24.09.2020, 16:06
Қараулар: 428
КӨП САУАЛ – ДӨП ЖАУАП

КӨП САУАЛ – ДӨП ЖАУАП

Қыркүйектің басынан тұмауға қарсы екпе егу маусымы басталып кетті. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекеновтың мәлімдеуінше биыл елімізде тұмаудың үш штаммына қарсы вакцина салынбақшы. Яғни, A (H1N1) — Гуандун-Маонань, A (H3N2) – Гонконг, B-Вашингтон. Қазақстандықтардың тек 10%-ы ғана екпені тегін алады. Осы мақсатта Ресейде шығарылған «Гриппол +» вакцинасының 2 млн. астам дозасы сатып алынды. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде 500 мыңнан 1 млн. дейін ЖРВИ жағдайы тіркеледі екен. Әрі бұл ауруға шалдығатындардың негізін 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Санға шаққанда 64,2%.

Күз бен көктем мезгілі аталмыш аурулардың эпидемиялық маусымы екені белгілі. Ал биылғы маусымның ерекшелігі  ол аралас инфекция белең алуы мүмкіндігінде. Яғни бір мезгілде тұмау мен COVID-19 вирустарының бірлескен түрі бас салуы ықтимал. Мамандар COVID-19-ға байланысты алдағы эпидемиялық маусымға  алаңдап отыр. Бұл жай тек мамандарды ғана емес, қарапайым жұртшылықтың да үрейін үдетіп отыр. Осы ретте екпеге және жалпы осы жайға қатысты қарапайым сұрақтарға жауапты аудандық ауруханасының инфекционист дәрігері Жанғаным Еркеғалиевадан жауап алған едік.

Екпе алсам тұмаумен мүлдем ауырмаймын ба?

Екпе вирустан түбегейлі қорғайды деп айта алмаймын.  Тұмауға қарсы екпе алған адам тұмаумен жеңіл түрде ауру мүмкін. Біле білсеңіз, тұмау – асқынуы көп ауру. Кейде ол асқынып кетіп тыныс жолын, нерв жүйесін, қан тамырды, жүректі ауруға шалдықтырады. Осы кезде екпенің ықпалын сезінесіңіз.  Демек, вакцина ауруды мүлдем болдырмайды емес, ол тек аурудың тез өтуін қамтамасыз етіп, асқынудан сақтайды.

Екпенің салдарынан ауруым мүмкін бе?

Екпенің өзінен ауырмайсыз. Рас, екпе алған соң дене қызуы 37ºС-қа не сәл одан да жоғары болуы мүмкін. Алайда, бұл – аурудың емес, екпеден кейін адам ағзасындағы қарсы денелердің қалыптасуының әсері. Екпе салдыртқан азамат 30 минут медбикенің бақылауында болады. Алдағы екі күнде де жағдайы қадағаланады. Қайталап айтамын, тұмауға қарсы вакцина шын мәнінде жұмыс істейді, ол сізді эпидемия кезінде аурудан сақтап, тұмауға шалдыққан жағдайда, ауруды тез әрі жеңіл өткеруге көмектеседі. Бір вакцинаға кететін қаражат ертең ауырып қалған жағдайда дәрілерге кететін ақшадан әлдеқайда аз. Сонымен қатар сабағын және жұмысын қалдырғысы келмейтін жандарға алдын-ала вакцина жасаған дұрыс. Әсіресе, кішкентай бүлдіршіндер үлкендерге қарағанда тұмауды қиын өткереді. Сол себепті балаларға да екпе жасатқан дұрыс. Вакцина балалар арасындағы аурудың асқынуын (өлімге дейін) 30%-ға төмендетеді. Жүкті әйелдер вакцинаны жүктіліктің 14- аптасынан кейін жасатқаны абзал. Өткен жылы ауданымызда 1400 вакцина егілді.  Биыл да 1396 дана вакцина алынды. Бұлар тегін жасалатындарға алдыртқан екпелер. Қазіргі таңда  алғашқы он адамға олар енгізілді.

Екпе аллергия тудыруы мүмкін бе?

«Гриппол+» вакцинасы сау тауықтың эмбриондары негізінде жасалғандықтан оны жұмыртқа ақуызына аллергиясы бар адамдарға жасауға мүлдем болмайды. Сонымен қатар екпе алмас бұрын вакцина құрамындағы препараттарға аллергиясы бар және бұрын тұмауға қарсы вакцинаға жаман әсері болған-болмағанын ескеру шарт. Мұндай жағдайда ол адамға екпе жасалмайды. Жалпы бұл екпеге аллергия  өте сирек кездеседі.

Мұрным бітеліп жүрсе екпе алуға бола ма?

Жоқ, болмайды. Мұрын қуысының бітелуі аллергияның немесе салқын тиюдің салдары болуы мүмкін. Сондықтан бұл кезде екпе жасалмайды. Дегенмен бұл екпені жасауды тек шегереді. Толық емделгеннен кейін, мәселен, 1-2 аптадан соң екпені алуға болады. Ескеретін жайт, екпе тек дәрігердің бақылауынан кейін жасалады. Аурулары асқынып тұрса, температурасы көтеріліп тұрса, егер қызу болса екпе алуға болмайды.

Тұмауға қарсы екпе ковидтен сақтай ма?

Жоқ «Гриппол+» вакцинасы COVID-19 -ден сақтамайды. Өйткені ол екі бөлек вирус. Тұмау – тыныс алу жолдарының жіті ауруы. Тұмау кезінде бас ауырып, адамның иммунитеті әлсірейді. Соның нәтижесінде науқастар бактериялық пневмония пайда болуы мүмкін. Күн тәртібінен пандемия мәселесі түспеген бүгінгі жағдайда екпе алу коронавирустың белең алуына тежеу болады деп ойлаймыз. Коронавирус жаңа инфекция, оның нақты қалай өршіп, өзгеретінін біз білмейміз. Жер жаһанды жайлаған осы жаман ауру салдарынан көптеген адам көз жұмды. Ауылдастарымыз да ауырды, арасында өлім де тіркелді. Өте қорқынышты болды. Сондықтан бұл екпе жаңа вирустан сақтамайды екен деп одан бас тартуға болмайды. Ауданымызда екпеден бас тарту жағдайы болған жоқ. Десе де, қай аурудың да алдын алуға тырысайық. Коронавирус ескі аруларды қоздыратыны белгілі. Ол да тұмаудың симптомдарына өте ұқсас келеді. Оларды тек арнайы зерттеу нәтижесінде анықтауға болады. Сондықтан денсаулыққа бей-жай қарамайық. Тиісті шараларды қолға алып, өзімізді, айналамызды тазалықта ұстайық, өмірімізді сақтайық.

Тұмау мен ковид вакцинасын бірге алуға бола ма?

Негізігі тұмауға қарсы бұл екпені өзге вакциналармен бірге қабылдауға рұқсат берілгенмен, ковид вакцинасымен бірге жасалмайды. Ресейлік әріптестердің айтуынша, екі вакцинаны енгізу мерзімі кемінде 4 аптаны құрау шарт.

Ковид вакцинасы бізде жасала ма?

Біздің елде де ғалымдарымыз бұл бағытта жұмыстанып жатыр. Бұл хабарды баршамызға белгілі бұқаралық ақпарат құралдарынан біліп отырмыз. Ал өзімізге арнайы вакцина жіберілген жоқ.  Елімізде Covid-19 шалдыққан науқастар әлі де тіркелуде. Ал коронавирус пен тұмау ұқсас. Яғни, екеуі де тыныс алу жүйесі ауруын қоздырады. Екі вирус та жақын байланыс, ауа арқылы жұғады. Сонда да той-топырымыздан қалыс қалмай, қонақтарымызды қарсы алып жүрміз.  Мамандардың, билік өкілдерінің жеке гигиенаны сақтау туралы ескертулеріне, әлеуметтік қашықтық мәселесіне, көпшілік орындарда шоғырланбау жайына салдыр-салақтық танытып келеміз. Сол жиында талайдың өмірінің үзілуіне себеп болған ковид құрсауға алса, кімді кінәлаймыз… Осыны ойланып көрдіңіз бе?! Біздің сау жүргеніміз өзімізге, ата-анаңа, ұрпағыңа, туған-туыс, жақын адамдарыңа керек. Бастысы сау болуды ойлайық. Амандық болса, асыр салып той да тойланар, қонағың да ұрыша жасырын кіріп, тасаланып кетпейтін күнге жетерміз.

Мамандарымыздың айтуынша, қазіргі кезде тұмаудың алдын алудың тиімді жолы вакцинация. Әрі ол инфекцияға  денсаулығы осал адамдарға, яғни, жиі ауыратын, әлсіз балалар мен мектеп оқушыларына, жүкті әйелдер, созылмалы аурулар диспансерінде есепте тұрған адамдарға,  медицина қызметкерлері мен 65 жастан асқан адамдар үшін тегін  жүргізіледі. Халықты жаппай вакцинациялау арқылы аралас инфекцияның таралуын болдырмауға болады, яғни мемлекеттік мекемелер қызметкерлері өз есебінен  ақылы негізде вакцинация кезінде келіп алуларына болады. Ақылы екпенің бағасы 2000-3000 теңге аралығында.   Тұмаудың асқынуы ағзаға өте қауіпті, ол коронавирустық инфекцияны қоздырып, өлімге әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан екпе тек ауырғанда дәрі-дәрмекке жұмсалған қаражатты ғана емес, өміріңізді сақтап қалуға сеп болады. Сондықтан вакцинациялау науқанына қалыс қалмаңыз.

Аудан ауруханасының инфекционисті Жанғаным Еркеғалиева осылай деп кеңес береді. Кеңестің де, сақтықтың да артықтығы жоқ. Қапы қалмаңыз!

 

Раушан БАҚЫТОВА