30.10.2020, 10:06
Қараулар: 148
«СЫРҒАНЫҢ» СЫРЫ

«СЫРҒАНЫҢ» СЫРЫ

 

 

 

Жер-су атауларының шығу тарихын зерттеу – өлке тарихын зерттеудің бір тармағы. Жер-су атауларының да мол тарихи мәліметтер беретін дереккөз екенін өлкетанушылар мен зерттеушілер жақсы біледі. Жер атауларына қатысты жазып алған мәліметтерімізді зерттеп, көпшілікке ұсынбақпыз. Ордадағы сыры ашылмай келе жатқан атаудың бірі – «Сырға» елдімекені. Сырға аталуының сырын нақ білетін азаматты таппадық. Бір дереккөз берушіміз: «Осы жермен көшкенде бір байдың қызы сырғасын жоғалтыпты, содан Сырға аталыпты»,- дегенді айтады. Бұл қаншалықты шындыққа жақын?!

Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының қызметкерлері жыл сайын өлкеміздегі қорымдарды зерттеу мақсатында экспедициялар ұйымдастырады. Құм қойнауына ұйымдастырылған (бұрынғы жазбаларда «сахара тарафы» деп жазылған) экспедиция кезінде Сырғадағы ескі қорымда сақталған құлпытастарды оқып шықтық. Қорымда 4-5 құлпытас сақталған. Соның бірінен:

1.Куллу нафс зайқат әлмаут

(күллі адам өлім дәмін татады)

2.ноғай руының қостамғалы

3.тайпалық Әліш

4.әйелі Сырға Киік-

5.бай қызы 85 жа-

6.сында опат 1921-

7.інші жылда

  1. (ноғайлардың таңбасы, тігінен қос сызық салынған)

Сол жанында: жаздырған баласы

Оң жанында: Жомарт –

деген жазуларды оқыдық. Демек, жер атауы да осы кісінің есімімен байланысты. 1921 жылы 85 жасында дүниеден өтсе, туған жылы 1836 болмақ. Жәңгір билеген заманда дүниеге келіп, бөкейліктегі Уақытша Кеңес басқарған уақыт пен ақ пен қызыл арпалысқан қилы кезең, Кеңес үкіметінің құрылуының куәгері болған екен.

Сырға Киікбайқызының бойында емшілік қасиеті болған. Бұл туралы сайқындық Жұмағали аға Сертеков айтып берді. Оның басына індетке шалдыққан малдарды да түнеткен.

Орда кеңшары болған кезде Сырғаның басында ұзақ жылдар Қосжан Оразовтың отбасы тұрып, ірі қара бақты. Қосжан ата дүние салғаннан кейін ұлдары Сержан, Амангелді отырды. Қосжан атаның қызы Айманның айтуынша, түн мезгілінде мал төлдейтін болса терезе, есік қағып оятады екен.

Нарын топырағында қасиетті орындар көп. Оларды іздеп тауып, зерттеп, халыққа жеткізу мақсатымыз. Ал осындай орындарды қараусыз қалдырмай, айналасын қоршап, тарихи мұраларымыздың сақталуына үлес қосар азаматтарымыз болса, құба-құп.

Гүлмару МЫРЗАҒАЛИЕВА,

Батыс Қазақстан облыстық

Хан Ордасы тарихи-мәдени,

архитектуралық-этнографиялық

музей-қорығының  ғылыми хатшысы