2.10.2020, 15:01
Қараулар: 491
ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

 

Адам өмірінің мәні ұзақтығында емес, қалдырған ізінде екені белгілі. Кез келген адам ұрпағымен мың жасайды. Ал кей адам еткен еңбегімен, қылған жақсылығымен ел есінде есімі қалып, мың жасайды. Туғанына 90 жыл толған Ораз Карин осындай жан.

Аудан жері «Капустин Яр», Астрахань облысының шекарасында орналасқан Ахтуба қаласында «Мемлекеттік ұшыру сынау орталығына» мен және  «Азғыр» атом полигондарына қарамағына беріліп, тұрғындар жаппай көшірілген кезде Кариндер отбасы көршілес Жәнібек ауданының шалғай ауылы Жақсыбайдан бір-ақ шығады. Сол кездегі маман жоқтығынан болар мектеп қабырғасында зеректігімен танылған шәкірттер аттестат алсымен, маңызды жұмыстарға тартылып жататын-ды. Ораз ағамыз да Жақсыбай ауылындағы жетіжылдық мектепке мұғалім боп қабылданады. Дипломсыз маманның құлшынысы жоғары, жауапкершілігі бекем екені басшылық тарапынан еленбей қалмады. Аудандық комсомол комитетіне қызметке шақырылды. Жалынды комсомол Жәнібек аудандық мәдениет бөлімінің жұмыстарына жіберілді. 1964 жылы Орда кеңшары құрылған кезде сол шаруашылықтың кәсіподақ комитетінің төрағасы боп келді. Жаңа құрылған ауыл озат шаруашылық ретінде республика көлемінде аты шыққан ауыл болды.

Сол кезде Орда ауылы тек шаруа ісін ғана шебер ұйымдастырып қана қойған жоқ. Мәдени жұмыстарды ұйымдастырудың шебер үлгісін көрсетті. Соның бірі де бірегейі 1967 жылы Орда ауылында «Әкелер жолымен» атты облыстық комсомол жастардың слеті өткізілді. Оған облыстық комсомол комитетінің І хатшысы Әли Сабиров мен аудандық деңгейдегі комсомол басшысы Орақаңның төккен тер, еткен еңбегі өлшеусіз. Нақ  осы шара қазіргі Бөкей ордасының тамыры тереңде жатқан құт мекен, тарихи өлке екенін анық танытты. Сол кездегі еліміздің І хатшысы  Д.Қонаев халықтын үніне құлақ асып жастардың қозғалысын қолдап, 1972 жылы Мұхамед  Салық Бабажанов бабамыз ансаған  Орда қазіргі Бөкей Ордасы ауданы  наурыз айында қайта  құрылды. Ауданымыздың өз еншісін алып, іргесін бекітуіне Орақаң сияқты сол кездегі басшыларымыздың бастамашы болғанын бүгінгі буынның білгені дұрыс,-дейді аудан ақсақалы Чарлиз Қойшыбаев.

 

Аудан құрылған соң кейіпкеріміз ауылшарушылығы қызметкерлері кәсіподағының аудандық  комитеті төрағасы,  М.Мәметова атындағы  кеңшардың №3 бөлімшесінің меңгерушісі боп қызмет атқарды. Депутат та, коммунист те болды. Бүгінде көз көргендер ағамыздың мансабы, марапатын емес, адамдығын айтады.

  • Ораз ағамыз туралы айтсам, ең бірінші ол кісінің қағытпа сөзге шебер, мықты әзілқой болғанын еске аламын. Сапарлас болған бір оқиға есіме түсіп отыр. Озат шопан Кәкес Арыстанғалиевтің жетістігін көрсетіп, достық әзіл арнаған «Октябрь туы» газеті «Арыстанғалидың Кәкесі – ақ қозының көкесі» деген екен. Қойшымен амандасқан Орақаң осы өлең жолымен қағытып өтті. Шопанымыз да қара жаяу емес екен.

Орданың рабочкомы Карин Ораз,

Іскер жан, қызметінде тыным таппас.

«Жолдама курортқа берем» деген

Алты ай күттім, уәдесі өтірік, әлде рас,-деп жауап берді. Сөздің парқын білетін басшымыз «Уәдем – уәде! Науқан бітсін, барасың!» деді. Сөзінде тұрып, Кәкес ағамыз теңіз жағасына барып, тынығып келді.  Сол кездегі кәсіподақ ұйымы жұмысшы, қызметкерлердің тұрмыстық жағдайын, әлеуметтік қамын бірінші орынға қоятын. Мәдени шараларды да қалыс қалдырмайтын. Осы салада жұмыс жасаған Ораз Карин шебер ұйымдастырушы, адамдардың іс-қимылын, көңіл күй ауанын тап басатын сергек, сезімтал басшы еді. Оның іскерлік қабілеті Ордада еңбек еткен кезінде айқын байқалды. Шаруашылық «миллионер кеңшар» атанды. Ауыл тұрғындарынан құрылған домбыра оркестрі, бишілер тобы, жекелеген өнерпаздар үлкен жетістіктерге жетті. Ауыл мәдениеті артты. Осы істің бәрінде Орақаңның қолтаңбасы бар. Тағы бір ерекше айтпағым, Орақаң әділетті адам еді. Шымбайға батса да, шындықты жазып, мақаласы үшін «таяқ жеп», қағажу көру журналисттерге тән жағдай ғой. Әріптесіміз Болат Наурызғалиев «Сайқында жить можно» фельетонынан кейін дәл сондай күй кешті. Сол кезде Бәкеңнің еңбегін елеп, марапатқа ұсынған бірден бір басшы болса, ол осы Ораз Карин еді. «Сайқында всегда жить можно» деп, мәдениет үйінде көптің алдында кәсіподақ комитетінің марапатын табыс еткені күні кешегідей көз алдымызда,-дейді әріптесіміз Кәримолла Ғайсин.

Шоңай ауылының ауылнайы Тілепберген Қабесов кейіпкеріміздің іскерлігін жыр ғып айтты.

Красный куттан мал дәрігері бойынша білім алып, Саратовтың Аткарск қаласына қарасты Калинин ұжымшарында жұмыс жасап жүрген едім. Әкем қайтып, ауылға оралдым. Бірден осы Орақаңның қол астына түстім. Мені өз мамандығым бойынша жұмысқа алды. Орақаң өзі бір жұмыскер еді, талапшыл болатын. Үкіметтік қызметі десе асын ішпестен жүруші еді. Ашуы да қолында тұратын. Бірақ, қайтуы да тез. Басшы болған соң солай болуы да керек болар. Орақаңның ұйымдастырушылық қабілеті жақсы болатын. Орақаңның алыс-жақындағы әріптес басшылармен тіл табысуының арқасында шұжық цехы, тері илеу цехы құрылды ғой. Шұжық цехының директоры марқұм Бейбіт Хасанғалиев пен шопыр Белград Үмбеталиев Алматы, Шу қалаларынан қажетті аппараттарды тасыған еді. Ауылдық командирі болған соң Орақаң барлық жұмысты бақылап, құрылғаларды табу, алу, жеткізу істерін үйлестіріп жүретін. Барған жеріміздің басшылары «мықыр Ораз жіберді ме?» деп сұрайды да, бар шаруамызды шешіп беретін. Шыны керек, оның көпшілікпен тіл табысуы ерекше болатын. Көрген-түйгені мол азамат еді. Оған ақыл сұрап, көп адам келетін. Өзінің арнайы білімі де жоқ. Дегенмен айтары бар жан болатын. Үлкендік ақылын қай кезде де айтып жүретін. Әрі адамның көңілін аулауды жақсы біледі. Ауылдың бәрін танитын. Тіпті әр шаңырақтағы балаларды түгендеп жүретін. Әсіресе, науқандық жұмыстарға жұмылдырғанда бәрін тізбектеп отыратын. Ол кезде оқушыларды да шөп шабу, қырқу науқандарына жұмсайтын еді ғой. Жұмыс қызу болатын. Соның басы-қасында Орақаң жүретін.

Зейнеткер, ауданның құрметті азаматы, М.Мәметова атындағы кеңшардың байырғы малшысы Марат Мыңбаев  ағамыздың адамгершілігін жоғары бағалап:

  • Орақаң Шоңайымызға 1987 жылдың қысында Жаңбырбай (Камалов) ауырып қалып, соның орнына басқарма боп келді. Ораз келген жылы қыс қатты болатын. Жылқы малы көп қырылды. Орақаң шалашымызға келгенде малды емес, алдымен отбасыңды, жай-күйіңді сұрап алатын. Сосын ғана малды аралайтын. Тек жоспарлы уақытта емес, жол-жөнекей де келіп, жағдайымызды біліп жүретін. Өмір бойы малдың соңында жүрген жан үшін бір жылы сөз де көңілге демеу болатын. Осында оншақты жыл істеді. Осы кезде бірде-бір рет сөзге келген емеспіз. Бәрін орнымен айтатын. Әзілі де болатын, жүрген жері күлкі еді. Қонақжайлылығы ерекше еді.  Жеңгеміздің де  пейілі кең еді-ау,- деп естелік айтты.

Тағы бір шоңайлық Қазима Анесова да кейіпкеріміз туралы жылы естелігімен бөлісті.

  • Ораз аға басқарма болған кезінде мен осы Шоңайдың медбикесі болдым. Тікелей басшым аудан орталығындағы аурухана басшысы Ә.Ғаббасов болатын. Көлік қажеттілігі болсын, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі болсын, «салаң басқа, басшың бар» демей, қолдау көрсетті. 1988 жылы мен жоғары санатты медпункт фельдшері ретінде семинар өткізуім керек болды. Сонда облыстан басшылар, дәрігерлер, өзіміздің ауданымыздағы үлкенді-кішілі ауылдардағы ауруханалардан, фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттерден дәрігерлер, медбикелер мен фельдшерлер келді. Сонда «қандай көмек керек, тамақ алып келу керек болса көлігімді берейін» деп барынша көмектесетін. Сондағы айтатыны «Ауыл бәрімізге ортақ. Қонақ саған келсін, маған келсін, жақсы атағы да, жаман аты да бірге келеді. Қонақтардан ұят болмасын» дейтін. Сөйтіп ол шараны да басқарманың қолдауымен жоғары дәрежеде өткізгенмін. Ол кісі қолдамағанда ауылдағы жалғыз фельдшердің қолынан не келер еді?! Осы Шоңайда оның көмегін көрмедім деп айтатын кісі жоқ-ау. Бөлімшенің әр адамын өз отбасының адамындай көретін. Айтар ақылы болса айтып, бағыт сілтейтін. Оқығаны болмағанымен, өмірден түйгені мол жақсы адам еді ғой. Ортаның да сәні еді. Өзгелердей ала қағаз соғуды емес, әуелетіп ән салғанды, салиқалы әңгіме айтқанды ұнататын. Түрлі мерекелерді ұйымдастыруға бастамашы болатын.

Ағамыздың көзін көре қалған Ерболат Таңатов ағамыздан естіген әңгімеміз де аңызға бергісіз.

  • Орақаң ыссы, талапшыл басшы болды. Шаруасы оқсамай жатса, оңдырмайтын, табаға майсыз қуыратын. Он бес минут шыдасаң болған, әп-сәтте сабасына түсе қояды. Бірақ, қарапайым жұмысшының жағдайымен санасатын. Қарауындағы қызметкерінің үйдегі жағдайы, бала-шағасының азық-түлігіне дейін өзінен артық ойлайтын еді. Үкіметтің шаруасына белсенді болғанымен, өз үйінде тал сындырмайтын қызметкердің қысқы отынын қарауындағы екінші бір шаруаға ұқыпты қызметкерге тапсырып отыратын. Кәсіп одақты басқарған кезінде малдың соңында, қара жұмыстың бел ортасында жүретін қарапайым еңбек адамдарының жағдайын жақсартуды, олардың шетелдерге, жақсы демалыс орындарына баруына ұйытқы болды. «Көлеңкеде, салқын кабинетте отырған, салт басты, салпаң жүрістілер кетіп қалмасын, ана ауылдағы пәленше деген шопан, мына ауылдағы түгенше деген тракторист барсын» дейтін. Ашуы қолында жүретін қызба, кез келген жерде жеті атасынан сыбап жіберетін тентектеу кісі болғанымен аса әділетті, қайырымды басшы болды,-дейді Ерболат ағамыз.

Жаратқаннан жанды аманатқа алған адамның о дүниелік болуы заңдылық. Мәңгі жасайтын адам жоқ. Марқұмның есімі тегін жалғастыратын ұрпағымен есімі жалғасады. Сосын біз бүгін мақаламызға өзек еткендей естеліктермен есімі жаңғырады.  Көз көргендердің жылы естелігі ұрпағы үшін мақтаныш емес, ойлыға үлгі болары анық. «Тірілермен тірімін» деген сөз осындайдан қалса керек.

 

 Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ,

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ