30.10.2020, 11:24
Қараулар: 304
БІЗГЕ-90

БІЗГЕ-90

67  жыл.  Бірі оны бір адамның өмірі дер, ал екіншісі жетпіске жуықтап қапты ғой деп пайымдар. Неше адам болса, сонша тұспал, сонша болжам болар. Ал, бұл Ғайсиндер отбасының аудан баспасөзіне арнаған жылдары. Ия, биыл тоқсан жылдық торқалы тойын тойлап отырған «Орда жұлдызы» газетінде Каримолла аға мен Талшын апа осыншама жыл қызмет еткен. Каримолла аға осында тілшілік қызметте болғанын көпшілік жақсы біледі. Күші кешеге дейін түрлі жиын, отырыстардан жұртшылықты ақпараттандырып, жұмыста озат, қызметте екпінділерді жазатын. Талшын апамыз баспашы болған. Газетіміз өзімізде басылған тұста, ақпараттық заманауи құрылғылар қолданысқа енбеген кезде баспахананың ауыр жұмысын бір кісідей атқарған. 

«ӘТТЕҢ, СОЛ АҒЫЛШЫН БОЛМАҒАНДА…»

Бұл сөзді Талшын апа қиын кездер туғанда жиі айтатын. Әсіресе, баспахана жабылып, қаражат та, жұмыс та жоқ болған кезде көп айтты. Өйткені оның арманы қазақ тілі мұғалімі болу еді. Жалақысын ала алмай, жұмыстан босап қалғанда мұғалімдер қызметтен қол үзген жоқ. Сонда іштей «мен де осылардың қасында жүруім керек еді» дейтін. Уақытында олар да таршылық көрді, олардың да жартыжылдап жалақысын алмаған кездері болды. Алайда, оны да кешіктіріп болса да алған еді. Ал, баспа қызметкерлерінің екі жылдық жалақысы төленбеген күйінде қала берді. Еңбегі еш болды. Осы жайлар ойға оралғанда «Әттең, ағылшын болмағанда…» деп күрсінеді. Себебі, енді ғана мектептен түлеп ұшқан Талшын қыз Алматыдағы қыздар педагогикалық институтының студенті болмақшы еді. Сонда сүріндірген осы ағылшын болатын. Мүлдем оқымаған ағылшыннан емтиханды қалай тапсырсын?..

Арман жетегімен бас қалаға келген қай жас басын салбыратып үйге қайтқысы келеді дейсіз. Бойжеткен Талшынның де қайтқысы жоқ болатын. Сөйтіп, хатшыларға сұраныс барын ескеріп баспашылыққа барған. Өкінішке қарай ол Талшын апамыз ойлағандай теру машинасын сырып қойып, қырық екі әріп пен бірнеше математикалық белгілерді ақ бетке теру емес еді. Газет беттерін баспаға әзірлеу болатын.

Осылайша оқыстан оқыс Талшын апамыз баспашылықты оқыды. Бастаған істі тастап үйренбеген жауапкершілігімен ол баспашылықты да меңгерді. Кейін мамандығы бойынша  ұзақ жылдар қызмет етті.

БАСПАНЫҢ ҚЫЗЫҒЫ МЕН ШЫЖЫҒЫ

Ұжым ол отбасың секілді. Онда небір түрлі жағдайлар, қуаныш та қиындық та болады. Ол кезде әр бетті темірден қаланған әріптерді жинақтай келе теріп, 40 келі тартатын оттискіге салып әзірлеп қоятынбыз. Бірде Бауыржан Бисенов екеуіміз бетті баспаға әзірлеп жатырдық. Ол бетті жинақтады да, маған баса салшы демей ме? Ойда тіптен жаман ой жоқ, қазір-ақ баспа машинкасына сала салам деп әлгі зілдей темірді машинкаға салдым да қоса қойдым ғой. Әйел болған соң үйдегіні де ойлайсың ғой. «Кеш болып қалды. Газет дайын, қателері тексеріліп болды. Енді қазір ертеңгі санды басып тастаймын да, үйге қайтамын. Ата-енем де күні бойы балалардың соңынан жүріп шаршаған шығар. Бір ертерек барып жағдайларын жасайын» деп ойлап отырғанымда бірдеңе сарт ете түсті. Біреу-міреу терезеге тас лақтырды ма екен деп терезелерне жетіп бардым. Әйнектерінің барлығы орнында. Еш өзгеріс байқалмайды. Сыртта да жан баласы жоқ. Сонда не болды деп артыма қарасам, бәрі шашылып жатыр. Жаңағы дайын беттің әріптері тура үзілген моншақтай шашылып түсіпті. Сөйтсем, оттискіні бұғаттауды ұмытыппыз. Нәтижесі осы болды. Күні бойғы түгел әріптестерімнің, терімшілер мен корректордың, бет құраушы мен жауапты хатшының, кезекші редактор мен мақала авторларының түзетулері осы әріптермен бірге шашылып қалды. Бір сөзбен айтқанда бәрі-бәрі зая болды. Обалдары не керек, біздің ұжым редакция, типография деп бөлінбейтін. Олар бірден әріптерді жинауға кірісті. Өйткені алдымен темір әріптерді қайтадан өз орнына текшелеп жинақтау қажет еді. Тек содан соң ғана оны мәтін етіп құрастыруға болатын. Тек құрап емес, әр қайсысын өзінің бағанына дәл қойып, белгілеген аумағынан шықпау қажет болатын. Ол кезде бүгінгідей мәтінді бір рет компьютерге теріп, қателерін тексеріп жіберіп, оны қалауыңша бір немесе бірнеше бағанға  бөле салу мүмкін емес еді.

Бүлдірген өзім болған соң жайлап бөлмеден сытылып шығып, жұмыс телефонынан редактор Хамит Сүлейменовке телефон шалдым. «Ағай, мен екі бетті шашып алдым. Қойыртпақ боп жатыр» деп бар шындықты жайып салдым. Не болса, о болсын деген  оймен айқайды естуге әзірленіп тұрмын. Жүрегім аузыма тығылып, қобалжудамын, ал телефонның ар жағы үнсіз. Бір уақытта Хамит ағай «Таңғы 8-де газет басылып тұрсын» деді де тұтқаны қоя салды. Сөйтіп, бетті құрау үшін бет терушілерді, бет құраушыны, жауапты хатшыны, бір сөзбен айтқанда, барлығын жинауға тура келді. Түнімен жұмыс істеп, қолымызды газеттің қара майына былғап үйге қайттық. Ол кезде тәртіп қатаң еді. Қандай жағдай болмасын аптасына үш рет шығатын газет таңмен аудандық комитетте тұруы керек болатын,-деп еске алады Талшын апа өткенге көз жүгіртіп.

Бірін бірі жоқтатпау, кешіксе, соның жымын білдірмеу – баспаханада бұрыннан қалыптасқан дәстүр-дағды. Бірде жауапты хатшы Тұрақбай Шәкенов жұмысқа келмей қалған. Басшысы сұраса, тілшілер «Осы жаңа жүрген, шығып кеткен шығар» деп жауап қатқан. Қараса, мақалалар беттеліп қойыпты. Бәрі де қалыпты жағдайда. Бүгінгідей жедел хабарласа салатын ұялы байланыс жоқ қой ол уақытта. Жауапты хатшы келмей жатқанын байқаған әріптестері «жұмыс ақсамасын» деп бетті өз беттерінше есептеп, құрап қойған еді. Түстен кейін жұмысқа келген марқұм Тұрақбай аға редакторға түске дейін ауырып келе алмағанын жайып салмасы бар ма? Осылай да ұсталып қалған кездері болған. Алайда, жұмысты бір сәт тоқтатпайтын. «Бізде «ол ана қызметкердің міндеті» деген болмайтын. Біріміздің жұмысымызды біріміз жазып жүре беретінбіз», — деп бөлісті естеліктерімен Каримолла аға.

Жұмыс болған соң бәрі болатын. Марқұм Тұрақбай Шәкенов пен  бет құраушы Ақзия Меңдалиева екеуі жиі ренжісіп жататын. Тұрақбай жауапты хатшы екі шұқып бір қарап, газет беттеріне өзгертулерді енгізіп жатады. Даудың көбі түрлі сызықтарды орналастырғанда болатын. Баспашылар оны линейка дейді. Міне, осы линейканы, жалпақ тілмен айтқанда мақаланы бөлу не қоршауда болады. Оны орналастыру аса дәл әрі нақты есепті қажет етеді. Ал, баспаханада жұмыс істейтіндердің дені әйелдер болатын. Үйде бала-шаға, отбасы бар дегендей, үйге асыққан адамның ісі оңатын ба еді. Осы үшін талай дау туатын.

Тек қиындық емес, баспаханада талай қызық та болды. Ол кезде бізде жастар көп болатын. Бірі есіме түсіп отырғаны. Ұялыдан Орынғаным есімді қараторы қыз  терімші болып кірісті баспаханаға. Ал бізде сауаттылықты қатты талап етті. «Қ» мен «К»-ны ажырата алмай отырған Орынғанымның қатесін түземек ниетпен Уәли Ғаббасов оған «Құрес» дегендегі «Қ» деп қайта-қайта айта береді. Біз болсақ ду күлудеміз. Себебі ол сол Құрес деген адамның баласымен кездесіп жүрген еді. Уәли аға мұны білмейді, мысал үшін көршісінің атын қайталап айта береді.

Өмір болған соң ылди да бар, өр де бар, қия да бар, құз да бар. Құлдырау мен тоқырауды аудандық басылым өткен ғасырдың соңында мықтап сезінді.  Баспахана мен редакция ұжымы жаппай қысқартуға жатқызылып, газет шығаруға редактор мен Болат Наурызғалиев қалған еді. Бәрі де қиналды. Ол кездегі жоқшылық көбін қажытып жіберді. Адамдардың өздерінің гөрі көңілдері жүдеп кетті. Қатардағы тілшілердің жалақылары атқарушы комитет мамандарымен бірдей болатын. Бұл жай сағымға айналды. Қаражаттан таршылық көрмейтін журналистер қысқартуға ұшырағанда өздерін кемеден ашық мұхитқа лақтарылған жүзу білмейтін бейбақтың күйін кешті. Ол тек жұмыстан айырылғандарға ғана емес, жұмыста қалғандарға да қатты соққы болды. Өзгені қайдам, әріптестерінің бытырай шашылғаны Бөкең – Болат Наурызғалиевке қанжардай қадалды. Өзін жұмыс істеп жүргеніне кінәлі сезінетін.

Жұмыстың ауыры – теміржол рельстерін ауыстыру екен. Жұмыстан қалған соң отбасын асырау қамымен даладан темір де жинадық, рельсті ауыстыруға да кірістік. Ол кезде жұмысты таңдамадық. Бар ойымыз тиын-тебен табу. Машинадан түсе салысымен терім сорғалап, қара майға былғанып, рельсті ауыстырып жатқан мені көріп Бөкең жылап жіберді. «Журналистер осылай жүру керек пе еді?» Көп ұзамай оның ауырып қайтқандығын естідік.

Шындық пен журналистика егіз ұғым. Журналистикадан шындық кетсе, онда оның мәні жойылады. Алайда сол шындық үшін шырылдап жүріп, Каримолла аға бірінен қолдау көрсе, опық та жеген, қысым да көрген екен. Ол жайттарды еске алғанда Каримолла ақа «адамның аласы да болады, құласы да болады. Әркім өз жазасын алар әлі. Тек біз асығамыз ғой» дейді.

ТАЛШЫНМЕН ТАБЫСТЫРҒАН ТИПОГРАФИЯ

Баспаханаға бұра тартқан тағдырға Талшын апа ренішін білдіргенімен, Каримолла аға та әділетсіздіктерге налығанмен ондағы өткен тынымсыз еңбекке толы күндерді ерекше жылылықпен еске алады. Ерлі-зайыпты Ғайсиндер «Орда жұлдызының» әр саны жарық көргенге дейінгі қым-қуыт шаруаны жарыса суреттегенде тура бір қастарында жүріп, газет шығарып жатқандай сезінесің. Өткен күндерін жарыса әңгімелеген жұбайларды табыстырған да сол типография еді. Марқұм Уәлиолла Ғаббасов ағамыз кезінде «Мың рахмет Аллаға, Табыстырған Талшынға» деп мақала да жазған екен. Каримолла ағаға әріптестері «көз алдымызда өскен, мінезі байсалды Талшыннан артығын таба да алмайсың» деп қолқалаған екен. Көптің кеңесіне құлақ түрген жігіттің де жүрегінде байсалды бойжеткенге деген іңкәр сезім бүршік жарды.  Бірі тілші, бірі баспашы екі жас осылайша отау көтеріп, қасиетті шаңырақты дүрілдеткен бір той өткен еді. Содан бері қырық жылдан асып барады. Бүгінде қыздарын қияға, ұлды ұяға қондырған, немере-жиеннің ыстық ықыласына бөленіп отырған ата мен әже.

 

ЕРХАУДЫҢ КЕБІН КИДІК

Бисенде Ерхау деген қария болған еді. Өзі бір айтқыш адам еді. Ол көшедегі көрінгенді тоқтатып, «Айнам, бір жаңалық айтшы, ақысын берейін. Қазір үйге барсам кемпір, ауылда не жаңалық болып жатыр деп сұрайды сонда не айтамын?» деп сұрақтың астына алатын. Қазір сол Ерхаудың кебін кигендейміз. Көшеге шығып жаңалық сұрастырмасақ та, Талшын екеуіміз газетті асыға күтіп, бар ақпарын алғаш боп оқуға таласамыз, бәз баяғыша газеттің үтір-нүктесіне дейін оқимыз да талқылаймыз, — дейді Каримолла ағамыз.

Ағамыз көшеге шыға қалса, қара шаңырағына ат басын бұрмай, амандаспай кетпейді. Бұл ағамыздың шаңырақ киесін сыйлағаны деп білеміз. Әйтпесе, қазіргі редакцияда отырғандардың алды елуден енді асқандар болса, кейінгілері ұл-қыздарымен жасты өңкей жас.

Тоқсан жас, торқалы жастың белесін бағындырған бүгінгі газеттің өткенінің куәсі, жылнамашысындай болған әріптестерімізге жүз жылдықта та жылы естелік айтып, жарқын жүздесуге жазсын дейміз.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар