2.10.2020, 16:12
Қараулар: 488
АТАМНЫҢ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРЫ БІЗГЕ ҮЛГІ

АТАМНЫҢ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРЫ БІЗГЕ ҮЛГІ

Мен соғысты көрген жоқпын. Тәңір нәсіп еткен қастерлі тәуелсіздіктің арқасында еркін өскен бейбіт елдің жасымын. Бірақ осы сұм соғыссыз  тыныштық заманға жеткізген аталарымыздың қайтпас қайсарлығын, еңбектегі ерен ерлігін жақсы білемін, жан-жүрегіммен сезінемін.  Сонау отты жылдарда сұрапыл майдан талай шаңырақты шайқалтты, қаншама адам жақынынан көз жазды, анасы баласынан, баласы анасынан қапыда айырылды. Атам Ахмет Дүйсенғалиевтің балалық  шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген-ді. Өткенге әлсін-әлсін оралып, сол алмағайып уақыттың естеліктерін  біздерге де айтып отырады.

Атам 1930 жылдың 13 қазанында Орда ауданы, Теректі ауылдық кеңесінде, Толыбай құмында дүниеге келген. Теректідегі орта мектепті бітірген соң бұғанасы қатпай қара жұмысқа араласты.

  • Біз қаршадайымыздан жұмыс істедік. Шаршадым деп, ауырсынып, жұмыстан қалыс қалмадық. Бәрімізді де «Барлығы Отан үшін, ел үшін» деп жігерлендіріп қоятын. Мектепте толыққанды оқи алмадық. Күзде мал азығын жинап болмай, сабақ басталмайтын, — дейді өз әңгімесінде.

Атам 13 жасынан жазда шөп жинап, қыста мал қарады. Тек жас жеткіншектер ғана емес алты-жеті жасар балалар да жұмысқа тартылды. Тіпті он екі сағаттап жұмыс істеді. Қой бағу, өгізбен егістік жерді жырту, егін егіп, оны жинау жас балалар мен әйелдердің мойнында болады. Қатулы қабақ пен қатаң тәртіптің тезінде өскен балалар қара қағазға қарап қайғы жұтқан аналардың көз жасына да талай куә болды.

–Біз бала едік, бірақ балалықтың бал дәуреніне қаныға алмадық. Сонау майдан даласынан атылған оқ  жырақтағы ауылдарға да жетіп, бізді балалығымыздан айырды,- деп мұңаяды.

Атамның үлкен ағасы Өтепқали Дүйсенғалиев 1939 жылы әскерге шақырылып, 1941 жылдан 1945 жылға дейін соғысқа қатысып, жараланып  елге оралады. Ауылға жеткен соң еселі еңбек етіп, бертін келе дүниеден озды.  Екінші ағасы Оразғалиға соғыс майданынан дін аман оралу бұйырмаған екен. Марқұм болған бауыры туралы сұрастыра келе  1944 жылдың  30 сәуірінде Украина майданында қаза тапқандығын біледі. Нағашылары жағынан ағалары  Сабырғали, Қабдығали Керешевтер де жат жерде қаза тауыпты.  Олардың есімдері Жайық жағасында орын тепкен  «Мәңгілік алау» жанындағы тақтаға ойылып жазылған.

Ахмет атам соғыс аяқталған соң 1946-1950 жылдары Оралдағы ауылшаруашылығы техникумына оқуға түсіп, зоотехник, бухгалтер мамандығын алып шығады. Теректі ауылдық кеңесіне қарасты ветеринарлық учаскеде, «Каганович», «Интернационал» ұжымшарларында бухгалер болып қызмет жасайды. Бірақ осы тұста еліміз тағы бір дүрбелеңге тап болады.  Орда ауданы аумағы атом бомбасын сынайтын полигонға айналып шыға келеді. Полигонның зардабының қаншалықты болғаны қазіргі кезде жазылып та, айтылып та жүр. Ол өз алдына бөлек әңгіме. 1950 жылдары тажал сынағының зардабын шеккен Орда ауданы таратылып, атамның туған ауылы  Оңтүстік Қазақстан облысы Ильичев ауданына көшіріледі. Маусым айының ішінде үдіре көшкен ел Сайқын станциясынан ашық вагондарға тиеліп, бір айға жуық жол жүріп, Сырдария станциясы Ильичев ауданына барып түседі. Жолаушылар жолшыбай әр станцияға тоқтаған уақытта дүкеннен азық-түлік алуға асығатын. Бірде жасы келген әйел адам үлгермей қалып, пойыз жақтауына жармасам деп астына түсіп кетіп, екі аяғынан айырылып қалғанының да куәсі болыпты атам. Осылайша жол азабын тартып Ильичев ауданына да келіп жетеді. Аудан жұртшылығы  мақта, мал шаруашылығымен айналысады екен. Бұл жерге сондай-ақ  түрлі себептермен жер аударылған өзге ұлт өкілдері  де қатар қоныстаныпты. Жаңадан барған үш ұжымшардың адамдарын аудан орталығынан 70 шақырым тұратын «Путь к коммунизму», «Тельман» деген ұжымшарларға  орналастырады. Бұл жерге алғаш көшіп келгендерге үй салып алу үшін аздаған құрылыс материалы үйлестірілген көрінеді.  Жаңадан келгендерге паналайтын үй табылмай қалады.  Сондықтан салынған үйдің бір бөлмесін немесе көлеңкесін пайдалануға тура келіпті. Күш-қуаты барлар тапқан материалдарынан үй сала бастап, еңселерін тіктейді. Алайда, сол уақытта көпшілігінің, әсіресе  жасы егде тартқан жандар мен соғыс  мүгедектерінің үй салуға жағдайы, әл-ауқаты жетпейді. Осындай қиындықтарға төтеп берген атам бұл жерде де  адал қызмет етіп, маңдай терімен нәпақасын табады. Алайда жаңа қоныстанушыларға ауа райы  қолайсыз әсер еткені тағы бар. Күн райының қапырығы бір басқа, ішетін су  Сырдария өзенінен тартылған. «Ағынды су – адал, ағынсыз су – арам» демекші, лас судан ауру тұрғындардың денсаулығына жақпапты. Осындай күрделі мәселелерге тап болған жандар туған топырағына жетуді мақсат етеді. Ел жаяулап-жалпылап Ташкент станциясына жеткенде ауылдың көк жусанының жұпар иісін иіскеп, таңдайды мұздатқан тастай суын ішіп, көк жапырағымен бетті желпіген ақ терегін құшқандай сезінеді. Станциядан әрқайсысы Ақтөбе облысы, Жәнібек, Орда аудандары мен Астрахан, Элиста, Қалмақ қыры жерлеріне қоныс аударып кете барады. Менің атам отбасымен Астрахан облысы, Никольский ауданына бағыт алып, кейін Қаракөл қой кеңшарында жемісті еңбек етеді.Алайда туған жердің топырағы тартып, 1957 жылы кіндік қаны тамған Орда жеріне  көшіп келіп, М.Мәметова атындағы кеңшардың жұмысшылар кооперативінде бухгалтер болып қызмет етеді. 1964 жылы Орда ауылы қайта құрылып, 90-жылдарға дейін осында жұмыс жасап, құрметті еңбек демалысына шығады. Атам соғыс кезіндегі тылдағы тынымсыз еңбегі үшін, ұзақ та қажырлы еңбегі үшін түрлі  медаль, грамоталармен, үшін ҚР Президенті жарлығымен Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Әжем Нәбия Әпенқызы екеуі екі ұл, төрт қызды тәрбиелеп өсіреді. Әжем – «Алтын алқа» иегері. Әжем де тағдырлы жан. Балалығын соғыс ұрлаған ұрпақ. Әкесіз өсіп, беңбегімен жетілген жан. Атам екеуі балаларының оқып білім алуына бар күш-жігерін салып, тәлімді тәрбие беріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Қазірде сол балаларынан немере-шөбере, жиен-жиеншар көріп отырған салиқалы қариялар.

Атам – үлкен жүректі адамдарға тән қарапайымдылығымен, бауырмалдығымен, өзгелерді құрметтей білетін ерекше тұлғасымен бізге үлгі. Ол біз үшін жақсылық пен игілікті істердің, шарапат пен шапағаттың, қайырымдылықпен қамқорлықтың баға жетпес алтын қазынасы іспеттес. Қиындықта жасымай, қуанышқа тасымай өнегелі ғұмыр кешіп келе жатырған атамды мақтан тұтамын.

Атам биыл күзде мерейлі 90 жасқа толды. Мерейлі жасында мәуелі бәйтеректей ұрпақтарына сая, әулеттің тірегі болып Жамбыл жасына жетсін деп ниет етеміз.

Дастан АХМЕТОВ