24.09.2020, 18:06
Қараулар: 453
«БАЛАМДЫ МЕДРЕСЕГЕ «БІЛ» ДЕП БЕРДІМ…»

«БАЛАМДЫ МЕДРЕСЕГЕ «БІЛ» ДЕП БЕРДІМ…»

Соңғы жылдары медреседе оқитын, дінтану саласын таңдаған жастарымыз көбеюде. Қысқа балақ, ұзын сақал, тар түсініктілер шылауында кеткендер көбейген шақта медреседе оқып, ақидасына адал, сауатты, саналы дінтанушылар қатарының артқаны дұрыс, әрине. Медреседе, дінтану бағытында оқып жүрген жастарымызды сөзге тартып, пікірлерін білген едік.

КЕМЕЛ МҰСЫЛМАНДЫҚТАН – ҚАРИЛЫҚҚА

Мұратбек Жахатов бұл күндері тек бөкейліктерге емес, тұтас облысқа танымал. Тек имамдығы ғана емес, ескіден қалған көне құлпытастарды бүгінгі тілде сөйлетіп, өлке тарихына үлкен үлес қосып жүргені бар. ең бастысы, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған абзал әке. «Бір ұл бар, әкесінен оза туған…» демекші, қажекеңнің Әлембек пен Ғаламбек есімді  қос ұлы да дінтану жолына түсіп, діни оқу орындарында оқып жүр.

Әлембегінің діни оқу жолында жүргеніне тоғыз жыл бопты. Тоғыз жылдағы бағындырған биіктігі, игерген білімі еңселі. Құранның грамматикалық-фонетикалық құрылымы, лексикологиясы тұтас «Жазария» деп аталса, Әлембегіміз сол ғылымды толық меңгеріп, үлкен ұстаздары алдында сынақтан өтіп, білімін дәлелдеді. Ал, «Ижаза» деген құранды шәкірттерге үйретудің әдістемесі. Мақтаулы ұлымыз сол ғылымды да меңгеріп, шәкірт тәрбиелеу құқығына ие болды. Бүгінде Қарилар дайындайтын Стамбул медресесінде оқып жүрген Әлембек Каспи соңғы үш жылда тарауих намазын шығарып, өз білік дәрежесін дәлелдеп те үлгерді.

Діннің тақырыбын жақсы білетіндер рамазан айында ғана оқылатын аса қасиетті Тарауих намазын шығаруды көбінесе оңтүстіктің имамдары орындайтын. Тіпті Түркия, араб елдерінен кісі алдырып тарауих намазын өткізеді. Ерекше намазды оқу үлкен білімді қажет етеді дейді.

  • Балаларыңыздың діни оқу орнын таңдауына әке ықпалы қаншалықты рөл атқарды? Бұл дер кезінде оқымай, қолын мезгілінен кеш сермеп, арман-мақсатын балалары арқылы орындау емес пе?-деп сұрадық қос шәкірттің әкесі Мұратбек қажыдан.
  • Бүгін қолыңнан ұстаған балаң, ертең махшар күні жағаңа жабысуды қаламасаң, оған дінін үйрет» дейді ғой. Менің ұстанымым осы. Ал, менен көргенін жалғастырып, осы жолдағы оқуды таңдаулары балалардың өз қалауы. Әлембектің тілі құран сүрелерімен шықты. Сайқында имам боп тұрған кезінде балам алтыншы сыныпты тәмамдаған соң, осы діни оқу орнына кетті. Балаларым ұстазынан озып, әкесі жетпеген жетістікке жетіп жатса, мен тек қуанамын ғой. Қазіргі жастардың исламтанушы, қари, хафиз болуды мақсат еткендері көңіл қуантады. Осы жолда жүрген бөкейлік жастар көп. Беталыстары жақсы. Стамбулда оқып жатқан Сырымбек Ахметовті де мақтанышпен айта кетуге болады. Білімі толған, ғалымдық деңгейге дейін жеткен жас. Мүмкіндікті толық пайдаланып, елге қызмет қылуды, дұрыс бағыт беруді, саналы тәрбие беруді мақсат еткен жастарды қолдауымыз керек,-дейді Мұратбек Жахатов.

Түркиядағы  Әлембекпен тілдесудің реті келмесе де, бауыры, Сарыағаштағы медресе-колледжінің шәкірті Ғаламбектің пікірін білдік.

  • Тоғызыншы сыныптан осы медресеге баруға шешім қабылдадым. Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен орыс тілінен емтихан тапсырдым. Колледждің жатақхана, стипендия мәселесі шешілген. Тоғызыншы сыныптан кейінгі оқу орны болған соң, барлық негізгі орта білім беру орындарындағыдай негізгі пәндер оқытылады. Оған қосымша құран, ақида мен фиқһ ілімдерін, араб тілін оқимыз,-дейді Ғаламбек Мұратбекұлы.

МЕДРЕСЕДЕ ОҚЫП ЖҮР ЖАННАДАЙЫН БҰРЫМДЫМЫЗ

Ұлдармен қатар медреседегі оқуды таңдағандар арасында Жаннагүл Нигметуллина сияқты бұрымдымыз да бар. Жаннагүлімізбен де аз-кем сұқбат құрып, медреседегі оқу жайын, ерекшеліктерін сұрап білдік.

– Медресеге бару туралы шешім қалай қабылданды? Кім ықпал етті? -деген сауал қойған едік.

– Медресе туралы ақпаратты  ағамнан естіген болатынмын. Кейін өз ойымды ата-анама білдіріп, олардың рұқсаттарын алып, медресеге оқуға тапсыру туралы шешім қабылдадым. Бүгінде Сарыағаш медресе-колледжінде білім алып жатқан жайым бар. Бұйыртса, исламтанушы мамандығын алып шығамыз,-деп жауап берді.

Оқуға қабылдау барысында қазақ тілінен тест тапсырып, әңгімелесуден өтіпті.

  • Колледжде бар жағдай қарастырылған. Тегін жатақхана,үш мезгілдік тамақпен қамтамасыз етілген. Әрі үздік оқушыларға шəкіртақы ұсынылады.Құран, Ислам тарихы, хадис ілімі мен араб тілін меңгерудеміз. Әр сабағымыз қызықты. Дүниетанымызға серпіліс беретін мағлұматтар аламыз,- дейді колледж өмірінен әңгіме айтқан кейіпкеріміз.
  • Шыны керек, діни оқу орындары дегенде әр уақыты санаулы, құран үйрену, намаз оқу, басқа да мұсылман шарттарын басшылыққа алған шәкірттердің өмірінде бос жүріс, селдебай қыдырыс жоқтай көрінеді. Тәртіп қатаң ба?
  • Қатаң тәртіп жоқ, жақсы тәрбие бар дер едім. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес,  тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген  білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Адамға ең алдымен жақсы тәрбие керек. Медреседе басқа колледждер секілді тек біліммен шектелмеген.Ол жерде қыз бала тəрбиесі, яғни үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болуды əрі тазалық, ұстазға құрмет, сөйлеу əдебі, киіну əдебі секілді адам бойына керекті құндылықтарды үйретеді.
  • Осы оқуға түскелі бері ойың, көзқарасыңды өзгертерлік жаңалық болды ма, ілім таныдың ба? -деп сұрадық.
  • Шынымды айтсам, оқуға түскелі ой-танымым біршама өзгерді. Анығына келсек, кітап оқу ол тек мектеп пəндерін оқумен шектеледі деп ойлаушы едім. Кітап атаулыға қызығушылығым мүлдем жоқ болатын. Бұл əлемнің əдемілігі жаратылыстың, тіпті адам бейнесінің əдемілігі деген нəрселерді қатты ойламайтынмын, əр нəрсенін басталу тарихтарына қатты қызықпайтынмын. Медресеге түскеннен бастап ол жердегі біліммен сусындана отырып бұл қызықпаған дүниелерім адамнын ой-танымын өсіретінін, салмақтылыққа үйрететінін түсіндім. Əрі ата-ана, бауыр, туған-туыстың, күллі мұсылман жұртының мен үшін қаншалықты орын алатынын көрсетті.Қысқаша айтқанда, медресе білімі менің өмірлік сауатымды ашты деседе болады.

БІР ҮЙДЕГІ ҚОС ИМАМ

Шомановтар әулетінің Алмас, Оралхан есімді қос ұлы да медреседе оқып жүр.

  • Астанадағы үш жылдық медресеге оқуға бару үшін анамыздан рұқсат алдық. Бүгінде сол медресенің екінші курсын тәмамдаған жайымыз бар. Сабағымыз аса қызықты. Тарих, араб тілі, қазақ тілі мен ағылшын тілін оқимыз. Көне түрік жазбасы деген пән бар. Бұрынғы батыр, би, тархандарымыздан қалған қолжазба, көне ескерткіштерді оқуға үйретеді. Колледжіміз жатақханамен қамтамасыз етілген. Таңғы 8.30-дан бастап, түске дейін 80 минуттан үш пән оқимыз. Барлық оқу орындарындағыдай емтихан тапсыру, дипломдық жұмыстар қорғау сияқты міндеттемелер бар. Емтиханды бас муфтидің өзі қабылдайды,-дейді Оралхан.

Астанадағы медресенің де тәртіптік құрылымын сұраған едік. Оралхан бауырымыз:

  • Біздің медресесіздегі басты талап, басты шарт – «Тазалық –иманның жартысы» деген ұстанымға негізделген. Мұндағы тазалық дегеніміз тек жатын орын, киім-кешек, тамақ ішер орынның мұнтаздай тазалығы емес, ішкі дүниенің тазалығы. Өтірік-өсек айту, күпірлік қылу, ғайбат айту, дөрекіліктен таза болуды талап етіледі. Яғни, мінездің көркемдігі басты талап. Осы талап сақталған жерде, осы тазалық сақталған жерде тәртіп мінсіз болады екен,-деп жауап қатты.
  • Медресе сенің ойың, көзқарасыңды өзгертті ме? -деген сұрағымызға да тамаша жауап берді.
  • Шариғат ілімі адамды өзгертеді, тәрбиелейді. Жеміс ағашының пәлегі, жемісі көп болған сайын, иілгіш келеді. Адам да көп білген сайын, ақылы толысқан сайын, көркем мінезі артуы керек. Сабырлыққа, ұстамдылыққа үйретеді. Мінезіміз түзелді деуге болатын шығар. Ал, оқып, игеріп жатқан ілім-біліміздің өзі үлкен байлық екені айтпаса да түсінікті.

Қазіргі таңда астаналық шәкірттер елдегі мешіттерде тәжірибеден өтуде. Оралхан Тасқала аудандық мешітте уақытша қызметте жүрсе, Алмасы ауылда, яки, Сайқындағы аудандық мешітте тәжірибеден өтуде.

  • Көптік жерде сіздерді жас деп, қисық-қыңыр сұрақ қойып, білімдеріңді сынға салып жатыр ма? Мысалы, «өліп ана дүниенің барын көріп келген адам бар ма? Кім барып, мақшар алаңы, Сырат көпірін көріп келді дейсің?» деген сияқты сұрақтар қойылмай ма? Мешітте қызметте жүр екенсіңдер, жұмысыңыздың қиындығы неде? Коммунистік іліммен атеизммен қатып қалған аға буынның пікірін өзгерту қиын ба? Теріс жолдағы жас буынның бетін қайтару қиын ба?-деп сұрадық.
  • Ондай сауалдар болады ғой, жастығына қарап күмән келтірушілер де болады. Көп жұмыс жасап тастадық дей алмаймын, бірақ бір білгенім, қатып қалған қасаң түсініктегі аға буынды иландырған гөрі жастармен жұмыс жасаған нәтижелі,-деп жауап берді.

Міне, медреседе оқып, діни сауат ашып жүрген жастарымыз осындай. Исламның шырағы, жол бастарымыз осындай саналы, сауатты жастар екені шүбәсіз. Елге еселі еңбек етуге жазсын жастарымызға!

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ