30.10.2020, 10:57
Қараулар: 140
АУДАН ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ ЕКІНШІ МӘРТЕ ЖАРЫҚ КӨРДІ

АУДАН ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ ЕКІНШІ МӘРТЕ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірдің тарихи, мәдени, рухани һәм экономикалық тыныс-тірлігі жан-жақты қамтылған Бөкей ордасы энциклопедиясының  толықтырылған екінші басылымы жарық көрді.  Айта кетелік, аталмыш кітаптың алғашқы басылымы 2011 жылы шығарылған болатын.

Жаңа нұсқадағы энциклопедияның тұсаукесері санитарлық талаптарға сай шағын форматта өткізілді. Кітаптың лента кесу рәсіміне аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов пен ардагер тілші, өлкетанушы  Амантай Хамзин ие болды. Ауданымыздың шежірелі тарихынан сыр шертер іргелі еңбектің ішкі мазмұны мен дизайны әдемі үйлесім тауып, түрлі түсті суреттермен көмкерілген, әкімшілік-аумақтық құрылымы, экономикалық әлеуеті, табиғаты, төл тарихы т.б  мәліметтер толыққанды берілген. Өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалар, еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлерімен қатар мәдениет пен өнер, спорт, журналистика саласында ел абыройын асқақтатып жүрген жерлестеріміздің есімдері де енгізілді. Салтанатты шарада сөз алған Нұрлан Сағынтайұлы ауданның арғы-бергі тарихын зерттеп, зерделеп, жаңа мәліметтермен толықтыруда уақытпен санаспай қызмет қылған редакциялық алқа мүшелерінің еңбегін елеп-ескеріп, алғысхат табыстады. Өз кезегінде шығармашылық топтың мүшесі, аудандық мұрағат бөлімінің директоры Қуаныш Елемесов: «2016 жылдың күзінен энциклопедияға қажетті ақпаратты іздеп, жинақтай бастадық.  Осы кітаптың  алғашқы нұсқасы шыққаннан бергі он жылда өңірімізде  қаншама елеулі өзгерістер орын алды. Сол себепті мән-мағынасымен байытылған  деректерді ұмыт қалдырмай, басылымға енгіздік.  Түрлі салада жарқырай көрінген жерлестеріміздің жетістіктерімен де оқып, таныса аласыздар. Кітапқа қажетті мәліметтерді  жинақтау үшін округ әкімдері арқылы тұрғындарды хабардар еткен болатынбыз. Осынау басылымның жарық көруіне сүбелі үлес қосқан азаматтардың еңбектері де өлшеусіз,-» деп осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.

Танымдық шара Рауан Қажғалиев, Миллат Насыров, Қуаныш Дүйсекешев, Құрмет Мусин секілді жергілікті өнерпаздардың ән шашуымен айшықталды.

Арайлым МАРАТ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар