15.10.2020, 14:48
Қараулар: 347
АМАНАТҚА АДАЛДЫҒЫ ҮШІН РИЗАМЫЗ

АМАНАТҚА АДАЛДЫҒЫ ҮШІН РИЗАМЫЗ

БАҚ-нан Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты Шафхат Өтемісов ел президентінің алдына аудан тарихына қатысты маңызды ұсыныс жасағаны жарыса айтылуда. Депутат Өтемісов елге бірнеше мәрте келіп, ауылдың көне құлақтарымен кезедсіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ асқан еді. Ел ағалары соғыс салқыны қалған оңтүстік аудандарға даңқ мәртебесін беруді сұраған еді. Ауылдас ағалардың осы ниеті негізсіз емес.

Батыс Қазақстанның төрт ауданы Сталинград облысының 300 шақырымға жуық аумағымен шектеседі.1941 жылдың аяғында, яғни соғыстың алғашқы алты айында екпіні тым қатты болған неміс әскерлері Еділ өзені маңына дейін шығуға мүмкіндік алды. Сол кезде қалыптасқан күрделі майдан тактикасына байланыс­ты Қазақстанның батысындағы бірнеше аудан Сталинград майданының ең жақын тылына айналды. Сөйтіп, сол кезде КСРО Қор­ғаныс Халық Комиссары Иосиф Сталиннің 1941 жылғы 26 қара­шадағы бұйрығына сәйкес Жәні­бек, Орда, Казталов және Фур­манов аудандары Сталинград май­данының қарамағына енгізілді. Соған орай Қазақстанның бұл өңір­лерінде «соғыс жағдайы» жария­ланды. 1942 жылдың жазында майдан аумағы Қазақстан шекарасына жақындай түсті. Бұл сәт ауыл тұрғындарына үлкен сынақ болды. Республика еңбекшілері сол бір сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыр сында шыдамдылық пен төзімділіктің озық үлгісін көрсете біліп, Отан алдындағы борыштарын адал атқарды. Жәнібек ауданының тұрғын­дары өз хатында: «Сол қатерлі күндерде Сталинград облысымен ортақ шекарасы бар Қазақстанның батыс аудандары Қызыл Армияның жақын тылы ретінде үлкен әскери-стратегиялық рөл атқарды. 1942 жылдың 12 тамызынан бастап Сталинград майданы қаладан 150-160 шақырым қашықтықта орна­ласқан Қазақстанның Жәнібек, Сайқын, Шоңай теміржол стансаларын қамтыды», деп жазады. Неміс басқыншылары Ас­трахань-Урбах теміржол магистралын, Сайқын, Шоңғай, Жәнібек ауылдарын нысанаға алып, сол кездегі ресми деректерге сәйкес, Шоңғайға – 24, Сайқынға – 36, Жәнібекке 40 шақты әуе соққысы жасалған. Бір әуе шабуылына 30-ға жуық ұшақтар қатысқан. Осындай шабуылдардың салдарынан теміржол вокзалы, мектеп, аурухана үйлері және басқа да өндіріс, мекеме орындары зиян шекті. Ордалықтар Сталинград майданындағы жауынгерлерге 280 пұт ет, 22 пұт май, 220 пұт астық, 245 дана құс етін және көптеген жылы киімдер, темекі сыйлығын арнаулы делегация арқылы жеткізген. Оны сол кезде аудандық партия комитетінің әскери бөлімінің меңгерушісі болған I дәрежелі Даңқ орденінің иегері Мұхтар Сәрсенғалиев бас­тап барған. Сөйтіп, майдан мен тыл біртұтас біте қайнасып, барлық қиыншылықтарды бір­лесе жеңді. Орда аудандық әс­кери комиссариаты арқылы 1941-1945 жылдары соғысқа 4613 адам алынған. Олардан елге 3028 адам оралмаған. Оның 2963-і – қатардағы жауынгерлер мен кіші командирлер, 651-і – офицерлер.

Сталиннің өзі арнайы бұйрық шығарып, арнайы режим бекітіліп, майдан тылы танылған қос аудан күні бүгінге дейін ерлігі өз дәрежедесінде танылып, бағасын ала алмай келеді. Күні кешеге дейін бұл мәселесі аудан, облыс деңгейінде көтеріліп жүрді. Ауылдағы ағайынның аманатын ел президентінің назарына ұсынған Әнесұлына ризамыз. Ендігі қалғаны осы бастаманың аяқ асты қалмауын тілеу ғана.

Тілеген АРЫСТАНБЕКОВ,

Сайқын ауылы