30.10.2020, 12:05
Қараулар: 302
ШЕКАРА МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

ШЕКАРА МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Аудан әкімдігінде ҚР ҰҚК шекара қызметі облыстық департаменті қызметкерлерінің қатысуымен әкімдік жанындағы шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешовтің төрағалығымен өткен кеңес барысында шекара беріктігін сақтауда атқарылатын кешенді профилактикалық іс-шараларға назар аударылды. Сонымен қатар түрлі құқық бұзушылықтарды алдын алу жайы айтылды.

ҚР ҰҚК шекара қызметі облыстық департаменті бастығының орынбасары, ұлттық қауіпсіздік подполковнигі Жеңіс Тілеуов шекарадан заңсыз өту, шекарадан өту барысында түрлі заңбұзушылыққа жол берілуі, тіпті малдың шекарадан асқаны да екі шекара бекеттері арасында, сайып келгенде екі мемлекет арасында түсініспеушілік тудыруы мүмкін дей келе, шекаралық аймақ тұрғындары да шекарашыларға ақпараттық демеу көрсетіп, жергілікті атқарушылар да қолдау көрсетсе, ісіміз алға басады,-деді.

Батыс аймақтағы шекараны темір тормен жабу мәселесі күн тәртібінен түспегендігін айтқан аталмыш департаменттің қызметкері Қанат Таипов биыл ауданның тағы да тоғыз шақырым шекарасы қоршалатынын жеткізді. Дегенмен, бұл қоршау әлі де толық аяқталған жоқ. Сонымен қатар ол шекара бекеттері мен өткізу пункттеріне инфрақұрылым желілерін жеткізу мәселесін қозғады.

  • Бүгінгі таңда Бөкей ордасы ауданы аумағындағы Молодость-Басқұншақ бағытындағы шекара бекетін екіжақты бекетке айналдыру мәселесі қаралып, тұрғындарға қолайлы екендігі анықталды. Осы бағытта екі мемлекет арасында келіссөздер жүруде,-деген облыстық шекара департаментінің подполковнигі Нұрлан Сукпусунов көпшілікті қуантты. Бұл бағытта да қолға алынатын жайларды назардан тыс қалдырмады.

Шекара саласында жүргізілген реформалар  аясында енді әскери қызметшілердің жалақысы 75 %-ға өсетінін алға тартқан Алмас Болатов дені сау, әскери борышын өтеген, 25 жасқа дейінгі жастарды шекара қызметіне шақырды. Әрі ол әскерилердің  зейнетке ерте шығатынын, басқа да көптеген жеңілдік қарастырылғанын айтты.

Кеңес мүшелері аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Жангелді Салауатов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Ақылбек Сағитов пен аудандық аурухана басшысының орынбасары Лаура Шамұратова өз салалары бойынша аудандағы ахуалды жеткізді.

Кеңес төрағасы көтерілген мәселелер негізінде тапсырмалар берді.