9.10.2020, 15:33
Қараулар: 519
Гүлнәр МҰҚАНОВА, аудандық пошта байланысы торабының басшысы: «БАСТЫ МІНДЕТ – САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ»

Гүлнәр МҰҚАНОВА, аудандық пошта байланысы торабының басшысы: «БАСТЫ МІНДЕТ – САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ»

 

     Осыдан 400 жыл бұрын пошта қызметі іске қосылған екен. Оған дейін туған үйінен, жақын адамынан жырақтаған жан көгершіннен үшбу хат жолдап, теңіз, мұхиттағылар сол үшбу хатты бөтелкеге салып, толқыннан толқынға аманат қылған екен. Осы поштаға қатысты не бір аңыз да қалыптасты, ең ұзақ хат, пошта жәшігіне, ең көп «жүрген» хат дейсіз, әлем бойынша сұрыпталған мәліметтер бар. Ал маркаға қатысты мәліметтің өзі өз алдына бір төбе. Кәдімгі ертегілердегідей бүгінгі пошта айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып, газет-журналыңыздан басқа ыдыс-аяқ, киім-кешегіңізді есігіңізге әкеп береді. Көзді ашып, жұмғанша, Сайқыннан салған ақшаңызды елордадағы ұл-қызыңыздың қолына ұстата салады. 9 қазан – дәл осы сиқыршылардың, яғни, пошташылардың төл мерекесі.

Кәсіби мерекелері қарсаңында «Қазпошта» АҚ қызметіндегі түйткілді мәселелер мен жаңашылдықтары турасында аудандық филиалының директоры Гүлнар Мұқановамен аз-кем сұқбат құрған едік. Сіз де көзайым болыңыз!

 

   – Әңгімемізді «Қазпошта»-ның бүгінгі тыныс-тірлігінен бастасақ…

– «Қазпошта» АҚ Қазақстандағы пошта байланысының ұлттық операторы ретінде  сенімді әрі алуан түрлі қызмет көрсететін бірден бір компания десем артық айтқандығым емес. Пошта желісі – бизнес пен халық үшін электрондық сауданы да, логистикалық сервисті, қаржылық қызметтерді, т.б. дамытудың тиімді құралы. Соңғы екі жылдың ішінде «Қазпошта» компаниясы ең заманауи технологияларды қолданатын серпінді  инновациялық орталыққа айналып келеді. Бүгінгі таңда бизнес-процестер цифрландырылып, коммерциялық және гибридтік пошта қызметтері, мобильді бөлімдер едәуір қарқын алды. Мұндай ауқымды жұмыстар алпауыт «Қазпоштаның» жер-жердегі филиалдарында да жақсы көрініс тауып келеді деп айта аламын. Былтырғы жылды біздер қаржылық өсім, табыс жөнінен өзге аудандармен салыстырғанда айтарлықтай көрсеткішпен түйіндеген болатынбыз. 2020 жылда да бекітілген жоспарларымызды асыра орындап, зор табыспен аяқтаймыз деген сеніміміз зор.  Сондай-ақ, «Сәтті жұлдыз» лотерея операторының қызметіне қатысты біраз жұмыстар атқарылды. Лотерея билеттерін, түбіртектерін сату, тарату тұрғысында біздің филиал қызметкерлері нәтижелі іс байқатты. Мәселен, былтыр ғана операторымыз Мәдина Оспанова көп тиражда билеттерді сату арқылы көлемді бонусқа ие болды, сондай-ақ, біздің филиал ел бойынша алдыңғы қатардан көріне білді. Биыл да Бөрлі бөлімшесіндегі маманымыз Гүлсара Тасболатова мен жергілікті оператор Қатима Батыровалар да осы бағытта жақсы жұмыс нәтижесін көрсеткенін де тілге тиек етейін. Жалпы айтқанда, лотерея билеттерін таратуда тек операторлар ғана емес, пошташылар да септігін тигізіп жүр. Сәйкесінше олар да өзіне тиесілі ақысынан құр қалмайды. Пошта қызметін трансформациялау үдерісін жеткілікті меңгеріп, тұтынушыларға жылдам әрі сапалы қызмет көрсету әр кезде де айрықша назарда ұсталады. Бұл да өз кезегінде  табысымызды арттыруға сеп. Кіріс неғұрлым еселенсе қызметкерлердің де әлеуметтік жағдайы жақсара түседі.

– Шешімін таппай тұрған мәселелер бар ма?

        –  Түйіні тарқатылмаған мәселелер мүлдем жоқ деуге келмес. Десе де, қай қайсысы да өз ретімен шешіліп жатыр. Несие төлеу үшін қойылған терминалда кей банктің төленген ақшалары қабылданбай, қайтып келіп жатыр. Бұл мәселені басшылыққа жеткізіп, құлағдар еткен болатынбыз. Округтегі бөлімше мамандарының жалақылары секілді күн тәртібіндегі мәселелер де бар. Өткен жылы Post.kz  арқылы бронь алу мәселесіне қатысты тұрғындар тарапынан біраз түсініспеушіліктер орын алған-ды. Бұл мәселе турасында да жоғарғы жаққа тұрғындардың базынасын жеткіздік. Қайткенмен, саладағы жаңашылдықтар мен жарқын істеріміз халықтың игілігіне қызмет етері сөзсіз.

 – «Қазпоштаның» негізгі қызметі тек газет тасымалдау, зейнетақы таратумен шектелмейтіні анық. Басқа да  қызмет түрлеріне тоқтала кетсеңіз?

– Әлбетте, біздің филиал қызметкерлері жергілікті тұрғындарға алуан бағытта қызмет түрлерін ұсына алады және көрсететін қызметтердің барлығын өз деңгейінде атқарып келеді.  Қазақстан бойынша ғана емес, алыс-жақын шетелдерге жедел сәлемдеме жіберу мүмкіндігі қарастырылған. Бір минуттың ішінде атқарылатын жедел аударымдар (250 теңгенің шамасы), яғни жерлестеріміз Украина, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне жедел аударымдарды жасайды. «Юнистрим» және «Вестерн юнион» бағдарламалары арқылы жедел аударымдар, Post.kz  сайты арқылы төлем жасау, салық төлеу, кезекті броньдау, балабақшаға, білім беру орталықтарына тіркелу, т.б. заңды тұлғалардың банктік шотын ашу және жүргізу, «Алиэкспресс» секілді дүниежүзілік сауда алаңынан сауда жасау, «Хоум банк», «Альфа», «Евразия» банктері арқылы несие рәсімдеу, «Хоум банк» арқылы рефенансирование жасату, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» және «Хоум банк» арқылы депозиттер ашу, автосақтандыру, франчайзинг және биылғы жылдан тұтынушыға жол тартқан кіші және орта кәсіп иелеріне арналған «Tap to Phonе»  төлем технологиясы секілді қызметтерді айтуға болады.  Айта кетелік, «Tap to Phonе»   бағдарламасы сауда-саттық желісінде электрондық төлемдерді қабылдау мүмкіндіктерін айтарлықтай арттыруға және тұтынушылар, сауда-сервистік кәсіпорындар мен банктердің мүдделері үшін қолдану аясын кеңейтуге бағытталған. Бұдан былай төлем карталары мен қолма-қол ақшаны өзіңмен бірге алып жүру қажет емес. Енді смартфоныңыз қолма-қол ақшасыз әмбебап төлем құралына айналады деген сөз.

–Ордалық ағайын онлайн сауданы қаншалықты меңгерді және айына, жылына шет елдерден қанша тауар келеді?

-Онлайн сауда жасау үрдісін ордалықтар жақсы меңгеріп келеді. Әсіресе, шетелдік онлайн дүкендерден тауар сатып алу көрсеткіші өте жоғары деп айта аламын. Қыркүйек айында елден-шеттен келген тауарларды  қосқанда 788 сәлемдеме қабылдаған екенбіз. Оның ішінде ыдыс-аяғы, киім-кешек, көрпе-көпшігі, кілем, басқа да ірілі-ұсақты тауарлары бар. Ал, Қытайдың «Алиэкспресс» сауда дүкенінен бір айда 50-60 тауар жіберіледі. Оның ішінде «Алиэкспресс»-тің сауда базасына кіретін Америка, Сингапур, Прибалтика елдерінен де тауарлар келеді. «Алиэкспресс»-тің ең оңтайлы тұсы 1,5 пайыз үлесіндегі кэшбэк функциясының болуы. Тұрғындарымыз осы жеңілдіктерді иелену үшін арнайы төлем картасын  қоса аштырып,  бонустар, жеңілдіктер алу мүмкіндіктеріне ие болуда. Тұтынушы арнайы картамен төлем жасағанда оның шотына саудаға жұмсалған ақшаның бір бөлігі қайтарылады.  Сонымен қатар, ыдыс-аяқ, киім, т.б. сататын қазақстандық кәсіпкерлер  «Қазпоштаның» Postmarket.kz платформасына тіркеліп, келісімшартқа отыру арқылы  еліміздің түкпір-түкпіріне, соның ішінде біздің ауданға да 15 күннің ішінде тапсырыстарын жеткізеді.

     – Отандық басылымдардың бәсі қаншалықты биік? Жалпы, газет-журналдарға жазылуда оқырмандар онлайн сервисті қаншалықты қолданып жүр? 

    – Отандық басылымдарға сұраныс мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Жыл сайын қазақ тіліндегі газет-журналдарға жазылушылар саны артып келеді. Әрине, жазылу науқаны сайын ордалықтар жергілікті «Орда жұлдызы» мен «Орал өңіріне» бірінші болып жазылады.  «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Ана тілі», балаларға арналған «Айгөлек» секілді басылымдарға тек мекеме қызметкерлері ғана емес, зейнет жасындағылар, жеке тұлғалар да  аяқтай келіп жазылады. Өкінішке қарай, көбі онлайн жазылуды құп көрмейді, бірен-сараңы ғана.

–Өзіңіз жоғарыда айтып өткендей, «Қазпошта»-ның технологиялық әлеуеті жылдан жылға жақсара түсуде. Елдімекендер арасында сәлемдемелерді арнайы дронмен таситын  уақыт қашан тууы мүмкін?

–Дрон-пошташы  бұл пилоттық жоба. Қарағанды, Алматы қалаларында сынақ түрінде ұшырылған. Әзірге бұл жоба әлі де жетілдірілуді қажет етеді. Егер алдағы уақытта мұндай мүмкіндікке қол жеткізсек Саралжын, Ұялы ауылдық округтерінде белгіленген ұшу кестесі бойынша пайдаланатынымыз аян. Әзірге уақыттың еншісіндегі мәселе ғой… Дегенмен, аталмыш технология нақты жүзеге асырылса тасымалдаушылардың уақытын үнемдеп, шығынды қысқартуға сеп болмақ. Дронның ауылдық бөлімшелерге сәлемдемелерді жеткізу уақыты шамамен бір сағаттай деп естігенмін.

–Әлемдік тәжірибе бойынша пошташыларға 7 келіден артық сәлемдеме тасуға болмайды делінген. Жергілікті пошташылардың жүктері осынау стандарттан асып жүрген жоқ па?

  –Мұндай бекітілген халықаралық стандарттың бары рас. Алайда мына нәрсені қаперге алуымыз керек сияқты, шетелдік пошта жүйесі отандық пошта желісіне  қарағанда анағұрлым  көш ілгері. Пошташыларға қойылатын талап пен оларға жасалатын жағдай да мүлдем басқа деңгейде. Біздің жергілікті пошташыларымыз да 7 келіден артық көтермеуге тырысады. Алайда, кей жағдайларға байланысты бұл нормадан асып кетіп те жатамыз. Діттеген жерлеріне велосипедпен барып-келеді. Келешекте пошта тасушылардың жұмысын едәуір жеңілдетуге бағытталған шаралар қолға алынады деп сенемін. Округтегі бөлімшелерімізде бір адамнан жұмыс жасайды, яғни поштаның құжаттамалық, т.б. жұмыстарымен қатар, пошташының міндетін де өздері атқарады. Олардың жұмыс жүктемелері төрт сағат. Орда және Бисен округтерінде келісімшарт негізінде пошташыларды алдық. Қазіргі таңда пошташыларға қойылатын талап артып келеді. Олар да компьютердің тілін білулері керек, өйткені, мерзім сайын есеп жазып, құзыреттелігіне тиісті жұмыстарды компьютермен атқарулары тиіс.  Сондай-ақ, әрқайсысының телефондарына «MobilePostman» (мобильді пошташы) дейтін бағдарлама орнатылған. Осынау бағдарлама арқылы келген хаттарды, т.б. тексеріп, реттеп, өңдейді, яғни, кішігірім деректер базасы секілді ғой. Әлбетте, газет-журнал толы сөмкені қыстың қытымыр аязына, жаздың аптап ыстығына қарамай тасып жүру оңай емес, тіпті ең қиын жұмыс пошташыларға тиесілі дер едім. Қазіргі уақытта екі тұрақты пошташымыз бар. Соның бірі Біржан Садықова 15 жылдан бері қалтқысыз еңбек етіп келсе, Айгүл Ғұбашеваның пошташы атанғанына биыл  төрт жыл.

  Ұжымда бас-аяғы қанша адам еңбек етеді? 

– Біздің мекемеде, соның ішінде ауылдық округтегі мамандарды қосқанда барлығы 20 адам қызмет жасайды. Қызметкерлердің алды  1984-1986 жылдан бастап  қызметтерін бастаса, ең соңғылары 2017 жылы жұмысқа қабылданған екен.  Өзім 1984 жылы сұрыптаушы қызметінен бастап, кейін экономист, есепші лауазымдарын атқарып, басшылыққа дейін көтерілдім. Ұжымдағы әр қызметкер де мансаптық жолын төменгі сатыдан бастады. Мәселен, Алтынай Әбуова пошташыдан филиалдың бас маманы  лауазымына, Шолпан Хайрошева операторлықтан филиал басшысының орынбасарлығына дейін көтерілді. Поштаның ең байырғы қызметкері Гүлжамал Хамитова да қызметін пошташылықтан бастаған білікті маманымыз. Бұл кісілердің әрқайсысы да пошта саласының әр қилы даму кезеңдерін бастан өткерген.

-Уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет. Жұмыстарыңыз жемісті бола берсін!

Сұқбат құрған Арайлым ЕСМАҒҰЛ

 

Пошташылардың кәсіби мерекесі қарсаңында редакциямызға зейнеткер Балғаным Темірәлиева  арнайы хабарласып, пошта қызметкері Дильбар Біләловаға алғысын жеткізген болатын:

-Дильбар қызыма өте ризамын. Өте білікті, ұқыпты, жауапкершілігі мол маман.  Қашан барсаң да жымиып ғана қарсы алып, жұмысымызды тиянақтап береді, білмегенімізді байыппен түсіндіреді. Пошта қызметіне жүгінушілер көп, әр күндері қарбалас екенін жақсы түсінеміз. Алайда, Ділбардың қандай жағдай болмасын қабағын шытпай, алдына келген әр тұтынушыны жылы жүзбен қарсы алатындығын ерекше атап өткім келеді. Біз секілді зейнеткерлер қауымына асқан сабырлықпен қызмет көрсетіп, көмегін аямайтын Дильбардай мамандар көп болсын.