5.10.2020, 9:10
Қараулар: 104
МЕНІҢ ҰСТАЗЫМ…

МЕНІҢ ҰСТАЗЫМ…

Ұстаз деген — зор ұғым, ұлы мамандық. Мағжан Жұмабаев ұстаздар хақында «Алты алаштың игі жақсылары бас қосса да, төрдегі орын ұстаздікі» деп бір сөйлеммен әдемі түйіндеді емес пе?! Сіздің жүректен орын алған ұстаз кім? Өмір жолыңызға жақсы ізін қалдырған ұстазыңыз кім деген сұрақтармен оқырмандарымызды әңгімеге тартқан едік.

Тілеген Арыстанбеков, қоғамдық кеңестің төрағасы:

«Ұстаз – жас ұрпақтың сәулеткері» деп бекер айтылмаса керек-ті.  Менің өмірлік көзқарастарымның қалыптасып, жеке тұлға ретінде  дамуыма ерекше ықпал еткен адамдардың  бірі  ұстаздарым еді. Мен кезіндегі Орда кеңшарына қарасты, Сейітқали ауылындағы «Алғашық» мектебінде бірінші сыныпқа бардым. Алғашқы ұстазым – Орынша Иманғалиева. Төртінші сыныпты аяқтағанша сол кісінің жақсылығын, шарапатын көп сезіндік. Жоғарғы сыныпқа көшкенде талай мұғалімнің алдынан өттік қой. Дегенмен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мархаба Әбділмановаға деген сый-құрметім ерекше. Поэзияға, әдебиетке қызығушылық танытуыма себепші болды. Өйткені, өзі де сондай терең, парасатты, білікті ұстаз еді. Сондай-ақ, орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген Қадер Бадашев, химия пәнінің мұғалімі Есенгелді Төлегенов, тарих пен дене шынықтыру мұғалімі Тельман Аманғалиевтер де ұстаздардың төресі еді. Балаларды тәрбиелеуде ер мұғалімдердің де маңызы зор. Жалпы айтқанда, біздің кезімізде мұғалім  қауымының, олардың қоғамдағы мәртебесі биік-тұғын, яғни қоғамның өзі мұғалімдерді ерекше қадірледі. Мәртебені, абыройды ақшаға сатып ала алмайсың, немесе біреуден қарызға сұрай алмайсың. Жылдар бойына тырнақтап жинап, бойға дарытатын дүние. Сондықтан бізге тәлім-тәрбие берген ұстаздар қауымы сондай өнегесімен Һәм тазалығымен де ерек еді.  Алыстан төбесі көрінсе тентектігімізді сап тыйып, тұра қалатынбыз. Алдын кесіп өтпек түгілі, бетіне тіке қарауға жасқанатынбыз ғой. Олар ерекше болуға талпынбайтын, шәкірттерінен «бізді сыйлаңдар, үлгі тұтыңдар» деп талап етпейтін, мәжбүрлемейтін де. Олар­дың бойынан мәдениеттіліктің, кісіліктің лебі есіп тұратын.  Қазіргі жас педагогтеріміз өз қызметтеріне асқан жауапкершілікпен, жанашырлықпен, ізгілікпен қараса, мәртебесі аласарып, беделі төмендеген мұғалімдік мамандықтың айбынын асқақтатар еді.  Ұстаздар қауымын төл мейрамдарымен құттықтап,

Ұстаз – жүрек, жүректі құдырет де,

Ұстаз – тірек, тіректі құрметте.

Ұстаз – шыңың, шыңына өрмелеп жет,

Ұстаз – күнің, күніңе табынып өт, — деген өлең шумақтарын арнаймын.

Гүлмару Мырзағалиева, Бөкей ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының ғылыми хатшысы:

  • Менің балалық шағы фермада өтіп, балабақша көрмеген, қырда еркін өскен баланың бірі болдым. Ең алғаш мектепке келгенімде оқушы толық боп, қазақ сыныбына емес, орыс сыныбына қабылдандым. Орысша оқығанды қиынсындым ба, әлде білім алуда олқылықтар туады деп уайымдадым ба қазақ сыныбына ауысқым келетін. Бәлкім балабақшаға бармағанның әсері ме екен, сыныптастарыма қарағанда өзімнің жазу-сызудағы кемшін тұстарымды байқап ыңғайсызданатынмын. Әлі есімде ұстазымыз София Кәрімқызы дәптерге үшбұрыш, шаршы, дөңгелек секілді геометриялық фигураларды салуды тапсырды. Қалам ұстап жаттықпаған маған бұл тапсырма оңайға түспеді. Тіпті, дәптерді қалай пайдалану керектігін білмеппін, әр бетіне шимайлап сала бергенмін. Содан сабақтан шыққан соң әжеме қазақ сыныбына барамын деп жылап, ақыры өз дегеніме жеттім. Сөйтіп, Надежда Ғайсинаның сыныбына ауысып келдім. Жылы жүзді, мейірімді апайым мені бірден өзіне баурап алды. Жылы сөздерімен демеп, арқамнан қағып қоятын. Бала болсам да апайымның  сол сөздерін әлі күнге дейін ұмытпаймын. Ол кісінің жазуы өте әдемі болатын. Мен де дәл солай жазуға, әріптерді шиырып салуға тырысатынмын. Асқан байыптылығымен, көркем мінезімен айналасына нұрын шашқан Надежда Бисемәліқызының қолдауы жақындарының жанынан бір елі ажырап көрмеген мені жігерлендіріп, күшімді еселей түсетін. Сырлы сандар әлеміне қызығушылығымды арттырған Рәзия Жаманғарина, Бағила Биянова, музыка муғалімі Уәсила Мұқанғалиева, физика пәнінің мұғалімі  Эмма Сағынбекова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Роза Әділалиеваларға  құрметім зор. Әсіресе сырлы сөз зергері Роза Әділалиеваның мен үшін орны бөлек. Роза апамыздың сабақ беру методикасы ерекше еді. Әр сабағына жанын сала дайындалып, көрнекіліктермен айшықтайтын, кітап оқуға деген ынтамызды, әдебиетке деген сүйіспеншілігімізді арттырды. Апайымызды әр шәкірттің жүрегінен терең орын алған дара тұлға, озат ұстаз деп білемін. Кейін Кәкима Қажипанова апайдың тәлімін алдық. Ол кісі шығармашылыққа бейім, өлең жазуға ыңғайы бар балаларды арнайы үйірмеге қатыстыратын. Сол кісінің демеуімен мектепшілік, аудандық айтыстарға қатысып, бағымды сынадым.  Содан болар Кәкима апайға еліктеп қазақ тілінен сабақ беремін деп армандайтынмын, тіпті, мектепшілік емтихан барысында «Кәкима апай секілді қазақ тілінің мұғалімі атансам» деп шығарма жазған екенмін. Роза, Кәкима апайларымды үлгі тұтып жүріп, солардың ізіне түстім. Мен үшін жақсы ұстаз деген осындай болуы керек.

Алмагүл Бегишанова, Ұялы мәдениет үйінің үйірме жетекшісі:

  • Марқұм әкемнің жұмыс бабына байланысты біраз жерге қоныс аударғанбыз. Жымпиты ауданының «Тасқұдық» орта мектебінде бірінші сыныпқа барыппын. Оның өзі қызықты оқиғамен есте қалды. Тамыз айының орта кезінде анам Алматыға кеткен болатын. Қаннен-қаперсіз жүрген мен көшедегі кездескен қыздардан 1- сыныпқа қабылдап жатырғандығын ести сала киімімді киіп алып мектепке жүгіріп келдім. «Келе ғой қызым, орыс сыныбында оқисың ба, әлде қазақша оқисың ба» деп жүзінен күн нұрындай жылылық ескен апай сұрай бастады. Мен ойланбастан «қазақша оқимын» деп жауап бердім. Алғашқы ұстазым Лаура Сапарқызы деген өте керемет жан еді. Төртінші сынып көшкен кезде Орда ауданы, Тереңқұдық ауылына қоныс аудардық. 5-6-7 сыныптарды М.Бегалиева атындағы орта мектепте оқыдым. Жаңылсын, Ғалия, Мастура апайларымды әр кез сағынышпен еске аламын. Сегізінші сыныпты Жаңақала ауданы, Мортық ауылында жалғастырдым, бұл мектепте оныншы сыныпқа дейін оқыдым. Осы үш жылдың ішінде Қамария Лұқпанова есімді ұстазымды ерекше жақсы көрдім. Жайдарлы, бірқалыпты, байсалды адам еді. Сабақты түсіндіргенде өзіне тән ерекше дикциясымен әр сөзін нық сөйлеп, түсіндіретін әрі біздер оны сілтідей тынып, ұйып тыңдайтынбыз. Осындай ұлағатты ұстаздардан тәлім алғанмын және солардың бойынан көрген асыл қасиеттер өзімнің де болмысымнан табылса дейтінмін. Өйткені, жақсы адам ғана жақсы ұстаз бола алады деп түсінемін.

Сандуғаш Ихсанова, аудандық саз мектебінің мұғалімі:

— Мектептің табалдырығын алғаш аттаған сәтіміз күні кешегідей есімде. Балалықпен қоштасып, ересек өмірге қадам басқан күн әр адамның жадынан кетпейтін шығар. Мен Мұратсай ауылдық округінде бастауышқа қабылдандым. Алғашқы ұстазымыз Алма Түсіпқалиева еді. Өте жұмсақ, мейірімді, жылы жүзді апай болатын. Әріп пен санды алғаш сол апайымыз үйретті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Асылбек Нұралиев ағамызды өте құрметтеймін. Қазақтың «ұлық болсаң, кішік бол» деген мақалы сол кісіге арнап айтылғандай. Өте жан-жақты, өз мамандығын, қызметін шексіз сүйетін, әр оқушының тілін таба білетін білікті маман. Мектеп бітірер шағымызда біздерді ҰБТ-ға  дайындағандағы еңбегі бір төбе. Қалаға жетектеп апарып, ЖОО-ына тиісті құжаттарымызды тапсыртқызып, жанашыр бауырымыздай бірге жүріп, септігін тигізген.  Асылбек Мәлікұлының  азаматтығын шәкірттері еш ұмытпайды деп білемін.

Сауалнама жүргізген Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА