21.09.2020, 9:57
Қараулар: 396
ЖЫЛҚЫМЫЗ КӨП, ҚЫМЫЗХАНАМЫЗ ЖОҚ…

ЖЫЛҚЫМЫЗ КӨП, ҚЫМЫЗХАНАМЫЗ ЖОҚ…

Қазіргі таңда адамның өмірі мен саулығы сынға түскен шақта иммунитеттің қорғаны, ауруға төтеп беруші қазақтың ұлттық сусыны қымызға сұраныстың артқаны рас. Дәрігер мамандардың айтуынша сусынның неше түрі шығарылса да  ешбірі  денге қуат берер құндылығы жөнінен бал қымызға жете алмайды. Өйткені, қымыздың құрамындағы дәрумендер мен ақуыздар сан алуан дерттің алдын алушы болып табылады. Әттегенайы, төрт түлігі еркін жайылған малды ауыл боп саналғанымызбен  ұлттық сусынымызды ұлықтап жүргендер саусақпен санарлықтай.  Бұл біздің ғана пікіріміз емес…  

Жылқы малы көптеп өсірілетін аудандардың біріміз. Алайда, өрісте Қамбар ата түлігі өріп жүргенімен қымыз сауу, оны өндіру  технологиясын жетілдіру мәселесі кемшін тұрғаны шыңдық. Аудан көлемінде   28 113 бас жылқы болса,  14 815 бас аналығы бар.  Жылқымыз далада мыңғырып жүр, алайда бал татитын қымызына сонда да зәруміз. Қожалық иелері қымызды  халыққа ұсынуда  шорқақтық танытады, әлде ұлттық сусынымыздың ұлықталуына мән бермейді деуден аулақпыз. Дегенмен,  бабадан қалған  бұл сусынға сұраныс көп болғанымен, тұрғындарға тегістей жетпей жатырғанға ұқсайды. «Ата кәсіпті дамытпайды, халыққа қымыз қолжетімді емес» деп тұрғындардың шырылдауы түсінікті де. Жылқы асырап, баптайтын қожалық иелеріне хабарласып, сұрап көрдік те. Сауыншы таптырмайды деп кесіп айтты. Осы орайда есімін көрсетпеуді жөн көрген қожалық иесімен сөйлесіп көрдік, күніне 5 бие сауып, одан 15 литрдей қымыз алады екен. Қазіргі таңда қымызға да, саумалға да сұраныс артқан. Сауыншы жетіспеушілігі де қолымызды байлап отыр, сол себепті  тұрғындарымыз қымыз жетіспеушілігін сезінулері мүмкін дейді. Қалай дегенде, ұлттық сусынымыздың қадірін арттыратын кез баяғыда жетті. Қымыз ішу үрдісін ауылдық жерге енгізу  заман талабы секілді. Бүгінде дүкен сөрелерінде сыра, кока-кола т.б газдалған сусындар қаптап тұр. Ал, бұлардан анағұрлым шипалы, емге дауа сусынымыз не сауылмайды, не болмаса қол еңбегінің жетіспеушілігінен тұтынушылардың сұранысы ақталмайды.  Қайткенмен де, қымыз өндірісі хақында көптің пікірі әр түрлі болары сөзсіз.

Әлемде жыл сайын екі миллионнан астам адам құрт ауруынан өлім құшады екен. Өкінішке қарай, еліміз де туберкулезге шалдыққандар саны бойынша алдыңғы қатарлардан табылады. Ауданымызда да бұл індетке бой алдырғандар саны аз емес.  Аталмыш дерттің емі қымыз екендігі әмбеге аян. Ұлттық сусынның емдік қасиеттері туралы алғашқы деректер  Авиценна еңбектерінен табылыпты. Көрші Ресей мемлекетінде қымызбен емдеу әдісі ХІХ ғасырдың аяғында кеңінен қолданыла бастаған. Тіпті, орыстың әйгілі ақыны Александр Пушкин де  «Қымыз бие сүтінен жасалады. Бұл сусын Азияның барлық таулы және көшпелі халықтарының арасында үлкен сұранысқа ие. Оның дәмі өте жағымды және өте балғын. Ерекше сергектік береді» деп сипаттама жазып қалдырған. Ұлы Отан соғысы жылдарында қымыз жараланған немесе әскери госпитальға емделуге жіберілген жауынгерлерге берілген деседі.  Бұрын-соңды өкпесінен кінәрат анықталған науқастарға қымызды ішу ұсынылса, бүгінде короновирус пен пневмонияның асқынған түрі белең алған шақта дәрігерлер қымызды ас мәзіріне енгізудің маңыздылығын жиі айта бастады.

Айғайша Хайырова, дәрігер:

  • Короновирус жұқтырған, пневмониямен ауырған науқастардың симптомдары өте ұқсас, екі жағдайда өкпесі, тыныс алу жүйелері зақымдалады. Қосымша емдеу курсына қымыздың да қосылуы сондықтан. Таңертең, түскі және кешкі аста бір тостағаннан ішу керек. Бір тостаған 200 мг болып есептеледі, яғни күніне 600 г қымыз ішкен дұрыс. Қымыздың құрамында А және Е дәрумендері, В және С дәрумендері, кальций, фосфор, және пантотен қышқылдарына бай. Адам ағзасында ісіктердің алдын алуды қамтамасыз ететін фолий қышқылы да бар. Орыстар «Бақыт гармоны» деп атайтын «Д» дәрумені де осы қымыздың құрамынан табылады», — деп сусынның пайдасына тоқталды.

Ұлттық сусынымыз сонау Германияда да  сұранысқа ие. Қымыздың неміс жұртына осыншалықты танылуына Рудольф Шторк есімді азамат септігін тигізді.  Рудольф Шторк ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін Қазақстанда әскери тұтқындарға арналған лагерьде болыпты. Елуінші жылдары тұтқынға алынған немістер тарихи Отанына оралғанда, ол туберкулезге шалдығып, еліне қайта алмайды. Ауруымен бетпе-бет қалған неміс азаматына  жергілікті қазақтар көмек қолын созып, ұдайы қымыз ішкізіп,  ажалдан аман алып қалады. Дертінен айығып, туған мекеніне жетсе, өзін аяққа тұрғызған қымыздың қасиеттерін зерттеп, көпшілікке танытуды мұрат етіпті. Көп ұзамай еліне дін аман оралған соң бие сатып алып, саууды қолға алады. Алғашында еуропалық туыстарына бұл қылығы оғаш көрінсе де қазақ малшыларынан үйренгендерін тәжірибе жүзінде іске асыруды доғармайды. Уақыт өте келе қымыз туралы ғылыми жұмыс жазып, диссертация қорғайды.  1959 жылы  ферманың негізін қалап, бие сауу ісін жолға қойғандардың бірі атанады. Бертін келе аталмыш ферманың ісін күйеу баласы Ганс Цольман есімді неміс кәсіпкері жалғастырады. Бүгінде қазақтың төл сусыны Франция, Австрия, Голландия елдерінде де емдік мақсатта қолданылады. Тіпті, қымыздан балалар сүті мен тағамдарын, қымыздың ұнтағынан түрлі косметикаларды шығаруды қолға алуда. Қайсыбір жылы қымызды неміс елі патенттеп, бекітіп алыпты деген ақпарат лезде таралып еді. Қуанышымызға орай бұл мәліметтің жалған екендігін неміс кәсіпкері Ганс Цольфман  растаған болатын. «Қымыз – қазақтың ұлттық сусыны екеніне шүбәміз жоқ. Бұл сусынды өзіміз ойлап шығарған жоқпыз, сондықтан оны иеленіп алуға еш қақымыз жоқ. Қымыз деген сөзді «Кумылак» деп алмастырып, патенттедік» депті бақ өкілдеріне берген сұқбатында.

−Еуропа жұрты да қымыздың пайдасын жарыса айтып, денсаулықтарына жаратып жатса,  біздің елде қымыз соншалықты қат сусынға айналады деп ойладық па?.. Тіпті, қаймақ, сары май, сүт, т.б сүт өнімдері сатылатын дүкеніміз де жоқ,- деп пікірін білдірді ауыл тұрғыны Тілеген Арыстанбеков.

  • Біздер осы қымызды осындай қасиетін біле тұрып, дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Қазақ бұдан 12 мың жыл бұрын жылқыны қолға ұстап, үйреткен. Бір биенің сүтімен бір ауылды асырап отырған. Бертін келе сиыр, қой, түйені қолға үйретіп, оның сүтін, шұбатын пайдаланып, әр түрлі тамақ өнімдерін жасады. Сонымен өсіп-өнді. Дәрі-дәрмек деген болған жоқ. Ең үлкен дәрісі осы малдың сүт өнімдері болды. Ал, қазір ауданымыз облыс бойынша ең малы көп аудан. Тек жылқының өзі  жиырма мыңнан асып жығылады.  Сан осылай десе де, ішіп отырған не қымыз, не сүтіміз жоқ. Малдың сүт өнімдерін дұрыс, орнымен пайдалансақ, дәріханалардан мөшектеп дәрі алуымыз тоқтар еді. Сүт өнімдерін мақсатты пайдалана білсек, еңбекке деген құлшыныс артып, өмір сүру белсенділігі арттар еді. Қазірде дүкендегі қағаздағы сүт өнімдерімен ғана шектеліп отырмыз. Қазіргі уақытта қымыздың бір литрі мың теңгеден сатылуда. Күніне елу литр қымыз сатса, қалтаға елу мың теңге ақша түседі. Бұл, сөз жоқ, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтер еді. Бәрінде де сылтау біреу. Ол – сауыншы жоқ, еңбек ететін адам жоқ. Осы кәсіпті дамытуға ынталы ауылшаруашылық бөлімі, кәсіпкерлікті дамытуға бағыт беретін кәсіпкерлер палатасы енжарлық танытып отыр. «Jas project» бағдарламасы бойынша да тырнақ бояу, кірпік өсіру, шаш қию сияқты жеңіл кәсіпті қолай көргендер басым. Ата кәсіпті дамытуға бағыт-бағдар беріп жатқан бір де бір адам байқалмайды. Өткен кеңес қоғамында  шіліңгер шілденің ыстығында еңбектің симфониясы ойнап тұратын еді. Егін ору, мал азығын дайындау, қой қырқу, қой тоғыту сияқты науқандық жұмыстарда аға-апаларымыздың маңдай терін төгіп, еңбектенгенін көрдім. Ал, қазір үйде де, машинасында, жұмыс кабинетінде де кондиционер. Көлеңкеден алыстамайтын, сәл-пәл салқынға түшкіріп-пысқырып қалатын дімкес ұрпақ белең алды. Ауруға қарсы иммунитетіміз нашарлады. Бұдан шығатын жол біреу ғана. Ол ата кәсібімізді жақсартып, сүт өнімдерін дендеп, дәмдеп, дұрыс тұтыну. Қазіргі қоғам бізге байдың малын берді, бірақ біздер жарлының күнін кешудеміз. Мұндағы айтпағым – шаруа қожалықтарына, кәсіпкерлерге ой салу, мал өнімдерін, яки, табиғи өнімдерді көптеп пайдалануға шақыру, бүгінгі дендеген ауруды болашақта болдырмау, қолдағы бар мүмкіншілігімізді дұрыс пайдалану, еліміздің ертеңі, болашақтың құрылысшыларын дені сау, салауатты, сапалы ұрпағымызды өсіру,- дейді.

Ағамыз айтып өткендей, былтыр ғана Дүниежүзілік банктің тікелей қолдауымен кәсіп ашып, іс қылуға ниеттенген жастарға «Jas project» жобасы шеңберінде бір миллион теңге ақшалай гранттар берілді. Солардың қатарында жылқы асырап, саумал, қымыз өндіруге бекінген сайқындық Жалғас Ризонов та бар еді.  Айтуынша бір емес, екі бие сатып алып, саумалды, қымызды да  бір литрін 1000 теңгеге  ұсыныпты.  Қазіргі таңда шөп шабу науқанына байланысты бұл ісі уақытша тоқтап тұр.

Тоқсан ауыз сөздің оймақтай түйінін Қазақ-неміс қымыз институтының директоры, қымызтанушы кәсіпкер Айтуған Мұқашевтің дәйекті пікірімен  түйіндейік. Қымызтанушы ағамыздың айтуынша елімізде 1950 жылдан 1980 жылға дейін қымыздың құрамы қатты зерттеліп, емге пайдаланылыпты. Қазақстандағы ауруханалар түгелдей дерлік науқастарын қымызбен емдеуге көшіпті. Сөйтсек, қымыздан жазылмаған ауру қалмапты.  Бірақ, Кеңес үкіметі қымызбен емдеу терапиясын тоқтатып тастайды. Оған себеп, қазақ ұлтының ешбір аурумен ауырмай, денсаулықтарынан кінәрат табылмауы екен. Өйткені, біздің геніміздегі фермент қымызды 100% ыдыратады екен. Екінші себебі жылқы ұстап, баптаған қазақтардың дәулеті артып, байып отырған, бұл да кеңес билігіне қауіп төндіретін фактор саналыпты.Үшіншіден, 1982-1984 жылдары еліміздің асханаларында қымыз тегін берілген көрінеді. Қымыз жиі ішуді  дағдыға айналдырған адамдардың саулығы тек жақсара түседі, сәйкесінше дәріханаларға жүгірмейді. Нәтижесінде фармацевтика құлдырап, кеңестік жүйеге кері әсерін тигізе бастайды. Осы аталған жағдайлар қазақтың дархан даласында қымыз өндірісінің сап тыйылуына себеп болса керек.

Ұлттық сусынымызды жаппай өндіру әлбетте халықтың саулығын нығайта түсері сөзсіз. Оған қымызтанушы ағамыздың пікірі дәлел. Тек қала орталықтарында ғана емес, ауылдық жерлерде де қымызханалар көптеп ашылса нұр үстіне нұр болар еді. Қайткенмен, қымыздың бәсін төмендетіп алмауымыз керек қой.

 Арайлым ЕСМАҒҰЛ