2.10.2020, 15:31
Қараулар: 417
ЖҮРЕГІМНІҢ ТӨРІНЕН ОРЫН АЛҒАН ҰСТАЗЫМ

ЖҮРЕГІМНІҢ ТӨРІНЕН ОРЫН АЛҒАН ҰСТАЗЫМ

Ескі қойын дәптерлерімді парақтап алатын әдетіммен  қағаздарымды қопарып, өз шимайларыма үңіліп, біріне күліп, біріне таңырқап отырғанымда  мына жазбама көзім түсті. Мұғалімдер күні де жақындап келеді. Сондықтан жариялауды жөн көрдім. Ұстаздарымның көбі өмірден өткен. Құрманғали Төлешов, Талшын Алипқалиева, Болдық Сапарқызы, Зоя Саймағатбетова,  Халила Мұхамбетжанова, Нұржамал Латиева, Қалқаман Хайретдиновтың рухына басымды иемін.   Бүгін сағынышпен бәрін де есіме алсам, әрбірінен әр түрлі қасиетін алған екенмін. Маған өмірлік жолдама беріп, адами қасиеттерді бойыма дарытқан ұстаздарыма мың алғыс!

Иә, дәл бүгінгідей есімде. 1976 жылы 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын аттадым.  Үлкен-үлкен жамау терезелері бар, қабырғаларының да тозығы әбден жеткен ескі бір үлкен үйді «Мынау сенің мектебің» дегенде көңілім құлазып сала берді. Жасыл жайлауымда сайрандаған ойындарым мен  еркелетер әкемді қиып, әзер келген маған мектептің сиқы түк ұнамады. Көңілім құла далама бұрып, жылауға шақ тұрған маған анам:

  • Қызым, мынау сенің мұғалімің,-деп аппақ шашын желкесіне түйген, ақшыл жүзін әжім басқан бір апайды нұсқады. Мен бақырып жылап жібердім.

– Неге жылайсың?- деді анам шошып.

– Мұғалімім  Алтын апай болсыншы,-дедім жасқа булыға. Алтын Хайруллина өзі жап-жас сұлу мұғалім еді-ау. Әдемілікке қызығатын бала көңілім со апайды қалап тұрған-ды.  Сол кезде жаныма әлгі «кәрі мұғалім» келіп:

  • Қызым, атың кім, неге жылайсың?-деді күлімсіреп.

«Саған оқығым келмейді» деуге анамның алая қараған жанарымнан қаймықтым ба, қайдам:

– Менің мына құлайын деп тұрған ескі мектепке оқығым келмейді,-дедім,- сасқалақтап.

– Қызым, жылама, бұл мектепте уақытша, азғантай күн ғана оқимыз да, анау әдемі, жаңадан салынып жатқан мектепке көшеміз, — деп қазіргі М.Мәметова атындағы мектептің ғимаратын көрсетіп, басымнан сипады. Жып-жылы алақаны, сүйкімді дауысы жаныма ұмытылмас бір жылылық сыйлады. Ал сол «кәрі мұғалімнің» бір кездері сұлу келбетті жас мұғалім болғанын, оның қара шашын ағартқан, сұлу да әрлі бетіне әжім түсірген мен секілді ерке қыз бен тентек ұл екенін сәби көңілім қайдан сезсін?.. Мектептегі алғаш күнім аяқталып, үйге келген соң атам Ғазиз Нұрғалиұлына есеп бердім. Атам қарқылдап күліп алды да:

– О, о, ой, сол Талшын да талмағыш екен, Ақпайдамды (атам мені осылай атайтын) ескі мектепте, ескі мұғалім оқытқаны несі-ай? Ертең директорға «новый» мектепке ауысқанда, мұғалімді де «новыйласын» деп айтармын,-деді.

  • Қойшы, Ғазиз, бала сенің ойныңды қайдан түсінсін,-дейді Ақмамам Мінәш бәйек болып. Сөйтсем, атам Талшын апаймен әзілдесіп ойнайды екен де…

Шынымен, желтоқсан айы-ау, деймін, бір күні салтанатты түрде жаңа мектепке көштік. Бірақ мұғалімім өзгермеді. Мен болсам, атам директорға  айтып, өзгертіп тастай ма деп, алаңдап жүргенмін. Өйткені, «талмайтын Талшын апайдан» өткен мұғалім жоқ, нағыз мұғалім- осы!» деген ұғым санамда нық орнығып алған еді.

Апай әр үйден жиылған 28 тентектің басын біріктіріп, бірліктің, адалдық,  адамдықтың дәні мен білімнің дәнін көкірегімізге қатар сеуіп өзіне баурай берді. Менің бала қиялым өзімді Талшын апайдың орнына қойып, мұғалім болып қияда шарлап кетуші еді…

Сол қиялым арманыммен ұштасып мұғалім болдым. Менің мұғалімдік күндерімнің әрбір таңы ұстаздарымның бейнесімен есендесіп, күндік жоспарымды бекіттірумен басталады. Асыл ұстазымның бейнесі мұғалімдік қуанышымды, қиналысымды бірге кешеді. Оның ұстаздық тұлғасы жүрегіме нық орныққан. Жетістікті сәттерде жарқын жүзі күндей нұрланып биіктен күлімдесе, сәл шалыс бассам, тұнжырай жанымнан табылады. Біреулер «мұғалімге ескерткіш орнату керек» деп жатады ғой. Меніңше, жақсы ұстаздың тұлғасынан әр шәкірт өз жүрегіне мүсін-ескерткіш орнатып алады. Біреулер тағзым етіп, енді біреулер көзін де салмай жанынан өте шығар тас мүсіннен, жүрекке орныққан асыл мүсін артық емес пе?..

Сенің рухыңа мәңгілік тағзым етіп, шәкірттік жүрегімнен орын тепкен асыл мүсініңе гүл шоқтарын қойып келемін аяулы ұстазым Талшын Әліпқалиева!

Фарида НҰРҒАЛИЕВА,

Жәңгірхан атындағы ЖОББМ-нің мұғалімі.