2.10.2020, 15:26
Қараулар: 341
ӘДЕБИЕТКЕ БАУЛЫҒАН ҰСТАЗЫМА РИЗАМЫН

ӘДЕБИЕТКЕ БАУЛЫҒАН ҰСТАЗЫМА РИЗАМЫН

Мың ғасыр өтсе де қоғамға ұстаздың еңбегі керек-ақ. Тіпті зәру. Тарыдай болып кірген күніңізден бастап мектеп қабырғасында сіздің еркелігіңізді көтеретін де, қателіктеріңізді кешіретін де, сабақ беріп,  өмір сүрудің қыр-сырын үйрететін де ұстаздар қауымы. Таудай болып шыққан күніңізде де талабыңызға тілекші болып отыратын тағы да ұстаз. Мен үшін дәл сондай ең қадірлі, ең аяулы ұстаздарымның бірі – Нұрсұлу Әмірғалиева. Оның өз оқушыларына сабақ беруден бөлек, әр айтатын кеңесі мен тәлім-тәрбиесін елеусіз қалдыруға болмайды. Сондай ақкөңіл, түсінігі мол ұстазымның өмір жолы өнегеге толы.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі осындай өнегелі жан болуы заңды да шығар. Апайымыз бізге тек оқу материал меңгертіп қана қоймай, өмірлік азық болар насихат, жақсы әңгіме-мысалдарды айтады. Шығарма кейіпкерлерінің өмірінен ғана емес, шынайы өмірден үлгі етеді. «Қазіргі кезде кітапсүйер оқушыдан телефонның мыңдаған қыр-сырын білетін оқушы көп. Бірақ сол телефоннан, ғаламтордан оқығаның емес, парақтап кітаптан оқығанының есіңде қалады»-деп бізді әдебиетке баулиды.

– Мұғалімдік дипломды қолыңа алғанда, мұғалім деген атқа ие бола салу оп-оңай. Ал ұстаздық дәрежеге жету үшін талай тер төгу керек,-дейтін  Нұрсұлу Сәбитқызының ұстаздық еңбек өтілі 1991 жылдан басталады.

– Ұстаздар күніне арналған шығарма жазу кезінде 5-сыныптың бір оқушысы  «мен сізді сүйемін» деп жазып қойыпты. Дәптерді ашып,әбден күлдім. Балаң көңілден туған шәкірт жүрегінің ыстық ықыласына не дерсің?! Бұл кез келген марапаттан үлкен. Ұстаз үшін шәкіртіңнің ықыласы қымбат,-дейді апайымыз.

Мейірбан, ұлағатты ұстаз Нұрсұлу Сәбитқызы тек сол бір оқушы емес, бәріміз жақсы көреміз.

 Нұрай СИСЕНБАЙ,

 А.Құсайынов ат.мектеп оқушысы,

Мұратсай ауылы