30.09.2020, 18:16
Қараулар: 516
ПСИХИКАЛЫҚ ТЕЖЕЛІС – ҮКІМ ЕМЕС

ПСИХИКАЛЫҚ ТЕЖЕЛІС – ҮКІМ ЕМЕС

Дені сау ұрпақты ел келешегіне балар болсақ, оның тәрбиесі мен тұлғалық ерекшеліктеріне, интеллектуалдық қабілетінің дамуына, психикасының қалыпты жетілуіне  соғұрлым жіті мән бергеніміз абзал. Әсіресе, бала психикасы немқұрайлылық пен салғырттықты көтермейді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ауданымызда психикалық даму  тежелісі байқалған 50 ұл-қыз тіркелген болса, соның 13-і аудандық педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті мамандарының ұдайы бақылауында.

Алдымен психикалық дамудың тежелуі дегеніміз не, соған анықтама беріп өтелік.  Баланың интеллектуалды қабілетінің  өз жасына сәйкес келмеуін психикалық тежеліс дейміз. Бала бойындағы  психикалық өзгерістердің туындауына түрлі себептер әсер етуі мүмкін. Көп жағдайда қандай ма созылмалы аурулардан, туа біткен және жүре пайда болған соматикалық ақаулардан, отбасындағы күрделі психологиялық қарым-қатынастардан, жақын адамдарының жылуын толық сезінбегендіктен, жүктілік кезінде анасының дәрі-дәрмек нормасын асыруы,  психотропты препараттарды қолдану, шошыну, қорқу т.б жайттар баланың психикасына жағымсыз әсер етеді. Өз кезегінде психикалық тежеліске ұшыраған   балалар томаға-тұйық, жасқаншақ, қоршаған ортамен, қоғаммен коммуникативті байланысы  өте әлсіз боп келеді. Айналасына агрессивті мінез-құлық танытып, мезі қылатын шектен тыс қызбалығы да бала психикасында орын алған елеулі өзгерістерден хабар береді. Аталған факторлар өз кезегінде мектепшілік оқу бағдарламасын меңгеруде қиындықтарға әкеп соқтырары сөзсіз. Сондай-ақ, психикалық дамуы тежелген балаларда сөйлеудің жетілмеуі де анық білінеді, мұны дыбысты дұрыс айта алмауынан, сөздің жұтаңдығынан, сөздік қорының  жеткіліксіздігінен, грамматикалық құрылымдарды игеру қиындығынан байқай аламыз. Сондай-ақ, талдау, топтау, санау, салыстыру, ақпаратты қорыту секілді танымдық белсенділіктері де көңіл көншітерліктей болмайды.  Тіпті, оңы мен солын білмеу, түстерді ажырата алмау, өзінің киген киімдерін танымау, тіпті, киімінің сырмасын, түймесін таға алмау сықылды ересектердің көмегінсіз өз беттерінше атқаруы тиіс қарапайым әрекеттерді жасауда үлкен қиыншылықтарға тап болуы психикалық тежелістің айқын белгілері болып табылады.

Айнаш АТАЕВА, аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің меңгерушісі.

  • Бірден кесіп айтайын бала психикасының тежелуін — ақыл-ой кемістігімен шатастырмау керек. Психикалық тежеліс белгілі факторларға байланысты пайда болатын өзгерістер ғой, дер кезінде тиісті мамандарға қаралып, емдеу методикаларынан өтсе өз қатарластарын қуып жетіп алады. Өкінішке қарай, ата-аналарымызды «психика» деген термин үркітеді-ау деймін. Ұл-қызына психикалық тежелісі бар деген диагноз қойылса көндіккісі келмей, көпке дейін мойындамай, орталыққа әкелуге намыстанады. Өйткені, олар психикалық тежелістің уақыт создырмай емдеуге көшсе жазылатынын, қалыпқа келетінін түсінуге тырыспайды. Баланың психикалық тежелісін әуелі балабақшада тәрбиеші, психолог мамандар анықтауы тиіс, одан қалды мектеп мұғалімдері, психологтары әр оқушыға мінездеме құру арқылы қандай ма өзгерістерді жіті бақылап, түртіп отырады. Егер психикалық тежелістің белгілері байқалса бірден психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялық орталыққа жіберіледі. Бұл мамандар баланың бойындағы психологиялық тежелістің бар-жоғын анықтау арқылы жергілікті жердегі түзеу-оңалту мекемелеріне бағыттайды. Бір жыл көлемінде ем жүргізіледі, яғни, орталықтың анықтамасы бір-ақ жылға жарамды. Белгіленген мерзім аяқталған соң қайтадан тексерістен өтулері шарт. Бүгінде кабинетімізге  психикалық дамуы тежелген 13 бала келеді. 12-сі Сайқыннан, біреуі Хан ордасы ауылынан. Тағы бір айта кетерлігі баланы бірден кабинетке қабылдамаймыз. Әуелі оларды зерттейміз, жағдайын бақылаймыз, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасын тексереміз. Олардың әрқайсысымен дефектолог, логопед, әлеуметтік педагог, олигофренопедагог секілді мамандарымыз жоспарлы әдістемелеріне сай жұмыстанады. Білікті мамандардың ортасына түскен балалар уақыт өте келе мінездері ашылып, танымдық процестері қалыптасып, зейіні тұрақталып, белсенділіктері ашыла түседі. Әттегенайы баласының бойындағы қандай ма өзгерістерді байқамай, байқаса да  түзеу кабинетіне әкелуге тырыспаған ата-аналар бар. Жасы 12-ге келгенше тіл мүкістігін түзетуге еш амалын қарастырмаған ата-аналар да бар. Былай қарасаңыз, баланың өтпелі кезеңге аяқ басқанша комплекске бой алдырып, психикасының одан сайын күрделене түсуіне өздері жол ашып береді. Сондықтан, психикалық даму тежелісі деген диагноздан ұялып, қымсынудың қажеті жоқ, керісінше одан құтылудың, сауығудың амалына кірісу керек, — дейді Айнаш Қайсарқызы.

Әр бала үшін жеке оңалту жоспары жасалады. Себебі, балалардың ауру белгілері бірдей болғанымен, олардың табиғаты, жасы, мінез-құлқы, қосымша кемістіктері әртүрлі болуы мүмкін. Әр маман баланы 30-35 минут аралығында қабылдайды. Бұл баланың жағдайының ауыр-жеңілдігіне қарай 90 күннен басталып, 365 күнге, одан да ұзаққа созылуы мүмкін. Балалар жеке не  топта  тәрбиеленіп, танымдық, қызықты  ойындармен емдеу шаралары жүзеге асырылады.

Шынар Мұхтарова, педагог-психолог:

  • Психологиялық дамуының тежелуі бар балалармен жүргізілетін психологиялық түзету жұмыстарының маңызы өте зор. Баланың тұлғалық ерекшеліктерін анықтау барысында олардың кеңістікті бағдарлай білуін қадағалау, ойын дағдыларын оқу жүйесіне көшіру, басқа да әдістемелік шараларды жоғары деңгейде өткізу арқылы психикалық дамуы тежелген балаларды өз қатарластарының даму деңгейіне жеткізуге болады. Әсіресе ойын атаулының пайдасы көп. Мәселен, топтық жұмыстарда ойнатылатын үш ортақ элементтің арасынан артығын табуға арналған ойындар, дауыс диагностикасын анықтауға т.б арналған танымдық ойындар баланың қиялын байытады. Бұған дейін де айтқан болатынбыз, «ОЖЖ резидуалды-органикалық бұзылысы. Психикалық дамуының тежелісі. Көз торларының ангиопатиясы» деген диагнозбен ұл бала үш жыл бойына емделді. Алғашында өте тұйық, айналасындағы адамдармен оңайлықпен келісе алмайтын, зейіні тұрақсыз болатын. Оқу процесіне, айналасындағы құбылыстарға да аса қызығушылық танытпайтын. Біртіндеп түзету-дамыту жұмыстарына ұдайы қатысу арқылы мінезі өзгеріп, басқа балалармен, оқытушылармен байланысы жақсарды. Осы үш жылдың ішінде психикалық дамуында тежелісі бар деген тәрбиеленушіміз облыстық ПМПК-ның шешімімен есептен шығарылды. Бұл мысалымыз «ЗПР» дейтін терминнің байыбына бармай, үрке қарайтын ата-аналарға үлкен стимул болады деген сенімдемін. Психикалық тежеліс жазылмайтын дерт емес, уақытылы қаралып, емін алса баланың интеллектуалды, логикалық қабілеттерінің жоғарылап, қатарға қосылып кетуіне мүмкіндіктері зор, — дейді сенімді түрде.

Жыл сайын аудандық түзеу кабинеті мамандарының жанкешті еңбектерінің арқасында осындай диагнозы бар балалар сауығып, арнайы есептен шығарылып келеді. Мәселен, 2016-2017 оқу жылында  2 бала, 2017-2018 оқу жылында 3 бала, 2018-2019 оқу жылында тағы 3 бала тізімнен шығарылды. Бұл цифрлар психикалық тежелістің «бетін қайтарып»,  баланың қалыпты тірлікке араласуына мүмкіндіктері орасан екенінің дәлелі болса керек. Бастысы, психикалық дамуында тежелісі бар балалар әр уақытта   ерекше бақылаудан тыс қалмаулары қажет әрі түзету жұмыстары ұдайы,  жүйелі жүргізілуі тиіс. Дидактикалық материалдың, көрнекі құралдардың , ойын құралдарының, саз-ырғақты әдістемелердің  педагогикалық талаптарға сәйкес келуі  баланың айналасына қызығушылық танытып, диалогқа енуінің алғышарты болып табылады. Өйткені, бұл әдістердің барлығы да  баланың қарым-қатынасқа деген қажеттілігін оятып қана қоймайды, ішкі және сыртқы  эмоцияларын білдіртуге септігін тигізеді дейді саз-ырғақ маманы Нұрлан Жамбылов.

–Баланың эмоционалды дамуына ырғақтың, музыканың үлесі мол. Музыка қосылған жерде қимыл-қозғалыс та жүретіні заңдылық. Мәселен, бір бала өте тұйық, сабақ барысында белсенділік таныта бермейді. Алайда, топтық сабақ кезінде жанындағы балаларға еліктеу арқылы ырғаққа ілесе жөнеледі, айналасындағы көріністерге реакциясы жақсара бастады. Түрлі аспаптарда дыбыс шығару арқылы ойнау бала бойындағы ақауды біртіндеп жоюға септігін тигізеді. Сабақ барысында қолданған сөздерді, әуендерді бала күнделікті өмірде қолдана бастайды. Дүниетанымы, көзқарасы толыққан баланың  қызығушылық, ізденімпаздық қасиеттері де ұштала түседі, -дейді әуеннің емдік қасиеттеріне тоқтала.

Бұндай диагноз қойылған балалар жылы сөзге, мейірімге, қолдауға зәру болып келеді. Сондықтан олармен түзету жұмыстарын жүргізгенде психологиялық қауіпсіздігін сақтай отырып, жан дүниелерін түсінуге, қамқорлықты терең сезіндіруге тырысуымыз қажет дейді әріптесінің сөзін қостаған емдік дене шынықтыру нұсқаушысы Мереке Сисенов те.

Түйін: Дамуында тежелуі бар балалардың ақыл-ойы дұрыс, тек тежелу процесі  уақытша ғана екенін естен шығарманыңыз дұрыс. Әсіресе, осындай диагноз қойылған балалары үшін байбалам салып, мамандардан аулақ жүрмегендері абзал. Жүйелі ем, нәтижелі жұмыс – баланы сауықтырып, қатарға қосудың бірден бір жолы. Психикалық даму тежелісіне ұшыраған бала да  қоғамның бір мүшесі, сондықтан оны ортадан оқшауламай, назардан тыс қалдырмай, мадақтап, мақтап отыруды да ұмытпағайсыз.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ

Анар Исмағұлова, М-С.Бабабжанов атындағы мектептің бастауыш сынып  мұғалімі: 

– Бұл балалардың оқу үлгерімі ерекшеліктері 1-сыныптан бастап көріне бастайды. Бірақ анық белгілері 2-3 сыныпта белгілі болады.  Бұндай балалар оқу  процесіне жай қосылады,  оқу материалын жай немесе тіптен қабылдамайды, берілген тапсырманы мұғалімнің көмегінсіз орындай алмайды, оқыған мәтінін түсінбейді және түсінгенін айтып бере алмайды, есептер шығарған кезде қателер жібереді, түстерді ажырата алмайды, оңы мен солын, тіпті өзінің киген күртешесін де тауып ала алмауы мүмкін. Дегенмен, әр балада еңбек қабілетінің төмендеуі және зейін тұрақсыздығы түрліше көрініс табуы мүмкін. Кейбірінің зейіні, логикалық есте сақтауы, ойлауы, кеңістікті бағдарлауы төмен болып келсе, енді біреуі дөрекіленіп, ересектердің сөзін бөліп, оғаш қылықтарға жол береді, құрдастарымен тіл табыса алмайды.  Сондықтан, әр мұғалім алдына келген оқушылармен етене жақын қарым-қатынас орната білуі тиіс. Олардың артықшылықтарын да, кемшін тұстарын да жақсы аңғаруы керек. Ерте жасынан ауытқу анықталса демек емдеу курстары да соғұрлым тез әрі тиімді өтеді. Бұл дегеніміз сол баланың қатарластарымен теңдей оқып, білім алып, демалып, ойнап, дамуына жол ашылды дегенді білдіреді. Әлбетте, ата-аналарға да бала психикасындағы қандай ма өзгерістерді байқай қалса уақыт жоғалтпай, мамандарға көрсетсе ұтары анық. Практикамда бұндай ауытқушылық байқалған балаларды дер кезінде анықтап, тиісті мамандардың бақылауына жіберіп отырамын. Алды толық жазылып, психикасы тұрақталып, қатарға қосылып кетті.

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА