30.10.2020, 11:28
Қараулар: 373
ТАҒЫ ДА СОЛ БАҒЫМСЫЗ МАЛ

ТАҒЫ ДА СОЛ БАҒЫМСЫЗ МАЛ

Бағымсыз мал, мал ұрлығы аудандық үнжарияның әлсін-әлсін айналып соғар басты  тақырыбы ғана емес, тиісті мекемелер мен әкімдіктің де бас ауруына айналған. Ауылдағы ағайынның үштің екісі малын қолға үйретілген, таңмен шығып кеткен қорасын кешкісін іздеп табады деп бақташыға бақтырмайды. Пойызға басылып, пойыздардың жүру кестесінен кешігуіне жол беретін де, қақпасы ашық қалған ауылдастың бақшасын отап, көшедегі контейнерді төңкеріп, быламық жасайтын осы бағымсыз мал. Бағымсыз мал да қақпақсыз қазан сияқты, ұрыға олжа. Аудандық әкімдігінің мәжіліс залында осы және басқа да малға қатысты өзекті мәселелерді тақырып еткен жиын өтті. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов төрағалық еткен жиында жергілікті полиция бөлімінің ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыс туралы есебі тыңдалды.

Аудандық  полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция майоры Жангелді Салауатов:

– 2020 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 710 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Бұл өткен жылғы есепке қарағанда айтарлықтай көбейген. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылы 537 құқық бұзушылық  тіркелген. Сонымен қатар салынған айыппұл көрсеткіші де былтырғы жылмен салыстырғанда 23,1%-ға артып отыр. Мысалыға, 2019 жылы 279 хаттама толтырылса, ағымдағы жылы 363 хаттама бойынша айыппұл салынған. Айыппұл сомасы 3 613 850 теңгені құрайды.   Мал ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда 30,3 % немесе 10 фактіге азайған. Мысалыға 2019 жылы 33 қылмыстық іс тіркелсе, ағымдағы жылы 23 факт тіркелген, -деді өз баяндамасында.

Оған қоса, мал ұрлығы бағытында қылмыс ашу деңгейі жақсарғаны да айтылды.  Өткен жылмен салыстырғанда қылмыс ашу деңгейі 16,7% -ға жақсарған. 2019 жылы мал ұрлығына қатысты қылмыстың ашылу көрсеткші 75% құраса, ағымдағы жыл бұл көрсеткіш 86,7%-ды көрсетіп отыр. Санға шағып айтсақ, биылғы тоғыз айда мал жоғалуына қатысты 23 іс тіркелген. Мал иелерінің арызына құлақ түрсекғ екі қой, он төрт ірі қара, сегіз жылқы, төрт түйе қолды болған. Полиция қызметкерлерінің сөзіне сайсақ, бұл малдың бәрін ұрланды, қолды болды деп айтуға әлі ерте. Ол малдың ығып кетуі, бошалап, не басқа табын, үйірге қосылып, адасып та кетуі мүмкін.

БАҒЫМСЫЗ МАЛ – ҰРЫҒА ОЛЖА

Өткен жылда мал ұрлығы бойынша 33 қылмыстық іс тіркелсе соның 32-сі бағымсыз малға қатысты екен. Оған қоса жоғарыда көрсетілген 33 қылмыстың тек 75% -ы ғана ашылған болатын. Яғни,  25 іс шешімін тапса, қалған сегізі іс әлі күнге тергеушілердің тартпасында жатыр деген сөз.

Мал ұрлығы тек біздің ауданның ғана емес, тұтас еліміз үшін күрмеуі қиын, күрделі мәселе екені белгілі. Осы себептен де жыл басында мал ұрлығына қатысты қылмыс қайта қаралып, жеке бап боп, жазасы да қатаңдатылған еді. Ағымдағы жылдан бастап ҚР ҚК-інің 188-бабы мал ұрлау мәселесіне арналған болатын. Жалпы осы баптың І бөлігі бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айруға дейін жаза күтуге болатын болса, ІІ  бөлігімен 3-7 жылға дейін, ІІІ бөлігі бойынша 5-10 жылға, ал ІV бөлігі бойынша 7-12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Бірақ ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп, оңай олжа іздеген ұрылар үшін қатаң жазаның өзі ой салып, аяқтарын жиюына сеп болмай тұр. Сөзімізге дәйек қылсақ, аудандық сот ағымдағы жылдың тоғыз айында 2  іс қаралып, 2 айыпталушыға қатысты үкім шыққан. Іс тек мұнымен бітсе, ештеңе емес. Сериал сияқты жалғаса бермек.  Аудандық  полиция бөлімінің бастығ

ының орынбасары, полиция майоры Жангелді Салауатовтың айтуынша, Хан ордасы ауылынан мал ұрлығын нәпақа көзіне айналдырған бір топ қолға түскен. Аудандық сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынып, екі эпизодты қылмыстық іс тергеу үстінде.

Малдың жоғалуына қатысты тағы мәселе – бағымсыз малдың шекарадан өтіп кетуі. Мақұлық үшін шекара жоқтығын белгілі. Күйсеуге лайық шөп қуалай жүріп, шекара асып кеткен мал қаншама… Бұл мәселе де шекара қызметіне қатысты мәселелер қаралған әкімдіктегі отырысқа арнайы тақырып болғаны бар.

… ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ ЖАУ

Ұрланған мал қожайынының қалтасын қақса, ауыл ішінде қараусыз жүрген жануар ел бюджетіне кесір тигізеді. Айтылған сөздеріме дәлел де жеткілікті. Ауыл ортасында тапа-тал түсте еркін жүріп, сенбіліктерде тер төгіп, отырғызылған көшетті қорек қылған сиыр сансыз. Биылғы жылдың басынан облыстық мәслихат шешімімен малын бағусыз иелеріне әкімшілік хаттама толтырылсын деген үкім шыққан болатын. Оған қоса, Сайқын ауылдық округ әкімдігімен бағымсыз малды қамауға арнайы орын ұйымдастырылған. Күні бүгіңге дейін бағымсыз мал иелеріне жеті әкімшілік хаттама толтырылған екен. Әрине, бұл цифр тек қожайындары іздеп келіп немесе арнайы мал сырғасы арқылы табылған мал иелері.

  • Ал ауыл ішінде қаншама ірі қара сырғасыз жүр? Тіпті малын мүлдем іздемейтін азаматтар бар. Сырғасыз малды тәуліктеп қамап ұстай алмаймыз. Амалсыздан босатып жібереміз, -дейді округ әкімі Нұргүл Омарова.

Сырғасыз мал демекші, пойыздарды жүрісінен жаңылдырып, жолдан қалдырған малдың да иесін анықтау еш мүмкін болмай отыр.

Тағы да сол Сайқын ауылдық округінің әкімі Нұргүл Жігерқызы:

  • Тек биылғы тоғыз айда Ресей тарабынан 15 шағым түсті. Бұл шағымның бәрі де теміржол бойлап жайылып, пойызға басылып, кестеге кедергі келтірген малға қатысты. Егер мал иесі табылып, тиісті хаттама толтырылған жағдайда Ресей теміржолына келтірілген шығындарды мал иесі өз қалтасынан төлеген болар еді. Күні кеше араға күн салмай, екі мал пойызға басылды. Оның бірінің сырғасы болса, екіншісінің сырғасы мүлдем жоқ боп шықты. Сырғасы барының иесін анықтап еді. Сырға ауылдан сексен шақырым жердегі қожалыққа тиесілі боп шықты. Қожалық иесі мал сатпағанын айтады. Сонымен сырғаның дәл сол өлген малға тиесілі-тиесілі еместігі анықталмады.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ