2.10.2020, 15:13
Қараулар: 371
Аружан Бердікова: «АРМАНЫМ – АЙТУЛЫ ӘНШІ БОЛУ»

Аружан Бердікова: «АРМАНЫМ – АЙТУЛЫ ӘНШІ БОЛУ»

Нұрайна Мұқтарова – М-С.Бабажанов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы. Нұрайна да болашағын журналистикадан байланыстырғысы келетін талапкер. Талантымен таныстырған қатар құрбысымен сұқбат құрып, тырнақалды туындысын жолдапты. Көзайым болыңыз. 

Аружан Бердікова: «АРМАНЫМ – АЙТУЛЫ ӘНШІ БОЛУ»

Аружан Бердікова ­– көпшіліктің  қошеметіне ие боп жүрген жас әнші.  Аружан – М.Мәметова атындағы мектептің 9-сынып оқушысы. Аудандық саз мектебінде ән айту шеберлігін үйреніп жүр. Кейіпкеріміздің жетістігі жоқ емес. Өнер сайыстарына қатысып, жеңімпаз атанған. Атап айтқанда, Абай атамыздың 175 жылдығы мерейтойына арналған «Әнді сүйсең, менше сүй» атты аудандық байқауда ІІ орын, «Music art festival» атты ІІ халықаралық шығармашылық онлайн-фестивальда академиялық вокал аталымы бойынша жүлделі ІІ орыннан көрінген. «Ұлы арман» атты Махамбет күйлері  мен Фариза Оңғарсынованың өлеңлеріне жазылған әндерді орындаушылар конкурсінде де жүлделілер сапынан табылған.

Болашақ өнер жұлдызымен сөйлесіп, сұқбат алдым. Менің алғашқы сұқбатым, бәлкім болашақтағы ән өнеріндегі жарық жұлдыздың да алғашқы сұқбаты болар.

— Неше  жасыннан ән айта бастадың?

— Ән айтуды 4-5 жасымнан бастадым. Менің ән айтуыма себепкер болған менің ата-анам. Ән айтуды үйреткен әкем. Маған ата-анам ән қосып беретін, тыңдаған әндерімді бірден жаттап алатын едім. Осылайша, ән айтып, мектептегі іш-шараларға қатысатын едім. 2016 жылы хорға қатысып бастадым. Сол жылдан бастап ән айтуға шындап кірістім.

— Қай жанрдағы, кімнің репертуарындағы әндер ұнайды? Қай тілдерде айтасың?

— Жанрға бөлсек, мен хип-хоп және джаз жанрдағы әндерді өзіне жақын көремін. Негізі бір адамның репертуары деп бөлмеймін. Әні ұнаса болды мен үшін. Ал, тіл жайына келсек,  өз ана тілімдегі әндер жеңіл әрине. Алайда, орыс тілді, ағылшын тілді де жат көрмеймін.

— Кімге ұқсағың келеді? Пір тұтатын әншің бар ма?

-Маған Димаш Құдайберген, Индира Еділбаева, Данелия Төлешева ұнайды. Сол әншілерге қарап мотивация аламын. Негізі Димашты пір тұтамын. Оның орындауындағы әндер қиын әндер. Оларды тыңдағанды ұнатамын.

— Өзіңді болашақта әнші ретінде көресің бе? Әншілікті қолға алып, өнер жолына барғың келе ме?

-Иә өзімді болашақта әнші ретінде көремін. Бірақ ата-анам өнер жолына барғаныма қарсы. «Өте қиын, көп қиналып кетесің» деп қарсылық білдіреді. Бірақ не болса да өнер жолын таңдаймын деп  өзіме уәде бердім. Мен музыкасыз өзімді елестете алмаймын. Ол – менің  таңдауым, өмірлік жолым. Қазірде  «талант бар, таныс жоқ» деп айтып жатады ғой, мен бұл пікірмен мүлде келіспеймін. Алға жетем деп мақсат қойсан, тырыссаң бәрі де болады. Ешқандай нәрсе саған оңайлық келмейді. Тырысу керексің, еңбектену керексің, маңдай тер төгу керексің. Маңдай теріңмен жеткен жетістігің де ерекше.

-«Үлкен болып қалу үшін ғаламда,

Үлкен арман керек екен адамға»дегендей қандай арманың бар, алға қойған мақсаттарыңа қандай? Сол туралы да айта кетсең?

-Алға қойған мақсаттарым өте көп. Бірақ ең бастысы – мектепті  жақсы бітіріп, грантқа түсу. Маған ең бастысы сол маңызды.

-Өзіңнен кейінгі іні-сіңілдеріне қандай ақыл кенес айтасың?

-Артымнан келе жатқан іні сіңілдеріме «ешқашан менің қолымнан келмейді, істей алмаймын деп ойлама. Бір адамның қолынан келген істі сен де жасай аласың. Ең бастысы, мақсат болу керек» дегім келеді.

— Сұқбатыңа рақмет. Алдағы өміріңе тек қана сәттілік тілеймін. Жетер биігің көп болсын.