2.10.2020, 15:06
Қараулар: 316
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТУҒАН ТІЛІНІҢ ОРНЫ БОСАҒАДА…

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТУҒАН ТІЛІНІҢ ОРНЫ БОСАҒАДА…

Бөрлілік Дана Атырау көзі қарақты оқырманымыз үшін таныс есімге айналған. Ауылындағы шын шеберді таныстырып, өткен шаралардан ақпарат беріп, түрлі тақырыпта ой толғап, хат жолдап тұратын оқушы Данамыз осы жазда студент атанды. Қазақ тілі мен әдебиетінің ұстазы атанбақ. Атына заты сай Дана қызымыздың арман биігін бағындыра береріне кәміл сенімдіміз. Сыздаған жараның аузында жүретін тілшілік қызметке құлшыныс білдірген сіңілімізге тілеріміз сәттілік қана.

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТУҒАН ТІЛІНІҢ ОРНЫ БОСАҒАДА…

Ақын көзі жұмылмас,

Жырдың көзі жұмылмай.

Елдің туы жығылмас,

Тілдің туы жығылмай, -деп қадыры асқақ Қадыр Мырза Əли атамыз айтқандай, тіл ­– қазақтың  құрсағына құдайдан дарыған құт. Ал осы тілдің қадірін қайран қазағым біліп жатыр ма деп, іштей қынжыласың кейде.

Осынау, тəуелсіздік алған жылдан бастап ұлттық тіліміз бен діліміздің қадірін  арттыру, қасиетін түсіну туралы мəселелер жиі көтеріліп келеді. Бірақ, сол баяғы қалпында. Қарапайым əрі мəңгілік сұрақтар. Бірақ, барлық жауап өзімізде екенін ешкім білмейді.

«Қазақта тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндер мəңгүрт»-деген керемет қанатты сөз бар. Расында, өзге тілде сөйлеуді  сəн санап, өз тіліңде сөйлегенді ар санайтын мəңгүрттер аз емес. Оны күнде көзіміз көріп жүр. Неге қазақ тілінде сөйлемейсіз десек, бірі біз орыс отыршылдығынан əлі шыға алмай  келеміз десе, енді бірі бұл заман талабы деп құтылады.

Бұл тұрғыда тіл маманы, халықаралық  «Қазақ тілі» қоғамы»   қоғамдық

бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Болат  Жексенғалиев: «Қазақ халқы аман болса, қазақ тілі де сақталады. Алаңдататыны тек қандай дәрежеде сақталады? Ал бұл алаңдау негізсіз емес. Жасыратыны жоқ, бір кезде Радлов, Янушкеевичтерді шешендігімен, сөйлеу мәнерімен таң қалдырып, түркі халықтары ішіндегі ең шешен халық атанған қазақ халқы бүгінде өзінің сөйлеу дәстүрін жоғалта бастады десек, қателесе қоймаспыз. Жат тілдің ықпалдары төл сөздерімізде де байқалып, қалыпты құбылысқа айналғанын өзіміз де сезбей қалдық (Айгуль, Тимур, Челкаров, Джусупов).  Бұл ықпал жазуда ғана емес, сөйлеу тілімізде де күшейіп келеді. Қазақ тілі өзінің үнділігі мен саздылығынан, әуезділігі мен әсемдігінен айырылып, күннен күнге жұтаң тартып бара жатқаны әсіресе, еліміздің ертеңі жас буынның сөйлеу тілінен анық байқалады. Қазақ мектебінде қазақша тәлім алған шәкірттеріміздің өзі сөйлеу тілінде тіл заңдылығын бұзып айтатын күнге, қазақ балалары қазақ тілінде орыс тілі акцентімен сөйлейтін күйге жеттік. Ал орысша оқыған ағайынның құлаққа түрпідей тиетін қазақшасын күнделікті естіп, тыңдап жүрміз. Жастарды айтамыз-ау, біздің бетке ұстар азаматтарымыздың өзі жұрт алдында қалай сөйлеп жүр? Тыңдап көріңіз. «Бұл қазақ тілі емес, қойыртпақ» (Г.Бельгер). Қазақ тілін күмбірлеген домбыраның қоңыр үніне (Қ.Жұмаділов)  теңесек, оның қазіргі күйін құлақ күйі кеткен домбыра үнімен салыстыруға болады. Ал құлақ күйі келмеген домбырамен салған ән мен тартқан күйде қандай тартымдылық бар? «Егер тілімізді бар байлығымен, үнділігімен, әуезділігімен, саздылығымен сақтай алмай, бұзып барып сақтасақ, ондай тіл үшін бүгінгі күрестің қажеті жоқ» деген тілші-ғалым Р.Сыздықова сөзінде ащы шындық бар» дейді. Туған тіліміздің шын жанашырына асып кім не айта алар?

Тіліміздің тағдырын  не өткенге, не болашаққа артып қажет емес. Тіл – біздің  ұлттық негізіміз. Тәуелсіздік алғанымызға екі мүшел өтсе де, туған тіліміздің орны босағадан боп тұр. Қазір де   қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі үшін күресіп жүрген жандар көп.Соның бірі- «Qazaqsha jaz» жобасы. Бұл жоба қазақ пен қазақ тілі үшін ең  керемет игі бастама болды. Ерікті жастардан құрылған бұл топ аз уақыттың ішінде көптеген компаниялар мен қызмет көрсету мекемелерін қазақша сөйлетті. Олар  əлеуметтік желі арқылы қазақша жазып, қазақша түсіндіріп, қазақша айтуларын талап етіп, мемлекеттік тілдің мəртебесін көтеріп,  жастардың қазақша сөйлеп, өз тіліне деген құрметін, сүйіспеншілігін арттыруда, жастарды рухтандыруға себеп болып, басқаларға үлгі боларлықтай іс көрсетті.

Дәл осы орайда тілімізге нақты жүйе керек екенін тілге тиек еткім келеді. Себебі: кейбір ғаламтор парақшаларында «қыркүйек-қыргүйек, дастархан-дастарқан, дархан-дарқан, рахмет-рақмет» деп жазу керек туралы хабарланыпты. Осы күнгі дейін қыркүйек деп жазып үйреніп қалған біз үшін бұл қиын соғары анық.

Туған тілің тірлігіңнің айғағы,

Тілім барда айтылар сыр ойдағы.

Өссе тілім мен де бірге өсемін!

Өшсе тілім, мен де бірге өшемін! – деп ақын Әбділдә Тәжібаев жырлағандай, тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады! Ұлттың ұлылығын сақтау әр қазақтың міндеті, парызы.  Тіл, діл, тәрбиеге қатысты сөз қозғағанда жалаң сөз, ұраннан гөрі нақты әрекет керек екені белгілі. Шұбарламай, әдемі сөйлеу, қай жерде болмасын, қай сала болмасын мемлекеттік тілге маңыз, басымдық беруіміз керек.

Дана АТЫРАУ,

Евразия Ұлттық Академиясының  І курс студенті

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар