30.10.2020, 10:51
Қараулар: 318
ҰСТАЗҒА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

ҰСТАЗҒА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

М.Мәметова мектебінің 2000 жылғы түлектері  ұлағатты ұстазға арналған ескерткішті тарту етіп, осылайша ұстазға деген тағзым мен  құрметтің ерекше үлгісін көрсетті.  Биіктігі екі метрден асатын еңселі мүсіннің авторы — жәнібектік шебер Жандарбек Өтеғұлов. Аталмыш жиынтықта қолдарына  қоңырау мен  бір шоқ гүл ұстаған оқушылар мен оларды  білім әлеміне жетелеген ұстаздары бейнеленген. Ауылдың ажарын айшықтай түскен бұл ескерткіштің  жалпы құны 1 млн 400 мың теңгені құрады.  Ескерткіштің ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов, аудан әкімінің орынбасарлары, өзге де сала басшылары, мектеп мұғалімдері мен қатар түлектер де куә болысты. Ең алдымен түлектердің атынан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Әжіғалиев сөз алып, аталмыш шараның «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында жүзеге асқанын тілге тиек етіп, туған ауылының дамуына үлес қосып, ескерткіштің ашылуына атсалысқан азаматтарға алғысын жеткізді. Бұдан соң ескерткішті ардагер ұстаздар Ноқаш Қадымов пен Балдай Темірғалиевалар салтанатты түрде  ашты. Аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов та ізгі лебізін білдірді:

«Шәкірт тәрбиелеуде талмай еңбек етіп, ұлт пен ұрпаққа адал қызмет қылған ұстаздарымыздың есімі әр кез тиісті дәрежеде ұлықталуы тиіс. Бүгінгі мектеп түлектерінің  кереметтей тартуы соған дәлел. Өйткені ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұратыны хақ. Мұратсай, Бисен, Ұялы, Жиекқұм ауылдарында да түлектердің бастамасымен маңызды шаралар іске асуда. Аталған игі істердің бәрі де  жерлестеріміздің туған жеріне деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімдерін айқын аңғартқандай,-дей келе  еңселі ескерткішті  тұрғызуға сеп болған түлектерге алғыс хат табыстады. Шәкірттеріне деген ақжарма тілегін арнаған  ардагер ұстаз Ноқаш Қадымов та игілікті шараның мән-мазмұнына тоқталып, ақ батасын берді. Түлектердің тартуы тек мұнымен шектелмеді. Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың бюстін де сыйға тартты

Арайлым ЕСМАҒҰЛ

Ауыл жаңалығы

Басқа да мақалалар