24.09.2020, 17:40
Қараулар: 493
АЛАШҚА АЯН БОЛҒАН БІР АТАНЫҢ БАЛАЛАРЫ

АЛАШҚА АЯН БОЛҒАН БІР АТАНЫҢ БАЛАЛАРЫ

«Ел азаматымен, жер топырағымен киелі» демекші, Бөкей даласы талай дарынды, кемеңгер, оқымыстылар туған киелі өлке екендігі баршаға мәлім. Туған еліне есімі ұран болған тұтас әулеттер де баршылық. Соның бірі де, бірегейі – Сарыбаевтар әулеті.

Бұл әулеттен халқымыздың тарихы, мәдениеті, ғылымы, өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан танымал тұлғалар шықты. Атап айтсақ,  азамат соғысына қатысқан, қоғам қайраткері, ұстаз Ғабит Қайроллаұлы Сарыбаев (1893-1966),  ғалым Шамғали Харесұлы Сарыбаев(1893-1958), филология ғылымдарының докторы, профессор Шора Шамғалиұлы Сарыбаев (1925-2018), музыкатанушы, өнертану ғылымдарының докторы  Болат Шамғалиұлы Сарыбаев (1927-1984) сынды әр қайсысы өз алдына бөлек жеке әңгімеге арқау болатын, елге еңбегі сіңген айтулы біртуар тұлғалар.

Танымал Сарыбаевтардың арғы аталары Сарыбай Байқалов, одан туған  Харес пен  Хайролла Бөкей елінде дүниеге келіп, халық ағарту саласында қызмет атқарған елеулі тұлғалар.

Олардың шығу тегіне келер болсақ, Кіші жүздің ішінде, Он екі ата Байұлының, Байбақты руы Бұғанай бөлімінен шыққан. Арғы бабалары: Жәмеңке, Баба, Кішкілдік, Сарымырза, Байқал, Сарыбай.

Сарыбай Байқалов Толыбайда діни мұғалім, молда болғандығын  Хан ордасы музей-қорығы қорындағы  1882 жылдың желтоқсанында бірыңғай татарша оқытатын молдалар туралы толтырылған құжат дәлелдейді. Онда Сарыбайдың 1845 жылдардан бері Нарын бөлігінің Толыбай бөлімшесіндегі медреседе  молда болғандығы айтылады. Сонымен бірге Бөкей  ордасында 1917 жылға дейін қазақ балаларын қазақ тілінде оқытқан оқытушылардың тізбесінде Орынбордағы «Хусайния»  медресесінің түлектері Шамғали мен Ғабит Сарыбаевтардың есімдері жазылған.

Харес Сарыбаевтың ұлы Шамғали 1893 жылы Бөкей ордасы ауданының бұрынғы Астрахан губерниясы, Ішкі Қырғыз Ордасы, Орда шеті, Нарын бөлімшесінің №9 болыстығына қарасты Бұғанай ауылдық Қашар шағыл тоғайында дүниеге келген. Ол Жәңгір мектебін, Орынбордың Хусаиня медресесін бітіріп, қазақ тілі әдістемесінің негізін салушылардың бірі болды. Жас кезінде Орынборда білім алып, әуелі Ташкенттегі Қазақ ағарту институтында сабақ берді. 1921-1923 жылдар аралығында Алматыдағы қазақ педагогикалық техникумын ұйымдастырды. 1923-1954 жылдары Ташкентттегі Орта Азия коммунистік университетінде, Алматыдағы Қазақ журналистика институтында, Абай атындағы қазақ педагогикалық институтында, ҚазМУ-да дәріс оқыды. Оның қазақ тілі және оны оқыту әдістемесі, педагогика туралы 100-ге тарта ғылыми мақалалары, сондай ақ, он шақты монографиясы жарық көрген. Ш.Сарыбаев – қазақ тілін орыс мектебінде оқыту әдістемесі бойынша тұңғыш ғылым кандидаты. Ол 1944 жылы «Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту методикасы» деген тақырыпта алғаш рет кандидаттық диссертация қорғады. Шамғали Сарыбаев тұңғыш ғылыми дәрежелі ғалым әдіскер болып саналады.

Аса ірі қазақ ғалымы Шамғали Харесұлының ұлдары да әке жолын жалғады. Үлкен ұлы Шора  филология ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері дәрежесіне көтерілген қазақтың аса ірі тұлғалы ғалымы. Сонымен қатар Шора Сарыбаевты  тілші-ғалым, түркітанушы, қазақ диалектілерінің зерттеушісі, биб­лиография және мұражайтану ісінің біл­гірі, коллекционер ретінде де еңбегі ұшан-теңіз. Оның шығармашылығының шеңбері кең, ауқымды, әр алуан. Ғалымның қаламынан шыққан 300-ден астам ғылыми мақала, оның ішінде 20 шақты монография, оқулықтар, сөздіктер жарық көрген. Академик ағамыздың еңбектері тек елімізде ғана емес, бұрынғы одақ көлемінде шығып тұрған ғылыми-теориялық журналдарда, сондай-ақ қазіргі таңда алыс-жақын шетел баспаларында жарық көрген.

Шора Сарыбаев кезінде: «Әкем кітапқа әуес еді. Мен де жасымнан кітапқұмар болдым. Кейіннен әр түрлі тақырыптағы газет қиын­дыларын, әр мемлекеттің ақшаларын, та­рихи тұлғалар туралы деректер жинастыру тұрақты әдетіме айналды, ал інім Болатқа ұлттық музыкалық аспаптар жинауға ке­ңес бердім» деген екен. Шораның  жұбайы – Қымбат Сағынова, бірінші қазақ әйел гобойшы, қазақ радиосында музыкалық режиссер. Шора ағамыз бен Қымбат жеңгемізден тараған ұрпақ та осал емес. Әр қайсысы өз алдына жеке тұлға, майталман маман танылғандар. Қыздары Майра ағылшын тілі маманы, филология ғылымдарының кандидаты болса, Салтанат  теледидар режиссері, ұлы Қайрат  қазақ мемлекет қайраткері,  І сыныпты Төтенше және өкілетті елші.

Жастайынан әкесінен, ағасы Шорадан үлгі, өнеге алып, ұлттық құндылыққа уызынан қанып өскен Болат Сарыбаев ұлтымыздың мәдени мұрасын танытатын, ұлттық рухымызды көтеретін өнеріміздің үлкен бір саласы – аспаптық музыканы зерттеуші ретінде танымал. Болат ағамыз музыкант және қазақ аспаптану  ғылымының негізін қалаушы, өнертану ғылымдарының кандидаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры.  Ол қазақтың музыкалық аспаптарын тек жинап қоймай, қазақ аспаптану ғылымының негізін салды.   Оның үстіне кезінде  әкесі Шамғали Құрманғазының көзін көрген, жерлесіміз көрнекті күйші Дина Нұрпейісовамен  жерлес ретінде жақсы араласқан екен.  Күйші Дина бала Болаттың өнерге деген ынтасын көріп,  өз домбырасын сыйға тартып, бата беріпті.

Өнер ғалымының жұбайы – Мижан Мұхамбетова да өнерден құр алақан емес.  Қазақ мемлекеттік симфония оркестрінің музыканты, скрипкашы. Өнерлі отбасының балалары да өмірлерін өнермен астастырған жандар.  Ұлы Талғат  музыкалық теориясының маманы, ақын-сазгер, ҚР мәдениет қайраткері, шаңқобыз, жетіген сияқты аспаптарда алғаш ойнаған кәсібі орындаушы болса, қызы Ләйлә – пианист, қазақ радиосының музыкалық режиссері.

Сарыбайдың Хайролласынан туған Ғабит Сарыбаев осы Нарын құмында Толыбайда туып,  молдадан сауат ашқан. Кейін Жаңақаладағы татар мектебінде, Орынбордағы «Хусайния» медресесінде оқып, мұғалімдік қызмет атқарады. 1916 жылғы азамат соғысына, 1918 жылы Қазақстанда тұңғыш рет комсомол, коммунистік партияның жергілікті ұйымдарының құрылуына, қазақтың үлгілі І атты әскер полкінің жасақталуына белсене атсалысқан.  Азамат соғысы аяқталғаннан кейін  түрлі қоғамдық жауапты жұмыстарда болған. Ғабит Сарыбаев 1966 жылы Алматыда қайтыс болды. Артында төрт ұл, екі қызы қалған. Бүгінде батыс өңірінде оның өткен ерлік жолы жас ұрпаққа үлгі, өнеге ретінде әрдайым дәріптеліп, қазіргі таңда Жәнібек ауданындағы мектепке Ғабит Сарыбаевтың  есімі берілген.

Өткен  жылдың тамызында Шамғалидан тараған ұрпақтар Қайрат Сарыбай мен Майра Сарыбай елге келіп, ата-бабаларының кіндік қаны тамған, жолбасы болған өңірімізге тәу етіп, үлкен әулеттің рухтық сабақтастығын танытты. Бір атаның есімін талай ұрпақ шаң түсірмей алып жүрген Сарыбаевтар — өлке мақтанышы.

Гүлмира ҚУАНЫШҚЫЗЫ,

Хан ордасы музей-қорығының ғылыми қызметкері

    

 

: