17.09.2020, 17:40
Қараулар: 48
КАЛЕЙДОСКОП

КАЛЕЙДОСКОП

Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Қыркүйектің бірінші күнінде алғашқы қоңырау соғылып, оқушы біткен жаңа сыныпта жаңа оқу жылын бастайды. Біз үшін дәстүрге айналған осы бір айтулы күн әлемнің әр елінде түрліше өтеді екен. Ендеше, оқып көріңіз!

 

 

ОҚУ ЖЫЛЫ ӘР ҚАЛАЙ БАСТАЛАДЫ

Қыркүйектің 1-і 1935 жылдан бастап жаңа оқу жылы басталатын күн деп бекітілсе, 1984 жылдан бастап, Білім күні деген арнайы атауға ие болған. Жаңа оқу жылы Еуропаның  көптеген елінде біздегідей 1 қыркүйекте басталады. Десе де Германияда оқу жылы федералдық округтің бекіткен шешіміне қарай әр қалай басталды. Яғни айтқанда Германияның оңтүстігінде тұратын балалар оқу жылын тамыз айында бастаса, солтүстігінің тұрғындары қыркүйектің орта тұсында мектепті бағдарға енді алып жатады екен. Италияда оқу жылының басталу уақыты климаттық өзгерістерге, ауа  райына қарай құбылып тұрады. АҚШ пен Канадада да осылай. 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталуы керек деген қатып қалған қағида жоқ. Әр жылдары әр түрлі уақытта бастала береді.

Коста-Рика, Бразилияда жаңа оқу жылы ақпанның алғашқы дүйсенбісінен басталса, Жаңа Зеландияда  қаңтардың  27-сінен басталады. Ал, Азия елдерінде де жаңа оқу жылының басталу уақыты әр қилы. Оңтүстік Кореяда наурыздың 3-інде, Жапонияда сәуірдің 1-інде басталады. Жапондар жаңа оқу жылын сакураның гүлденуімен үндестіреді. Бала біткеннің бәрі 1 сәуірде мектепке келіп, мұғалімдерімен, сыныптастарымен танысып, оқитын кабинеттерін аралап көреді. Сабақ мұнда ертеңгі күннен басталып кетпейді. Араға бір жұма салып, мектептің күнделікті тірлігіне кіріседі. Жапондық балақайлардың жаңа ортаға үйренісу уақыты бір жұмамен шектелсе, айлап сабақ бастамай, оқушылардың бой үйретуін күтіп отыратын да елдер бар екен.  Испанияда да оқу жылы 1 қыркүйекте басталады. Дегенмен, бірден партаға отырып,  жаңа тақырыптарды бастап кетпейді. Мектепке жаңадан келгені бар, каникулдан келгені бар бала біткеннің бәрі бір ай бойы ортаға, мектепке бейімделеді екен. Яғни, мектепке келген оқушылар бір-бірімен әңгіме соғып, ойнап, уақыттарын бірге өткізіп, ортаға бой үйретеді. Ал, қазанның 1-інен бастап, бәрі де жаппай партаға отырып, мұғалімге бағынады.

Оқу жылы Таиландта мамырда, Филиппинде маусымның бірінен басталады.

Нидерландияда бала төрт жасқа толған күнінің ертеңгісіне мектепке апарады. Мектеп каникулда болса да, юф, юффрау, біздің тілмен айтқанда мұғалімдер қарсылап алып,  балақайға мектеп аралатып, мектеп ережесімен таныстырады. Ал, оқу жылы салтанатты түрде тамыздың соңғы дүйсенбісінде басталады.

Африкада оқу жылы қаңтардың екінші немесе үшінші сәрсенбісінде басталады. Оқу жылының басталу күнінің басқа күндерден еш айырмасы жоқ. Ешқандай ресми жиын, салтанатты шара, құттықтау да болмайды.

Ал, Ямалда оқу жылы қыркүйекте басталады. Тек оқитын бала болса ғой. Оқу  жылы басталғанда мектеп мұғалімдері кәдімгідей «бала аулауға» шығады. Түсіндіріп айталық.  Ондағы халық көшпелі өмір салтын ұстанады. Азығын іздеген маралдың артынан еріп, көшіп жүретін ямалдықтардың балаларын мұғалімдер ұшақпен алып кетеді. Сол кеткеннен оқушылар туған ұясына тек каникулда бір-ақ келеді. Мұғалімдер ұшақпен кері әкеліп тастайды.

Солтүстік Осетияда да жаңа оқу жылы қыркүйектің 1-інен басталып жүрді. Беслан мектебіндегі қанқұйлы оқиғадан кейін 1 қыркүйек қаралы күн жарияланып, 4 қыркүйек білім күні деп жарияланды.

 

…ӘР ТҮРЛІ АТАЛЫП ӨТІЛЕДІ

Оқу жылы бір елдерде ресми шарамен басталса, жоғарыда айтып өткеніміздей Африка сияқты  кей елде аса бір мән берілмейді екен. Мексикада оқу озаты атынып, мектеп өмірінде белсенділік танытқан алты оқушы ел байрағын көтеріп ортаға алып шығады. Туды алып жүру де аса бір мәртебе олар үшін. Қалған оқушылар әнұранды айтады. Салтанатты жиын осымен тәмам.

Ал, Түркияда бұл күні ел тарихынан танымдық сабақтар өтіп, Отан-ана, Ататүрік, мектеп пен мұғалім туралы жыр оқылып, ән шырқалады. Израильде әрбір оқушы шарға тілек-арманын жазып, көкке ұшырады.

Голландияда оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап,  оларға тегін балмұздақ ұсынады.

Германияда жоғары сынып оқушылары мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерге концерт қойып, сыйлық береді. Мектепке алғаш келген балақайлар осы күннің басты қонағы десе де болады. Бар назар, ілтипат соларға болуы керек. Балақайларға Schultüte деп аталатын мектепке қажетті құралдар жиынтығы салынған қалташа таратылады.

Австрияда мектеп оқушылары мен ата-аналар салтанатты шараға ұлттық киіммен келеді. Мектептегі ресми шарадан соң шіркеуге барып, дұға қылады.

Үндістанда ата-ана баласын мектептегі алғашқы қоңырау салтанатына апармас бұрын, құдай-анаға түрлі тәтті тарту етіп, ризашылығын алады. Содан кейін ғибадатханаға барып, құлшылық қылады. Содан соң ғана мектепке барады екен.

БАСҚА ДА ЕРЕКШЕЛІКТЕР

Аргентинада оқу жылы наурызда басталады. Мектеп эмблемасы бар форма киеді. Мектеп ішінде форма сыртынан ақ халат кию міндеттелген.

Англияда балалар бес жасынан бастап оқиды. Ол елдегі мектептің бәрі де пансионат үлгісінде. Мектеп жасындағы балалардың бәрі де жатақханаға жатып оқиды. Тек сенбі, жексенбіде ғана үйлеріне бара алады. Ата-аналар бауыр етін күнде көре алады. Тек мектеп белгілеген уақытта келіп, балаларына жолыға алады екен.

Дания мен Қытайда ең қысқа каникул.

Аударған Ұлпан ЖАКИНА