30.10.2020, 9:48
Қараулар: 131
ӘКЕМ АЙТҚАН ӘҢГІМЕ

ӘКЕМ АЙТҚАН ӘҢГІМЕ

Аудандық үнжариядан М.Мәметова атындағы іздестіру тобы жұмысын бастағанын, бастасымен жауынгер сүйегін тапқанын оқып білдік. Арада апта өтпей жатып, іздестіру тобы он алты сарбаз сүйегін тапты деп оқыдық. Қанқұйлы Сталинград майданының ең жақын тылы болған біздің аудан аумағынан сарбаздар сүйектерінің көптеп табылуы заңды. Сталинград майданына жол тартқан жауынгерлер біздің аудан аумағын кесіп өтетін теміржол бойымен өтетін еді. Осыған қарап сүйектің иесі тек майданды бағытқа алған өзге ұлт өкілдері, өзге аумақтың адамдары деп ойлап қалмауымыз керек. Ол сүйектер өз ауданымыздың азаматтарынікі болуы ықтимал. Жау бомбасынан пойыздағы жолаушылар ғана емес, сол төңіректе жүрген аудан тұрғындары да ажал құшты.

Менің әкем де майдангер еді. Кезінде жас болдық, ештеңенің парқына бара бермедік. Марқұм әкем:

­ Әскери комиссариаттан шақырту алып, барғанымызда алысқа емес, Сталинград майданына кіретініміз белгілі болды. Көп күттірместен жол шықтық. Пойызға мініп жатқанымыз сол еді, аңысын аңдып, қапысын жібермеген жау ұшақтары дүр етіп өте шықты. Жай ғана өте шыққан жоқ. Бомбаларын тастап өтті. Бомба жарықшағы ауылдасыма дөп тиген екен. Ауыр жараланыпты. Қан құсып жатып, «елдегілерге сәлем айттарсың» деп үлгерді. Кейін мен іске қосылып, қайта сапқа тұрған вагонға мініп кеттім. Ал, ауылдасым туған топырақтан ұзамай жатып қайтыс боп кетті,    -деп әңгімелейтін.

Сол кезде әкем ауылдасының аты-жөнін, жеті атасын таратып айтып отыратын. Күні кешеге дейін станса басында дәм-тұзы таусылған ауыл азаматының атын білетін едім. Уақыт өте келе ұмытып қалыппын. Аудандық басылымның «сарбаз сүйектері табылды» деген ақпаратты оқығанда түпсанамда қалған осы әңгіме жадымда бір жаңғырып өтті.

Сайлаубек МҰҚТАРОВ,

Ұялы ауылы