып қалмасаң болғаны! Қалғанының бәріне шыда! Көңіліңе ала берме! Ұжым болғасын ұсақ-түйек реніштер болып тұрады. Қане, жүр.

Иығымнан демеп бөлмесіне алып барды. Мән-жайды дұрыстап сұрады.

  • Біздің қасымызға көшіп ал. Бухгалтер екеуміздің ортамызға отыр.  Көңіл сыйса, бәрі сыяды, – деді жұбатып. Басымды шайқадым. Есеп шотын соққылап, ұжымның кіріс-шығысын есептеп бухгалтердің өзі редактор орынбасарының жанында отырғанда қайдан қыстырылайын?!  Рақметімді айтып шығып кеттім.

Даладай кең ғимараттың ішінен бір қуыс табылар-ау?! Жаныма батып бара жатқаны – отбасыма қатысты сөз ғана. Егер әкем мыжырайған жаман шал болса пенсиясына күні қарап қалған, мұндай ғайбат сөзді ешкімнен естімес ем. Қолында дүниесі, астында бірнеше темір тұлпары болмаса, төрт ай түгіл, төрт жыл өтсе де екінші рет үйленбес еді. Ақшаның буы мен байлықтың да ақылдыны адастырып, шайтан құсап еліктіретін кездері болады. «Сөз сүйектен өтеді» деген осы! Баяғы анамды сағынып, орны ойсырап жүрегімде тұрғаны қабырғама аяздай батып барады… Анам тірі болса, Алматыға кетер ме едім, ҚазГУ-ге түсер ме едім ешкімнің сөзін тыңдамай. Қоңыр үстелді жанарымен аққан жас жуып әлі тұрмын дел-сал болып. Арада бір сағаттай уақыт өтті. Бөлмелерден  ешкім шықпайды. Ешкім қасыма келіп хал сұраспайды. Әншейінде даусы редакцияны басына көтеріп келіп-кететін  жанашыр Жұпарым да көрінбейді. Баспахананың ішінде әркім өз жұмысын жасап, әріптерін теруде, беттерін құруда. Сөйтіп әрі-сәрі күй кешіп тұрғанымда үшінші есік шалқасынан ашылды және қаттырақ ашылды! Іштен Мақсот аға атып шықты. Әділетсіздікке ақын жаны шыдай алмады білем!

  • Мира кел бері!– деді қатқыл үнмен. Кір ішке! Менің қасымда орын жетеді.  Бүгіннен бастап осы бөлмеде отырасың.
  • Бұл ауылшаруашылығы бөлімі ғой.
  • Сен қазірден бастап осы бөлімге ауыстым деп есепте. Көріп тұрсың ғой, мына үстелдің бос тұрғанын. Қағаздарыңды алып осында отыр, газетіңді оқы.
  • Жоқ, өз үстелім жақсы. Қақ төрге қалай отырамын?!
  • Оқасы жоқ. Қыз бала төр жақта отыруы керек.

Он жыл мектеп партасынан кейін көрген үстелімді мұздай дәлізге қайтып тастап кетейін?! Лезде үстелім де келе қалды. Сөйтіп, атақты ақын, тамаша журналист, беделді азамат Мақсот Молдағалиевтің көрші қарындасы болып шыға келдім. Жұпарға мұң шаққанымнан басқа, не ауылдағы әкеме, не апа-жездеме, аға-жеңгеме жақ ашпадым. Бүйдеді, сөйдеді, коммунистік партия мүшесіне тіл тигізді, тағдырын, жеке өмірін талқыға  салды, табалады  деп  қақ іргеде тұрған әкімдердің үйіне арызданып бармадым.  Барсам, шара қолданар ма еді жас маманды кеудесінен итердің деп. Мәскеу мен Кавказдан бері қарай тауардың түр-түрін автолавкамен тиеп келгенде  талай дөкей ауламызға палатканы төсеп  тастап, көз қызыққан дүниесін алып кететін. Апамның бал татыған бидай мен құмаршығын қаймаққа былғап талай мықты ұртына тығатын. Сол сәттен бастап, Ұлы Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар. Қайратың мен ақылың екі жақтап» деген өлеңін санама тоқи бердім. Бір ғана мақсат-мұратым  Қаз ГУ-ге түсу болды. Журналист болып, өзімді дәлелдеу болды.

Осы тұста әңгімеміз сәл саябырсып, көңіл де бұзылды.

  • Мира апай, жәутең көз, жетім жүрекке бұл ауыр тимегені анық қой. Әңгімемізді жақсы нотамен жалғастырсақ.
  • Иә, бұл оқиға сол жетім көңіл жүрген кезімде болғансын да ұмытлмастай болған шығар. Ұжым тұрмақ, бір әке мен бір шешеден шыққан балада кекісіп-шексіп жатпай ма? Сол секілді бірде тату, бірде араз бола жүріп, маңдай термен газет шығардық. «Жүкті жұмыла көтердік». Бұл оқиғаны сенсация тудырайын деп еріккеннен  ермек іздеп, өткенді қазып, беттерін тырнайын деп айтып отырған жоқпын. Сол кезде Кәримола ағайдың журфакқа таяуда сырттай түскенін, Бауыржанның Қаз Гу-ге енді барғалы жүргенін білемін. Не істейсің, ақыл-дос, ашу-дұшпан деген. Ең бастысы – адам болу үшін, журналист болу үшін осындай қиындықтарды бастан кешкенімді, аудандық «Орда жұлдызы» газетінен бастау алған өмірлік нанымның оңайлықпен келмегенін, басымнан қилы-қилы тағдырды кешіргенімді айтып отырмын өзіңіз сұраған соң.  Біреулер ойлайтын болар, үлде мен бүлдеге оранған Мира жеңілдің астымен, ауырдың үстімен аққудай қалықтап барады деп. Қателеседі! Қателесесіз! Айтпағым, сарыла аңсаған-армандаған КазГУ-ге жол түспеді. Алматы мені бауырына баспады. Бірақ та, журфакты бітірмесем де, Орал пединститутынан жоғары білім алдым. Бес жыл бойы күндізгі бөлімнің студенті атанып, қазақ әдебиеті бөлімінің  Қажым Жұмалиев атындағы «Шынар» әдеби бірлестігін басқардым. Ұстазым,  профессор Шарасабасов осы бірлестікке жетекші болып, Алатаудан ұшып келген Ф.Оңғарсынова, З.Серікқалиев, Ұ.Есдәулеттердің алдына шығарып, облыс сахналарында өлең оқытты. Айтпағым, жүрегінде оты мен көзінде ұшқыны бар адам ешуақытта өшпейді екен! Сәулесі сөнбейді екен! Аяқтан шалып, балақтан кім тартса да құлата алмайды екен! «Құдайдың көзі түзу болсын» деген мақалдың тура мағынасы осында жатыр. Осы тұста,  «Сайхында жить можно» деген бір ғана мақаласымен елді шулатқан талантты журналист әрі тамаша ақын Б. Наурызғалиев пен 33 жыл ғана өмір сүрсе де мендей жас толқынға жол көрсеткен, адал еңбекке баулыған, келешегіме зор үмітпен, сеніммен қараған М.Молдағалиев ағалаларыма басымды иемін. Жатқан жерлері жарық болғай. Осы екі ағамның қиын-қыстау шақтағы қамқорлығын ұмытқан жоқпын.  Осы ағаларымды, редакторым Б.Тоқсановты, ұстаздарым М.Тілеужанов пен С.Шарабасовты есіме аламын. Аруақтарына тағзым етемін.   Менің өмір жолымда, шарықтау шегімде осындай жақсы жандардың кездесуі тектен-тек емес шығар. «Орда жұлдызы» қабырғасында жазған  мақалаларым кейін маған көп көмектесті. Орал пединститутына оқуға түсуіме, филология факультетінің деканы болған М.Тілеужановтың көзіне бірден түсуіме септігін тигізді.

«Пышақ қанша өткір болғанмен өз сабын жона алмайды» деген халқымызда тәуір мақал бар. Мен үшін «Орда жұлдызы» әлі де ыстық. «Үстелдің оқиғасына» бола ұжымым мені жек көрмеді. Керісінше, білмегенімді үйретіп, қанаттандырды. Сол уақытта Балмолда аға неге араша түспеді, Бисеновке неге ұрыспады деп ренжімеймін. Мені қайрағаңдары үшін, бірде жылы,  бірде қатты айтқандары үшін ризашылығымды білдіремін бала күнімдегі әріптестеріме.

  • Мақсот Молдағалиев туралы айтып қалдыңыз. Жастай кеткен жақсы әріптесіңіз туралы тағы не айтасыз?
  • Мақсот ағамның қасына отырған соң тура мағынасында көзім ашылды. Бірде қысты күні редакцияның көлігімен рөлде фотограф Исатай Лайықов, Мақсот Молдағалиев үшеуміз «Орда» кеңшарына іссапармен бардық. Кеңшардың байырғы малшысы, ширек ғасыр коммунист Дүйсен Сағынғалиевтің «Ескендір» пунктіне ат басын бұрдық. Дүйсекеңнің көршісі, Еңбек Қызыл Ту орденді малшы Әліпқали Ахметовпен де тілдесіп, материал жинадық. Жарғақ құлағы жастыққа тимей қысы-жазы енесінен айырылған бұзауларды бағатын, екі жүзден астам өгіздің бабын табатын Дүйсен Сағынғалиевтің еңбегі мені қатты таңқалдырды. Малшы-шопандардың ауылын әкемнің автолавкасымен бірге аралап өскен бала едім. Алғаш рет қолыма қағаз, қалам ұстап малшылармен сырласқан сол сәт ерекше есте қалды.  Қоржынымыз ақпаратқа толып келген соң «Құм қойнауындағы ауылда» деген мақаламыз газетке шықты.  «М. Ілиясова, М. Молдағалиев. Суретке түсірген И. Лайықов» деп жазылған  тап осы мақала архивімде сақтаулы тұр. Сол секілді  атақты шопан Сақу Әдешов пен зайыбы Жаңылсынның қой өсірудегі шеберлігі жайлы «Қыран қия» деген мақала да жаңағыдай қос автордың атынан жарық көрді. Іссапардан оралған соң көрген-білгенімді қағазға түсірем.  Мақсот аға өзінің мақаласына керегін таңдап алады. Ол кісі ешуақытта жасытып, мысымды басқан емес. Керісінше, алға жетелеп бағыт-бағдар беруден жалықпады.  Журналистік тәжірибесімен бөлісті. Әттең, өмірі ұзағырақ болғанда ғой, «Орда жұлдызынан» әлі талай қарлығашты  баптап ұшыратын еді…
  • Тағы қандай қызықтар  есіңізде қалды. Басқа да әріптестеріңіз туралы айта отырсаңыз. 
  • Ауданның радио тілшісі Жұпар Жұмақаевамен алғашқы күннен дос болдым. Кейін қатарымызға аудан мектебін қызыл аттестатқа бітірген бойда Қаз ГУ-ге сырттай  оқуға түскен Гүлбаршын Сұлтанова келіп қосылды. Баспаханада жұмыс істеді әріп теруші болып. Үшеуміз бір  үйдің қызындай сыйластық.  Гүлбаршын екеуміз жандай құрдаспыз. Жұпар ол кезде жасы жиырма бестен енді асқан, Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы Мәдениет институтын бітірген маман болатын. Редакцияға аптасына екі рет хабар дайындар кезде келіп-кететін,  материал жинаумен уақыты өтетін Жұпарды сағынып, елегізіп, терезеге қарайлап жүретінмін. Манағыдай көңілге қаяу, жүрекке сызат түскен сәттерде мұңымды жалғыз Жұпар ғана еститін, түсінетін, апалық ақылын айтатын. Жұпар мен Гүлбаршынның жанұясы, мамалары мені  бауырына басты, бар тәттісін аузыма тосты.  Жұпардың жүріс-тұрысы, киім-киісі, сөйлеу мәдениеті  ерекше-тұғын. 7-мамыр Радио күнінің  құрметіне «Сайқыннан сөйлеп тұрмыз» деген әдемі дауыс көшені жаңғыртып жіберді» деп, диалогтан құралған әсерлі  мақала жаздым  Жұпар жайлы. Ол редакцияға келсе, төрт қабырға түгел жаңғырып, сыңғырлап қоя береді. Ашық-жарқын, мінезі батыл қызға алдымен «Бір ауылда бір тентек» замандасы Бауыржан тиіседі. Ұзын бойлы, арықтау жігіт ағасының тілі ол кезде өзінен де  ұзын. Отыздағы қызулы жігіт «Кәрі қыз, қашан той жейміз» дейді Жұпардың  қытығына тиіп. Мұндайда радио тілшісі де сөзді оқтай жаудыра жөнеледі. Нағыз жеңіліп бара жатса, биік өкше туфлиін шешіп алып, ұрып қалудан тайсалмайды. Екеуінің айтыс-тартысы «шағын соғысқа» ұласады. Редакцияға келгеннен бері көргенім  екеуінің  «текетіресі». Үстелімнің де сыртқа шығып кетуіне осы «айтыс та» себепші болған сыңайлы. «Екі ортада шыбын өледі» деп шыдай алмай жаны темірден емес, жұпар иісі аңқыған гүлден жаралған әріптесімді әрі әпкемді жақтаймын. Тентек Жұмақаева мен ұрыншақ Бисеновтің ойын-шыны аралас  қақтығысына үлкендердің құлағы үйренген,  күліп жүре береді. Байқаймын,  Жұпар мен Бауыржан болмаса  стадиондай редакцияның іші қаңырап, күңіреніп тұратын тәрізді. Өйткені, ертеңгі тоғыздан газет басылып шыққанға дейін қарбалас тірлік. Ішіміз пысқан емес. Қыздар болып шәй ішпейміз де жайланып.  Қазіргі газет шығару мен ол кездегі газет шығару – адам айтса нанғысыз!  Бұлттай түнерген аупарткомнің талабын айтсаңшы?! Газеттің әр нөмерін шұқшия оқып, әр сөз, әр әріпті  лупамен оқитын белсенді комсомолдар толып отыр.  Қара май құйылған шелектерге толы  баспаханадан  қия аттау деген жоқ. Үндемей жүріп, бас редактор бәрінен қатал!  Осы баспаханада ірі денелі, мінезі жұмсақ Талшын Айтқалиева, әдеміше келген бет құрушы қыз Талшын, дырылдаған дәу жасыл  машинаның түбінде белін жазбастан  отыратын өте еңбекқор, қара торының көркемі,  қорғасын әріптерді кесек-кесегімен жазып шығарғанда қимылына көз ілеспейтін  Сағира Құспанғалиева жадымда қатты жатталыпты. Сағира туралы да жазған мақалам болушы еді, таппай қойдым.  Бет құрушы Ақзия Меңдалиева өз ісінің шебері еді. Ол туралы «Орда жұлдызының» 1986 жылғы  5 мамыр  №53(3954) санына  «Ол қалаған мамандық» деген жып-жылы мақала жазыппын. Есік пен төрдей жерді алып тұратын  «Н-14», «Н-140» маркалы газет шығаратын үш алып машинаның әрбір темір-терсегін бес саусағындай білетін шебер, сөзбен ісі жоқ, қабағы ашық азамат Юра Кандилиди туралы да «Бесаспап» деген мақалам жарияланыпты. Ұлты грек бола тұра, қазақ редакциясында ұжыммен тату-тәтті жұмыс істеген, түнде машина істен шықса, ұйқысын бұзып жетіп келетін Юра  Кандилидің және жан-жары Татьянаның мейірімге толы көздері, тай құлындай тебісіп бірге өскен сүйкімді екі қызы керемет еді! Ағалық-апалық ақылын айтатын Юра мен Татьяна да жылы жүзді әріптесіме айналды.  Каримолла ағайдың үйіндегі Талшын апай екеуі алма-кезек екі аяқтың күшімен беттерді басып, газетке жан бітіретін. Отбасымен күйшілік өнерді дәріптеген, ұжымдық отырыстарда домбырадан күй төгілтетін Асылғаным Сертекова аға корректор болды. Сауатты апайым  емге қабақ шытпай, беттерді қатесіз оқуға  үйретті.   Бұрынғы бас редактор Хамит Сүлейменовті көбірек еске алатын орта бойлы, бидай өңді Райхан Меңғалиева деген хатшы апай да жақсының бірі еді. Шатыспасам, есімі Сүлеймен болу керек, үстіне қара халатты киіп алып топ-томпақ қолдарын қара май толы шелекке малудан шаршамайтын жалпақ бет сары жігіт баспахана машиналарын жиі жуатын. Ол да адал еңбекпен нан тапқанына  риза-тұғын.

Бір күні мынандай қызық оқиға болды. Пәлен сүзгіден өткен ішкі беттің біреуін темір подносқа салып, Ақзия апай құрып қойды өндіріске дайындап. Жан-жағын жіппен байлап, ертесіне шығатын кезекті газетті подносымен көтеріп қақ ортадағы дәу машинаның шетіне жақындата бергенде әріптестерімнің біреуі қолынан сылқ еткізіп түсіріп алды.  Газеттің тура көлеміндей төртбұрышты поднос ауыр болатын білек талдыратындай. Сонымен, бензин толы шелекке саусақты аямай малып, әлгі беттегі әріптерді қайтадан құрастырдық.  Кешкі жетіден  соң көбісі  үйлеріне кетіп қалған-ды. Сағираны шақыруға тура келді.  Түнімен газет материалдары қайтадан терілді. Қайтадан оқылды. Өйткені, бір шеті құжынаған жазуға толы шашыраған әріптерді, сөздерді қайта құрастырып, газеттің макетін жасау мүмкін емес-ті. Сағат таңғы сегіз болды. Күнде жетіден қалмай аупарткомға барып тұратын газет жоқ. Баспахананың есігін бір иығымен селқостау ашқан  бас редактордың сұлбасы көрінді. Өңі  түтігіп тұр.  Біздің де оңып тұрғанымыз шамалы. Қара май жағылған бетіміз ісіп, ұйықтамағаннан көзіміз кіртиіп  кеткен. Мұндай оқиғалар кейде жарық өшкен сәттерде, техника сынғанда  қайталанатын.

–  Редакцияның  «ас-үйінде» жүріп, біраз қиындықтарды басыңыздан кешкен екенсіз, апай. Еңбек жолыңыздың алғашқы  жылдарынан түйген өмірлік қағидаңыз  қандай?

Сұрағыңыз мені шырмап алды сыганның бал ашатын қызындай сиқырлап… Айтпаймын дегенді айтып қойдым. Жүрегімдегі көп сырды жайып салдым. Ең өкініштісі, біз,  жарық жұлдыздай жарқ ете қалған Мақсот ағадан  тым ерте айырылдық! Сауалыңа орай, өткен шаққа сәл шегініс жасауға тура кеп тұр. 1986 жылдың жазында Алматыға жиналдым. Тәуекелге бел байлап ҚазГУ-ге түсу баяғы ой… Бұл жылы күзде  Мақсот аға ғана журфакқа жолы түсті. ҚазГУ-дің журналистика факультетінің сырттай  бөліміне оқуға түсіп, студент атанған ағамыздың асқақ армандары тым көп еді. Маған ылғи алдағы жоспарларын айтушы еді. Журфакқа барарда  өте көп жазды мақаланы. Тыным таппады. Кейде көзінің асты бүлкілдеп, ісіп  тұратын. Мысқылдап енген дертке мән бермепті.  Ағай ҚазГУ-ге түсіп келгенде редакция ұжымы бөркімізді аспанға лақтырып, қатты қуандық. Себебі, Болат аға осы университетті бітірсе, Кәримолла аға оқып жүр. Мақсот аға қатарларына қосылды. Бұл ізді бізде жалғастырмақпыз.  Алайда,  өрекпіген қуаныш ұзаққа бармады. Қателеспесем, 1987 жылдың көктеміне қарай сұм ажал талантты, білімді азамат Мақсот Молдағалиевті арамыздан алып кетті. Сөйтіп, қарымды қаламгерді жылап-сықтап қайтпас сапарға шығарып салдық. Шиеттей балаларымен жап-жас келіншегі  еңіреп қала берді. Енді даңғарадай редакцияда бұрынғыдай айтыс-тартыс, әзіл-қалжың сап тыйылды. Ғимарат ішін мұң басты. Қыршынынан қиылған ақынды бүкіл ауыл-аймақ, газет оқырмандары,  Сайқын жұртшылығы да ұзақ жоқтады. Аяулы аға бүгінде тірі болса, қазақ әдебиетіндегі көрнекті ақындардың біріне айналар еді. Амал нешік?!

Өмір жалғасты. Уақыт өте Мақсот Молдағалиевтің орнына Бауыржан жайғасып,  бөлім тізгінін ұстады. Екеумізге  қайтадан  бір бөлменің ауасын жұтып, есігінен кіріп-шығу тағдыры бұйырды. 1987-нің жазына тәмам Б.Тоқсанов зейнеткерлікке шығып, орнына бұйра шашты Уәли Ғаббасов келді. Бұл кісінің қарамағында көп болмадым. Жаз шыға оқуға кеттім. Ұққаным – адам өмірі өлшеулі екен. Қу тірліктің қамымен жүріп, адам өлім барын ұмытып кететіндей. Жақының өлгенде Ажалдың сұп-суық боп дәл қасымызда жүргенін сезеді екенбіз. Бес күндік тірлікті ит тірлікпен емес, мағынамен өткізу керек екен. Соны ұқтым.

Талай редактормен жұмыстас болдыңыз, кімнен қандай сабақ алдыңыз?

–«Орда жұлдызы» газетіндегі алғашқы бас редакторым, ұстазым Балмолда Тоқсановтың  орны бөлек, әрине. Иіні жұмсақ көрінгенмен дені ұстаз ғой. Жұмыста шикілік болса көзінің қиығымен ашулана қарайтын кім-кімге де. Орыс тіліне жетік, өте сауатты басшы болды. Ағай беріректе заманның ағымымен Оралға қоныс аударды. Қолы қалт еткенде «Жайық үні» газетіне мақала жазды. Телефонмен де хабарласып жағдайымды сұрайтын.  Кімнің бізге қалай туыс екенін, арғы аталарымның кім болғанын  әкем Хамза Ілиясовтан көзі тірісінде сұрап үлгермеп едім. Оралға келген соң Балмолда ағадан сұрап, жазып алдым.

Байыпты мінезімен адам болуға итермелеген Балмолда ағамыздың жатқан  жері жарық, топырағы мамық болғай. Осы кісінің арқасында «Орда жұлдызы» талай соқпақтардан аман қалды. Маған «Балмолда бастығың  саған жақтасқан жоқ, көбіне үндемей құтылатын» деп айтқандар талай болған. Қазір ойлап қарасам, алғашқы ұямдағы «алғашқы соққы» түк емес екен. Журналист болу жолында басымды тауға да, тасқа да ұрдым. Арамызда бір сөзге бола жаға ұстаса кететін қызуқанды ағайларда болды. Жазып болып, тартпаға салып кеткен мақаламда жоғалды із-түссіз. Орысша айтқанда талай интриганы да көрдім. Әлі сол «Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойманың» ортасындамын. Мақаламды жыртып-жыртып, үстелінің астындағы қоқыс шелекке зытырып, үстіне «қық» еткізіп бір түкірген редакторды да көрдім.  «Өлең құрғыр өсекшіл жұртқа жаяр» демекші Абай атам, көркем әдебиеттегідей детальға, штрихқа, композицияға татырлықтай сюжетті  оқиғаның «жабулы жатқан қақпағын» аштым. Әзірге осымен доғарайын. Айта берсем, газеттегі оқиғаларым том-топ  романдарға татиды.

Институтты ойдағыдай тәмамдап, сол кезде жаңадан ашылған қалалық «Жайық үні» газетінде тілші болдым. Мұндағы редакторым Ағырыс Есенәлиева. Он бір жылдай еңбек етіп, Мира Шүйіншәлиева болып қанаттанып шыққан, оқырманға кеңірек танытқан ата газетім «Орал өңірі». 1997 жылы облыстық  газетке жұмысқа қабылдап, тілшілік қызметке алған бас редакторым – мінезі бірде жұмсақ, бірде ыссы, қазір арыз жаздыртып, бұйрық шығартып, жарты сағатқа  жетпей кешірім беретін жаны жайсаң  Мәжит Қайырғалиев. Ақын әрі  суретші, облыстық «Орал өңірі» газетін ұршықтай үйіріп 16 жыл басқарған Мәжақаң да өсіп-өркендеуіме ықпал етті.  Рас, талап қойды, қайрады,  үйретті, сенім артты. Мәжит ағаның кек сақтамайтын кісілік қасиетін бойыма сіңіруге тырыстым. Сіңіріп те келемін. Жүз жылдық тарихы бар  газет қабырғасынан өсіп шыққаныма, өзімді ақыры дәлелдеп, редакторлар санатына қосылғаныма тәубә етемін. Белгілі  қаламгерлер  Ғ.Сейтақ, Б.Ғұбайдуллин, Ж.Ағыбаевтар да редакторым болды.  Әсіресе, Жанахмет Ағыбаевтың дөңгелек сандарды сөйлетуге келгенде алдына жан салмайтын  қабілеті, экономика тақырыбын жазудағы шеберлігі қатты ұнады. Тілшілерді мекемеге жұмсағанда алдымен есеп-қисап жағына мән беруімізді талап ететін.  Бюждеттен бөлінген қаржы – қаражатты  түп тамырына дейін қазбалап, газет тілімен анық сөйлететін бірде-бір редакторды осы жасыма дейін кездестірмеппін.

  • Қазіргі журналистика бүгінгі қоғамның барометрі боп отыр ма? Журналист әмбебап болу керек пе, әлде бір саланы жетік меңгерген салалық журналист болу керек пе? Мысалы, экономика, банк жүйесін меңгерген дегендей.
  • Әрине. Қоғам мен биліктің арасындағы алтын көпірге айналған кәсіби журналистика өз деңгейін жоғалтқан жоқ. Тек, әлеуметтік желілер арқылы жұмыс істейтін, өзінше хабар тарататын агенттіктер, сайттар саңырауқұлақтай самсап кетті. Екінің бірі  кәсіби журналистің нәпақасына таласып, балағынан тартып блогер болуда.  Өрімдей  қыз-жігіттер жиналысқа барсаң бой бермейді. Ылым-сылым киініп алып, шаштарын жайып жіберіп залдың ішін әрлі-берлі кезіп жүреді. Қайда жаңалық жасап жатыр, қай БАҚ-тың шашбауын көтеріп жүр, түсінсең бұйырмасын. Жиналыстарда басшылардың алдын кес-кестеп,  фотоаппараттарын жылтылдатып жиырма шақтысы тұрып алғанда, кімнің не айтып, не қойғанын естімейсің.  Облыстық баспасөз хатшылығы меніңше осы мәселеге жіті көңіл бөліп, қаптап кеткен блогерлер мен агенттік тілшілерін реттеу керек секілді. Бұрын тілші таппайтынбыз. Ал қазір екінің бірі шала тілші, піспеген журналист. Бір ғана менің журналист болу үшін естідіңіз ғой, тұлымшағым желбіреген шағымнан  қандай өткелдерден өткенімді. Бүгінгі тілшілерге көп оқып-тоқудың қажеті жоқ. Шетінен тілші, жазғыш, сынағыш, көргіш, жоқ жерден пышақ ұрғыш. Өзекті  мәселелерге араласпасын демеймін. Демократиялық қоғамда ашық пікір талас болсын. Дегенмен, жөн-жосықсыз  фейзбук пен инстаграмдағы парақшаларына іштегі қыжылдарын,  өкпе-реніштерін  үйіп-төге салатындар, біреу әу десе соған ілесе шауып, өш алатындар, жөнсіз даттайтындар көбейді. Өз басымыздағы отты емес, біреудің төбесіндегі шоқты көргіш болып кеттік.  Біреулер үшін фейсбук, басқа да әлеуметтік  желілер  папасы мен мамасы секілді басын шұлғып тыңдай беретін. Бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше сайттар, агенттіктер жаңалық жаршысы болып жұмыс істесе де мәселені ашып жазатын, талқылап, талдап, оқырманға ой салардай тәмпіштеп жеткізетін газеттер мен телеарнадағы кәнігі тілшілерге бәрібір жетпейді. Өткенде агенттікте жұмыс істейтін бір әріптесім хабарласып, «нендей жаңалығыңыз бар,  сайтқа салып қояйық» дейді. Қазір БАҚ-тың ішінен, жанынан түрлі ақпараттық агенттіктер құрылған. Тілшілер мақала жазып, әлеуметтік желіге жүктейді. Тап сол жаңалықты қысқартып, не аздап сөйлемін өзгертіп агенттіктегі тілші тағы да сайтқа, қасына бейне жазбасын қосып желіге жүктейді. Қарап отырсаң, әлеуметтік желілерден, көп сайттан оқитының бір жаңалық, бір оқиға, бір жиын. Қайталау өте көп. Бәсекеге қабілеттілікті арттырамыз деп асығыс-үсігіс құр жаңалық күйінде жазылып жатқан материал қаншама?! Постыларына жоғары жақтағы жиыннан  алынған бір ауыз сөзді жазып, астына комментарий жинайтындар, бармақ жинайтындар көбейді. Мұны да «қатырдым» деп ойлайды. Мақал-мәтелдің өңін айналдырып жұртқа ақыл айтқыштар көп. Диванда ерігіп жатқандарға ермек табылды әншейін. Ештеңенің байыбына, мәніне терең үңілмей, арбаның тегершігі шиқылдаса  шәуілдеп үре жөнелетін құйрығы қысқа күшіктер секілді ілесе жөнелетіндер көп. Кейде ойлаймын, фейсбук пен инстаграмда біреудің өсегін тыңдап, еріккенше, телефонға көзіңді талдырып, жүйкеңді жұқартқанша немереңе бір ертегі айтып бергенің немесе саябақта қыдырып қайтқаның әлдеқайда тиімді емес пе? Нағыз ішің пысса, кітап оқы.  Ертелі-кеш телефон баққаннан ой-сана өшпесе, өспейді!

Журналист – сегіз қырлы бір сырлы болу керек. Өз басым облыстық газетте редакторлар жұмсаған өндіріс орнына да, мал баққан шаруаға да, зауыт пен сауықтыру орындарына бардық. Тақырып жатырқағаным жоқ. Нағыз журналист барлық саладан хабары болуы тиіс. Бүкіл мекеменің ішкі сарайын  бес саусағындай білуі тиіс. Журналист – адам жанының инженері. Дүниеде не терең – сөз терең. Не қымбат – сөз қымбат. Не қалады бұл фәниде  сөз қалады. Сондықтан, әріптестерім  ел  тарихын  көп оқып, көп біліп, тіл байлықтарын дамыту керек.

– Сізді соңғы уақытта елден жеткен қандай соңғы жаңалық қуантты? Қандай жағдайға алаңдайсыз?

  • Ауыл жаққа алаңдап, елеңдеп жүремін ылғи да. 2018 жылы аудан әкімдігі ел атынан арнайы шақырып,  зор қошеметке бөлегенін ауыл-аймақ біледі.  Бисен Жәнекешов орта мектебінде менің атымдағы сынып ашылды. Бұл да еекінің біріне бұйырмаған бақ. Сол бір жұлдызды сәттер төбемді көкке көтеріп еді. Аудан әкімі Нұрлан Сағынтайұлы алтын уақытын бөліп, кешіме бастан-аяқ қатысып, иығыма камзол жапқан шығармашылық кешімде көрерменнің көзінше өтінішімді жеткізіп едім.

Үштерек пен Бисеннің екі ортасында «Нұрәлі» деген жер бар. Ауылдан онша алыс емес. Сол маңайда бейіт бар. Онда менің әке-шешем жатыр. Айналасын бүгінде құм басып, ата-анам ғана емес, бір үйір ел жатқан қорымның үстін мал тапап біткен. Сиыр мен ешкі құлпытастарға мүйізін қасынып, қой мен жылқы жайбарақат  жайылып жүр. Бейітке барып осы жайтты көріп, жаным жай таппады. Сахнада тұрып, ел ағаларынан  қиылып сұрап едім «Жақсы болайын, жаман болайын. Осы топырақтың бір перзентімін ғой. Маған жарық сәуле сыйлаған ата-анамның ұйқысы тыныш болсын. Құлпытасын мал құлатып, бейітін таптамасын. Айналасын қоршауға қолұшын созыңызшы» деп?! Жанайқайымды ескеретін болған. Соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Осы жазда ауылда тұратын Сәбит жездемнен жылы хабар жетті. Он мың теңгеден жинап берсек, бір жігіт бейітті қоршайын деп жатыр деген. Қорлан апамнан есепшотын сұратып едім, өзімде үлес қосайын деп. Әлгі жігіт хабарсыз кетіпті.  Міне, осы жайтқа алаңдаймын. Жолдың алыстығы, уақыттың тапшылығы, оның үстіне мынау шектеу шаралары  қолбайлау болып тұр. Әке-шешемізге біз не көрсеттік, қандай қуаныш сыйладық, не бердік, не бітірдік, не тыңдырдық? Олардың алдындағы перзенттік парызды өтей алдық па деген сұрақ жиі мазалаған сайын тым болмаса топырақтарын мал баспай,  құлпытастары қирамай тұрса  екен деймін… (Көзіне жас алды).

Алдағы уақытта  осы мәселе шешімін тапса, нұр үстіне нұр жауса елдегі азаматтарды ата-балаларымның, бір ауыл боп жатқан барша аруақтың рухы қолдасын деп  айтар едім.

  • Наз Пахманның орындауында «Туған жер» деген тамаша әніңізді тыңдадық. Шығармашылығыңызда тағы қандай жаңалықтар бар? Оқырмандарыңызға ұсынар қандай тартуыңыз бар?

–Осы жазда Назгүл хабарласып, өлеңімді сұрады. Келістім, бұлақтың көзі ашылсын деп. Осы қазан айында  түс мезгілінде ватсапыма Назгүл Пахман деп өлең келіп тұр. Ескертулерімді жеткіздім.  Сөзін Шүйіншәлиева жазған, әнін Ғұбайдолла Хибашев пен Қуаныш Хисметов шығарған «О, туған жер» әнім – ортақ еңбектің жемісі!  Назгүл секілді жастар осыны ұмытпаса болғаны?! Кім  орындаса да қарсы емеспін. Хит болып жатса, ірә көрім! Тек, авторлардың еңбегін жүрген жерлерінде айтса деймін.  Бізде әншілер сазгерді ғана айтып өтеді ұмытып кетпесе. Сөзін жазған ақынды аузына да алмайды. Егер, сөзі болмаса ыңылдаған құр әуеннен ән туа ма?!.

Негізі әнге мәтін жазу өте қиын. Әннің анасы – ақындар, әкесі – сазгерлер деп жүрген жерімде ескертемін. Ешбір әншінің «менің туындым» деп,  әнді орындаған ғұрлым жеке меншігіне айналдырып алуға  құқы да жоқ, қақы да жоқ! Бұл туындымның тарихы ұзақ.  Бұл әннің бірінші авторы, яғни сазгері ардақты ағамыз, танымал композитор Ғұбайдолла Хибашев. Қызым Айнұрға арналған «Айнұрым» өлеңіме де ән жазған осы кісі. Қазір «Айнұрым» әнін Райгүл Сисенова деген әнші домбырамен төгілтіп шырқап жүр.

Сонымен, ертеректе «Орал өңірі» редакциясына Ғұбайдолла Хибашев мені әдейі іздеп келді. Лирикалық өлеңдерімді оқып тұрады екен. Ауылға арнап әдемі өлең жазуымды өтінді. Жүректен шыққан дүние жүрекке жетті.  2015 жылы «Інжу сөзге іңкәрлік» атты шығармашылық  кешімде Ақсайдан арнайы келіп, «О, туған жерді» сахнада орындап, тұсауын кесті. Көрермен қауым жылы қабылдады. 2018 жылы «Тұмадай тұнық, таулардай заңғар» атты үлкен кешімде елге танымал жез таңдай әншілер Майра Хайдарова мен Еркін Өтегенов бұл әнді тамылжыта шырқады. Екінші рет бұл әнді өңдеп, аранжировкасын қайтадан жазған БҚУ-дың оқытушысы, өнерлі жігіт Қуаныш Хисметов. Айтпақшы, Ордаға барғанымда сахнада бұл әнді Самал Рахымжанова мен Миллат Насыров дуэт болып шырқаған. «О, Туған жер» өлеңіме үлес қосып, әнге айналдырған, көрерменге тарту еткен барша өнер иелеріне рахметім шексіз.

Шығармашылық жаңалық көп. Құдайға шүкір, тоқыраудан адамын. «Ардың ісі– әдебиетке» тазамын!  Сүйінші жаңалығым, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Тіл саясаты комитетінің қолдауымен республикалық «Қазақ кітабы» баспасынан «Өкініш» атты кітабым үш мың тиражбен қайтадан басылып шыққалы жатыр. Бұл өте қуанышты хабар! Тиражы да көп әрі республиканың барлық кітапханаларына түгел тарайды.

Бұл туындым 2014 жылы «Жазушы» баспасынан аз тиражбен шыққан еді. Белгілі сыншы, әдебиеттанушы Бақыт Сарбалаұлы осы «Өкініш» повесімді «роман» деп бағалап, «шоң дүние» деп зерттеп, әдеби тұрғыдан талқылап, биыл сәуірде шыққан «Жұлдыз» журналына «Мираның махаббаты» деген көлемді дүниесін жариялаған болатын. Сарбалаұлының жоғары бағасына ие болған шығармам тағы да сұранысқа ие боп тұр. Бұл мен үшін үлкен жетістік.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет. Жақсы күндерде жарқын кездесуге жазсын! Аман жүріңіз!

Сұқбаттасқан Ұлпан ЖАКИНА.