2.10.2020, 15:19
Қараулар: 536
КІРПІНІҢ ҚҰПИЯСЫ

КІРПІНІҢ ҚҰПИЯСЫ

Кірпі – сіз бен бізге жақсы таныс мақұлық. Адамнан бір айласы кем қасқырдың өзіне алынбас қамал саналатын кірпі туралы не білеміз? Қарапайым, кішкентай ғана кірпінің көптеген ауруға ем екенін білесіз бе?

Кірпі – кең тараған сүтқоректі. Тек балшықты-батпақты жерлерде ғана кірпі кездесе бермейді екен. Кірпінің 17 түрі кездеседі.  Кірпінің ірі түрлері  4-7 жыл, ұсақ денелілері 2-4 жыл өмір сүреді.

Кірпінің көру қабілеті нашар дамыған. Ал есту қабілетінен алдына жан салмайды.

Кірпінің жүктілігі жеті аптаға созылады. Кірпі анасынан туғанда соқыр және инесіз болады. 16 күннен кейін ғана кірпі төлінің көру қабілеті қалыптасады.

Арқасына алма қадап, ініне таситын кірпі балаларға арналған кітаптардан көп кездесетіні рас. Бірақ кірпі жеміс-жидекті арқасына өңгеріп, тұрағына тасиды деген жалған сөз. Кірпі қыстың бәрін ұйқымен өткізетін болғасын қысқа алма, басқа да қорек тасып, әуре болмайды. 128 күн бойы тапжылмастан қалың ұйқыда болады. Бар болғаны жаз бойы қарнына май жинайды. Жазда жарты келіден артық салмақ жинамаған кірпі қыстан аман шыға алмайды.

Кірпі кішкентай ғана мақұлық болғанымен, анау-мынау улы жыланның өзіне қарсы тұра алады. Кірпіні удан эринацин ақуызы қорғайды екен. Жыланның қанша жерден тістегенімен кірпіні жеңе алмайтыны осы ақуыздың арқасы екен.

Орташа есеппен бір кірпінің денесінде ондаған мың ине болады. Олар әр үш жыл сайын жаңарып тұрады.

Кірпі – бау-бақшаның санитары іспетті. Бақша өнімдерін зиянкес жәндік, кеміргіштерден тазартып береді.

Кірпіні түлкі ғана айламен алады екен. өзіне төнген қауіпті сезген бойда кірпі жиырылып қалады. Инесіне бола ешбір жыртқышы кірпіге бас сала алмайды. Тек түлкі ғана кірпіні суға қарай домалатып апарып, суға топ еткізе түсіреді екен. Суға түскен кірпі жазылып сала береді де, түкеңнің азығына айналады.

Кірпінің жауы – кене. Шөп арасымен жүріп өткен кірпі инелерімен кенелерді өз бойына көшіріп алады екен. Сол кенелерден тазару үшін  темекі тұқылын іздеп жүріп, түйреп алады. Осылайша, темекі иісімен кенелерді аластатуға тырысады.

Қуырылған кірпі – сығандардың дәстүрлі тағамы. Негізі кірпі еті, сорпасы, тіпті күлінің өзі емдік қасиетке ие. Кірпі етінің сорпасы ағзаны тазалайды. Қанайналымын жақсартып, сұйылтады екен. Атам қазақ туберкулездің де емін осы кірпіден тапқан екен. Ол үшін бір күн бойы кірпінің аш ұстап, улы жыланмен қоректендірген. У кірпіге тарап, уытынан айырылады. Сол кезде ғана ол кірпіні сойып, сорпа ғып, науқасқа берген. Ал, кірпінің өті талма ауруынан айықтырады екен.  Кірпінің зәрін маскүнемдіктен арылу үшін пайдаланады. Ал, инесін қайшымен кесіп алып, өртеп, күлін жақса, кез келген шрамды кетіреді екен. Кірпінің өлімтігінің өзі ем. Өртеп, күлін жауыр болған малға жақса, жараның ізін де қалдырмай екен.

Кірпіде 36 тіс болады. Адамдардағы сияқты қартайған сайын тістері түсе бастайды.

Кірпіміз – жалғыздықты сүйетін хайуан. Басқа басқаны емес, өзінің қандастарымен де бір інде  бірлесіп өмір сүрмейді. Әр қайсының өз аумағы бар. Құдды бір жекешелендіріп алған тәрізді. Баса көктеп, көршісіне бара бермейді. Ол ол ма, кірпінің аналығы да аналық инстинктен ада. Яғни, балаларын бақпайды. Қатер төнген кезде балаларын тастап кете салады немесе жеп те қояды.

Дайындаған Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

Сіз білесіз бе?

Басқа да мақалалар