9.10.2020, 10:31
Қараулар: 398
КӨЗІЛДІРІКТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ БОЛА МА? немесе жарты ғасырда өзектілігін жоймаған оймақтай ой

КӨЗІЛДІРІКТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ БОЛА МА? немесе жарты ғасырда өзектілігін жоймаған оймақтай ой

 

Жылма жыл ауылымызды көгалдандыру үшін қазынадан қыруар қаржы қаралуда. Осы күнге дейін сол жұмыстарға неше бір адам жұмылдырылып, нешебір тал-терек егілді десеңізші?! Ай қайдам?.. Жұмсалған қаржының да, егілген көшеттің де санына жету оңай болмас, сірә.  Себебі ол тек бүгінгі күннің мәселесі емес. Газетіміздің ертеректе шыққан сандарын ақтарып отырып «Отырғызылған ағаш қайда?» деген мақалаға көзім түсті. Неге дейсіз ғой? Өйткені осы сауал біздің ұжымды жиі мазалайды. Аудан айнасының «Жебе» бетіне іліккен бұл мақаланы зейін қойып оқып шықтым. Өзектілігін жоймаған екен. Тілі қуақы, сөзі мірдің оғындай Болат аға Наурызғалиев жүргізген бқл бетте талай нәрсе сыналған екен. Ендеше сол мақаланы еш өзгеріссіз берейік, сіз де куә болыңыз.

«Кешкі мезгіл. Клуб алды кешкі сеансқа жиналғандарға толы. Шеткерірек тұрған жуан сары:

–Күн тамша екен, а? Осындайда аздап демалатын бақ, парк болса қандай тамаша, не керек бір тал шыбық жоқ. Әлде мұнде ағаш егілмей ме?-деді, үнінде қамқорлық лебі бар, сірә, бұл жақта алғаш болуы керек.

–Неге егілмесін! Жыл сайын тайлы-таяғымызбен шығып, жағалай лесопосадка отырғызып жүрміз.-Қара көзілдірікті жігіт үлкен іс атқарған пішінмен іргеге шырт түкірді.

–Мен еш нәрсе көре алмай тұрмын ғой.

–Бәлі, сол да сөз бе екен? Көрмесең, көрерсің. Сайқын әлі орман астында қалады.

Ауырғаннан саумысың. Орман тұрмақ жалғыз тал ши көре алмай тұрмыз емес пе?

–Еһ, орман болуы үшін әлі көп жыл бар. Ол үшін ең алдымен бақ орындары белгіленіп, қоршалуы қажет. Мол су керек, күтуші керек. Сонан соң ешкі, қой, бұзауларын жаятын тұрғындаға шыңғыртып штраф салу керек. Обшым, көп жұмыс керек. Міне, сонда ғана орман да қаулап шығады.

–Ал, қазір кім үшін, неге отырғызып жүрсіңдер? Осы айтқандарыңызды неге жүзеге асырмайсыз? Әлде өзіңізден гөрі малдың ағаш көлеңкесінде болғаны жақсы ма?

Көзілдірікті төмен қарады. Түкірген жоқ.

Шынында да осы сұрақтың жаны бар. Жасыратыны жоқ, жыл сайын сенбілікке шығып, бір ғана орталықтың өзіне кемінде мың түп ағаш отырғызамыз. Ал, содан бой салып, жапырақ жайып, көктері біреу-екеу ғана. Сонда отырғызылған ағаш қайда кетеді деген ой кім-кімге де келеді. Бұл сұраққа селолық совет пен көше комитеттері не дер екен?»

Бұл 1976 жылдың 2 қыркүйегінде жарық көрген дүние. Десе де өзіңіз куә болғандай, өзектілігін жоймаған. Тіпті сараптай түссең, сонау 1976 жылдан бергі қырықтан астам жылда егілген тал-теректер өсер болса, Сайқыным Жәңгірдің қарағайлы орманынан кем болмас еді-ау. Әрине, жұмыстар атқарылды. Оны жоққа шығармауға болмайды. Әлгі қара көзілдірікті айтқандай, шекарасы белгіленіп, күтімі келісті болған саябақтар жайқалып келеді, ал орталық көше бойларына егілген көшеттер ше? Нәтиже жоқ. Сонда оларға жұмсалған қаражат жерге судай сіңіп кеткені ме? Бұл сауалдарға жауапты ауыл әкімдіктерінің еншісіне қалдыралық.

Айтпақшы, қара көзілдіріктінің көріпкелдігі болар. Ол бұл іс оңды болуы үшін көп жыл керек деген еді. Айтқаны айдай келді. Жарты ғасырға жуық уақыт болса да Сайқынды көгалдандыру ісі күн тәртібінен түскен емес. «Сонан соң ешкі, қой, бұзауларын жаятын тұрғындаға шыңғыртып штраф салу керек» деді. Оған да біртіндеп жеттік. Бүгінде мәслихаттың қаулысымен орталықты кезіп жүрген бағымсыз мал  қамауға алынып, иелеріне айыппұл салынуда. Осы қаулы күшіне енгелі алты хаттама толтырылып, бір адамға ғана үш АЕК мөлшерінде айыппұл салынған. Өзгелеріне ескерту берілген. Мүмкін сол штрафты шынымен-ақ «шыңғыртып» салу керек шығар, а?! Әйтпесе, 8 мыңнан сәл асатын айыппұл тұрғындардың қалтасын айтарлықтай жұқартпайтын шығар.

–Малдары қамауға алынып, түсінік жұмыстары жүргізілгелі, көше кезген мал қатары саябырсыды. Тұрғындар малдарына жауапкершілікпен қарайтын болыпты. Десе де әлі де ұшырасып жатады,-дейді аудандық полиция бастығының орынбасары Жангелді Салауатов.

Көзілдірікті шал болар жасқа жеткен жігіттің сөзі тездетіп жүзеге асар болса, ол да өз ғұмырында Сайқынның орманға айналар кезін көріп қалар-ау…

Раушан БАҚЫТОВА