24.09.2020, 18:13
Қараулар: 489
ЖЕР БӨЛІСПЕГЕН КӨРШІЛЕР

ЖЕР БӨЛІСПЕГЕН КӨРШІЛЕР

Жер дауы – көшпелі қазақтың тарихынан белгілі дау.  Ғасырлар өтіп, ұрпақ жаңарса да, жерге талас мәселесі күн тәртібінен түсер емес.  Жайылымдық жер, шабындық деген мал баққан елдің басты байлығы. Қозы көш болса да, жерің болмаса, төрт түлік басынын еселенуі қиын. Жуырда  «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалында осы жер дауына қатысты жиын өтті.

Медиаторлық жиынға Сайқын ауылдық округ әкімі Нұргүл Омарова, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының төрайымы Бибігүл Жұмағұлова, аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллин, сол бөлімнің бас маманы Талғат Әбдірешов, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Карин қатысты.

Жиын барысында Бибігүл Жұмағұлова бірнеше шаруа қожалық иесінен өз атына және Сайқын ауылдық округ әкімі Нұргүл Омарованың атына арыз келіп түскенін айтты.

Арыздың мән-жайын таратып айтсақ, ауыл тұрғыны Жұмагерей Хадешов көршілес орналасқан «Мерует» шаруа қожалығының иесі  Қайырболат Хамидуллиннің қоңсыластарына кедергі келтіріп отырғанын айтыпты. Дәлірек айтсақ, шағымданушының сөзіне сайсақ, Қайырболат Хамидуллин қарауында аумағы 347 га жер бар екен. Жер аумағымен иелегіндегі малдың саны сәйкеспейді, тарлық етеді дейді. Малының санын нақтылап айтсақ, 400-ге жуық ірі қарасы мен 60-70-тей жылқы малы бар екен. Хамидуллинге тиесілі жерге сыймаған мал көршілес шаруа қожалықтарының жерін «басып кіргенге» ұқсайды.

  • Бар пайдамыз, нәпақамызды айырар табысымыз болған соң біз үшін де жайылымдық жер аумағы, шөптің жайы аса маңызды. Заты хайуан мал түлегінің «жер кімдікі? Бөтеннің иелігі» деген ұғым жоқ қой. Күйсер шөбі, жайылар жері болса болды. Малға тимей, қожайынына шықтық. «Малың біздің жерде жүр. Ортақтаспа. Малыңның басын қайырып ал» деп өзіне тікелей шығып жайша да айттық. Уәкілетті органдарға арыздап та көрдік. Нәтиже жоқ. Енді не істейтінімді білмеймін. Айта- айта шаршап та кеттік. Мал иесі сөз ұғып, пәтуаға келер емес. Айтсаң, өзіңе сөз қайтарады. Бұл бірінші рет арыз жазып, даулау емес. Осыдан шешім таппаса, сотқа жүгінуге тура келеді, — деді Жұмагерей Хадешов.

Бұл арыздың артында тек Жұмагерей ағамыз тұрған жоқ. Көршілес орналасқан малды ауылды иелері  «Қайырболат» ШҚ қожайыны Сахрат Аманжолов, «Алмабек» ШҚ басшысы Алмабек Қазиханов, «Мұрагер» ШҚ басшысы Даниял Әлмұратов, «Джакубалиев Ж. А.» ШҚ қожайыны Жігер Джакубалиев бар. Шаруа қожалық иелері бірінің аузына бірі түкіргендей, көршілері Хамидуллиннің бағымсыз малы туралы айтты. Сахрат Аманжолов:

– Биыл  жыл шөп жоқ. Өзімізде де мал жеткілікті. Ал көршіміздің малы тіпті қарауымыздағы жерді қойып, ауламызға дейін келді, — деп шағымын айтса, «Алмабек» ШҚ иесі Алмабек Қазиханов көршісінің малы шаруашылығын сындырып, таптап кеткенін де айтып өтті.

Ал жәбірленушілердің сөздері бір жерден шығып тұрса да, Қайырболат Хамидуллин өз кінәсін мойындамайтынын айтып жеткізді.  Өзіне қарсы шағым айтқан шаруа қожалықтарының ауданның мал шаруашылығын сауатты дамытуға еш үлес қоспай отырғанын тілге тиек етті.  Арызданушылардың айтып отырған мал санын да өтірікке шығарды.

Екі жақты тең тыңдаған жиын төрайымы Бибігүл Жұмағұлова қосымша ақпарат ретінде  Қайырболат Хамидуллинның биылғы  жер алу үшін конкурсқа қатысқанын айтты.

  • Иә, Қайырболат ағамыз биылғы жылы конкурстен өте алмады. Дегенмен біздің бөлім тарабынан көмек көрсетілген болатын. Аудан әкімінің рұқсатымен бұл кісіге қысқа мерзімдік қолдануға1000 га жер берілген болатын. Бастапқы кезде сол жерге барып тұрамын деген сөздер айтылып еді. Ал қазір болса «менің малым ол жердің суын ішпейді» деген сөздермен баруға бас тартып отыр, -деді Руслан Карин.

Жәбірленушілерде сұрақтарын қоюға асықты. «Малының санын біле тұра, бастапқы да неге соншама шағын жер берілді бұл кісіге?» деген сұраққа бөлім басшысы Қайырболат Хамидуллин жер алған кезде басында тіркелген малдың саны берілген жерге сәйкес болатындығын айтып жеткізді.

Жиын барысында дәлелін таппаған бірден бір мәселе болса, ол –Қайырболат Хамидуллинның атына тіркелген малы саны болып табылды. Қайырболат ағамыздың айтуынша басында 250 бастай ірі қара тіркелген. Ал жәбірленушілердің айтып отырған 400 бас мал бар деген әңгімені өтірікке шығарумен болды.

Дегенмен жәбірленушілер тиісті органдарды тексеруді талап еткен болатын. Бұл мәселенің жауабын ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллин берді.

  • Өз еркімізбен тексеріске шыға алмаймыз. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан Президентіміздің қаулысы бойынша жеке кәсіпкер және шаруа қожалық иелеріне мораторий енгізілген болатын. Дегенмен, тиісті органға, мысалыға, ауыл округ әкімшілігіне немесе жер қатынастар бөліміне жүгініп арызыңызды берсеңіз болады. Ол облысқа жолданып, содан облыс әкімінің шешімі бойынша арнайы тексеріс ұйымдастырылады. Ал басқаша шешім бұл мәселеде көріп тұрған жоқпын,- деді бөлім басшысы Сүйінбек Хайроллин.

Әрине, мекеме қызметкерлерін тындап отырсаң ,бұл мәселе шешімін таппайтындай. Дегенмен, бұл жерде қызметкерлерлің кінәсі емес заңның осалдығы  немесе мораторий болып табылатын шығар. Алайда, кедергіге қарамастан жиынға медиатор ретінде қатысқан мекеме қызметкерлері көршілер ортасындағы  дауды түсінік жұмыстары арқылы шешуге тырысты.

Дәл сол жиын барысында түсінік жұмыстары оң нәтежие алғандай болып еді. Тіпті Қайырболат Хамидуллин он күн аралығында көшуге тырысатындығын айтқан болатын.

Он күн де зулап өте шықты. Межелі уақыт келді. Нендей өзгеріс болды?

Осы сұрақтарымызбен жәбірленуші тарап  Жұмагерей Хадешовке хабарластық.

– Ештеңе де өзгермеді. Тіпті, «не істесең де өзің біл» дегендей қолын сілтеп кетті. Қазіргі кезде тіпті менің жерімде ірі қарасына қоса, жылқысы да жүр. Енді сотқа жүгінбесе, басқа қылар лажым жоқ, — дейді ағамыз.  Сайқын ауылдық округінің әкімі Нұргүл Омарованың да жауабы осы тақылеттес.

  • Өзіңіз білетіндей, бастапқыда келісім берген Қайырболат ағамыз сөзінде тұрмады. Енді ол кісіге не іс қолданатынымыз да белгісіз. Әрине өзара шешілгені жақсы болаты еді. Аға буынның кейінгіге үлгі болуының орнына бір-бірімен соттасып жатқаны, әрине, өкінішті, -дейді ол.

Кезіндегі көрші ақысы қияметте ар таразысына салынатын үлкен құндылық еді.  «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп алыстағы ағайынынан гөрі қасындағы көршісінің жеңісін тілеп отыратын атам қазақтың бүгінгі ұрпағы осындай…  Өкінішті.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ