30.10.2020, 9:52
Қараулар: 127
ҰСТАЗДЫҚ АЛҒЫСЫМДЫ АЙТАМЫН

ҰСТАЗДЫҚ АЛҒЫСЫМДЫ АЙТАМЫН

Қалаға қоныс аударған барлық адамның ауыл жаққа құлағы елеңдеулі жүретін шығар. Өз басым елден жеткен  сүйіншілі хабарға қуанып, жақсы жаңалығына мәз боп отырамын. Аудандық «Орда жұлдызы» газетін жаздырып алып оқимын. Онымен қоймай, газеттің әлеуметтік желідегі парақшасын да қалт жібермеймін.  Күні кешеге дейін осы газеттің жаңалықтарын оқып, сырттай тілекші боп отырсам. Соңғы санында сұхбат шықты. Кезіндегі еңбегімді елеп,  ауылда болмасам да, іздеп тауып, газет редакторы Ұлпан Әнуарқызы кереметтей сұхбат құрды. Кәдімгідей марқайып қалдым. Бүгінде қаланы мекен қылған ауылдас әріптестеріме айтып едім, олар да мәз болысты. Еңбегімізді елеп, жақсы атымыз болса, ел жадында жаңғыртатын осы аудандық газет қой.  Мағыналы, маңызды мәселелерді тақырыпқа тиек қылған сауалдарға барымша жауап беруге тырыстым.

Сұхбатқа бір қуансам, аудан орталығында бой түзеген «Ұстазға тағзым» ескерткіші туралы ақпаратты оқып, екі қуандым. 2000 жылғы түлектердің бұл тартуы күллі ұстаздар қауымының еңбегін ескеріп, тағзым еткені деп білемін.   Білуімше, бұл ескерткіш облыс көлеміндегі бірегей ескерткіш деуге де болады. Ақпарат көздерінен еңбегі сіңген ұстаздар тұрған үйлерге мемориалдық тақта орнатылғаны туралы жазылып та, көрсетіліп те жүр. Бірақ ұстаздар қауымына тағзым ретінде осындай тастан қашап ескерткіш қойылғаны некен-саяқ. Осы игі іске қаржылай қолдау білдірген М.Мәметова атындағы мектептің 2000 жылғы түлектеріне, игілікті істің басы-қасында жүрген  Асқар Әжіғалиевтей баламызға аналық, ұстаздық алғысымды айтамын.

Люба ЛАЙЫҚОВА,

Орал қаласы