17.09.2020, 17:29
Қараулар: 304
ҚЫР АСТЫНДА ҚЫРКҮЙЕК ТҰР…

ҚЫР АСТЫНДА ҚЫРКҮЙЕК ТҰР…

 

Енді бір он шақты күнде қыркүйек қыр астында тұр. Қыркүйек қылаң берді дегенше жаңа оқу жылы басталды десеңші. Үшінші тоқсаннан бастап балаларымыз мектеп көрмеді. Телефонға шұқшиып  отырып, төртінші тоқсанды тауысқанға ұқсады. Биылғы оқу жылы қалай болады? Нендей өзгерістер бар? Қандай шектеулер бар? Күрделі жөндеу құрылысы жүріп жатқан мектептер мен интернаттағы жұмыс қарқыны қалай? «Дипломмен ауылға» кеп қалған жас мұғалімдер бар ма? Маман тапшылығы бар ма? Яки, қай пәннің оқытушысына зәруміз? Бәрін мазалаған осы сауалдар. Сан сауалға бірге жауап іздеп көрсек…

АЛТАУЫ ЖАҢАРЫП, БАРЛЫҒЫ ІШКІ ӘЖЕТХАНАМЕН ЖАБДЫҚТАЛДЫ

Аудан бойынша алты білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өткізілуде. «Қалдығайты» ЖШС 193264,719 мың теңгеге М. Бегалиева атындағы мектепке күрделі жөндеу жүргізіп жатса, «Ингострой» ЖШС 85 493, 993 мың теңгеге Б.Жәнекешев атындағы мектеп жанындағы интернатты жөндеуден өткізуде. Күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысандар қатарында аудан орталығындағы М.Мәметова атындағы мектеп пен аудандық балалар және жасөспірімдердің туризм және экология орталығы, Хан ордасындағы «Ақбота» балалар  бақшасы  да бар.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев ауданға келген жұмыс сапары барысында осы аталған мекемелерге бас сұғып, жөндеу жұмыстарының жүргізілу барысымен танысқан еді. Белгілісі, құрылыс нысандарының бәрі дерлік межелі уақытынан кешігуде. Індеттің белең алуы, бірнеше дүркін жарияланған карантин құрылыс материалдарының дер кезінде жеткізілуіне айтарлықтай кедергі келтірді. Күрделі жөндеу жұмыстарына жауапты мамандар облыс басшысына уақыттан кешіксе де, жұмыстарын анағұрлым ыждағаттап, сапалы атқаруға уәделерін берген-ді.

­−М.Бегалиева атындағы мектептің жөндеу жұмыстарына жауапты мамандар уәдеден шығатын түрі бар. «Жаңа оқу жылы басталғанша ішкі жұмыстарды аяқтап, сыртқа шығамыз» деп отыр. Барлық құрылыс материалы жеткілікті түрде жеткізілді. Жұмыста кедергі жоқ,-дейді аталмыш мектеп директоры Тимур Қабдығалиев.

Бұдан басқа Орда ауылдық округіне қарасты Қарасу елді мекеніндегі бастауыш мектеп табиғи отынмен қамтамасыз етілсе, балалардың қауіпсіздігі үшін 14 мектеп ішкі әжетханамен жабдықталды.

ОФЛАЙН БА, ОНЛАЙН БА?

Мектеп жасындағы баласы бар ата-аналар «компьютер, ноутбук бар ма? Үйіңізде ғаламтор қосылған? «Отау» телеқондырғысы бар ма? Қандай интернет тарифін қолданасыз?» деп ватсаппен келген тергеу  сауалдарына жауап та берген шығар.

Осының өзі алдағы оқу жылының өзгеше форматта жүзеге асатынын білдіреді. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл турасында:

Елдегі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, оқыту үш түрлі нұсқада дайындап отырмыз. Алдағы күндері әлі де талқыланып, бір шешімін айтамыз, — деген еді.

Министр айтып отырған оқытудың үш нұсқасы дегеніміз не? Оқытудың үш нұсқасы туралы аудандық білім беру бөлімінің     әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Динара Сұлтанғалиева егжей-тегжейлі жауап берді.

−Шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептер эпидемиялық ахуал жақсы болған жағдайда оқуды дәстүрлі түрде бастайды. Олар – бала саны аз мектептер. Жаңа әріп танып, сауа­тын ашатын бастауыш сынып оқушыларының ата-анасы өзі мектеп директорының атына «Баламды қашықтан емес, штаттық ре­жимде оқытуды сұраймын» деп  өтініш беруі керек. Дәстүрлі түрде оқытатын мектептерде барлық санитарлық талап  қатаң сақталады. Баланың тем­пературасы күнделікті өлшеніп барып, сыныпқа жіберіледі.  Ата- аналарға мектеп аумағына кіруге тыйым салынады.  І тоқсанда дәстүрлі форматта оқитын ба­лалар үшін мектептегі асхана жұмыс істемейді.  Екіншіден, қашықтан оқитын аудан орталығындағы мектеп бойынша ата-аналардың өтініштерін ескере отырып, 1-4 сыныптарда кезекші сыныптар ашу жоспарланып отыр.  «Кезекші сынып­тар» деген не? Ол – бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініші негізінде қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылатын сыныптар. Кезекшілік сыныпта «1 сынып – 1 мұғалім» қағидасымен, негізгі оқу пәндерін оқыта отырып, оқу үдерісі ұйымдастырылады. Бастауыш сыныптарда мектепте оқытылатын пәндер тізімі бойынша әлі де өзгерістер болады деп күтілуде. Дәстүрлі формат­та оқытуға болады деген күннің өзінде сабақтың жартысын қашықтан оқыту форматына ауыстырылады. Кезекші сыныптарға өтініштер қолжетімді байланыс құралдары арқылы электронды түрде қабылданады. Сыныптардың толымдығы 15 оқушыдан аспайды. Яғни, бір сыныптың өзі топтарға бөлінеді. Осы сыныптарға қоңыраулар әртүрлі уақытта соғылады. Қашықтан оқытатын мектептеріміз «Bilim media group» ұсынып отырған «onlinemekteporg» платформасы бойынша оқыту үдерісін жүргізеді. Ауданымыздың 517 мұғалім (100%), «Қашықтан оқытуды үйренемін» курсынан өтіп, 5 модуль бойынша білімдерін сынап, сертификаттарын алды. Мұғалімдердің тәжірибесін әлеуметтік желіде жариялап оты­рамыз. «YouTube» каналындағы әдістемелік орталықтың сайтын пайдаланамыз. Осы мәселені шешу үшін мұғалімдер ара­сында қашықтық режимінде конкурстар өткізіп, осы байқау нәтижесінде жоғары баға алған мұғалімдердің тәжірибелерін таратамыз.    Алдағы  уақытта санитарлық талаптарды сақтай отырып, интернет жылдамдығы нашар шалғайдағы шағын жинақталған мектептерде оқитын оқушылардың мектеп қабырғасында дәстүрлі білім алуы жоспарлануда. Бұл іске алдын ала дайындық мақсатында тиісті құрал-жабдықтар сатып алынып, тамызда барлық білім беру ұйымына жеткізілетін болады. Оның ішінде ғимараттың ішін залалсыздандыру үшін бактерицидтік шамдар, санитайзерлер, антисептик, маскалар, деохлор таблеткалары, дене қызуын өлшеуге арналған тепловизорлар да алынады. Оқыту барысында ғимаратты залалсыздандыру және ылғалды жуу жұмыстары көрсетілген талаптарды сақтай отырып жүргізілетін болады.    Тамыз айының аяғына қарай елдегі жағдай қалпына түссе, даярлық сыныбын аяқтаған оқушылардың сыныпқа келетіндеріне  даярлық жұмыстарын  жүргізу  жоспарланып отыр. Ата-аналар мен оқушылар үшін қашықтан оқыту жағдайында әдістемелік қолдау көрсету мақсатында үйден оқыту бағытында бірыңғай сынып сағаттары, ата-аналар жиналыстары өткізіледі деп жоспарлануда. Ауданда білім бөліміне қарасты   27 мекеме бар. Оның 18-і мектеп, 4-і балабақша, 1 психологиялық-медициналық-педагогикалық кабинет және  4 қосымша білім беру ұйымы.                   Қазіргі елдегі санитарлық жағдайға байланысты 1 қыркүйектен бастап оқу жылы қашықтан оқу форматында басталады.   Жаңа оқу жылын аудандағы 18 мектептің 16-ы дәстүрлі түрде, аудан орталығында орналасқан М.-Бабажанов және М.Мәметова атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің оқушылары (1-4 сынып оқушыларынан басқасы)  қашықтан бастайды деп жоспарланып отыр. Сонымен, алдын ала болжам бойынша интернет платформалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту форматында  628 оқушы, кезекші сыныптарда (19 сынып) 283 бала, штаттық түрде ауылдарда 1729 оқушы білім алады деп күтілуде,-дейді Динара Амангелдіқызы.

ПІКІР ӘР АЛУАН, ШЕШІМ САН ҚИЛЫ

Ауданға қарасты барлық білім беру мекемелерінде алдын ала сауалнама жүргізіліп, ата-аналардың пікірлері сарапқа салынды. Ауылдық округтегі төрт мектептің ата-анасы түгелдей балаларын мектепте оқытуға қарсы емеес. Қалған мектептерде ішінара қарсылық білдіретін ата-аналар бар екен. Оқушы  баласының мектепке қатынап оқуына түбегейлі қарсы ата-аналардың басым көпшілігі аудан орталығына тиесілі. Баланың денсаулығын басты орынға қойған ата-аналардың бірі ­− сайқындық Жанаргүл Қазиева.

−«Жаман айтпай, жақсы жоқ», «Сақтансаң, сақтармын» деп жатамыз. Мен де осы ұстанымдарды жөн санаймын.  Сондықтан осы бір қиын кезеңде мейлінше сақтықты сақтағанды құп көремін. Сол себепті де қызымның мектепке барғанын қаламаймын. Әрине, мұғалім алдын көріп, өз құрбыларымен, өз жасындағылармен оқығаны жақсы. Алайда, ғаламтор мәліметіне сенсек, бүгінде жаман індет қайтадан бас көтеріп, жаңаша сипатта көрініс табуда дейді. Бұрындары коронавирус балаларға қауіпсіз деп өзімізді жұбататын едік. Ересек адам нұсқауларды саналы түрде орындап, сақтанады дейтінбіз. Антисептиктерді, бетпердені талапқа сай қолданып, өзін қорғайды деп білетінбіз. Енді қай әлеуметтік ашсақ да, жантүршігерлік ақпаратқа кезігеміз. Бастысы, бүгінгі індет балаға аса қауіпті көрінеді. Ал, мектеп көптік жиналатын жер. Санитарлық талаптарды сақта деп қайталап айтқанмен бала балалығын жасап, орындамауы мүмкін. Оның үстіне әлеуметтік қашықтық дегенді олар санасына сіңіре алмайды ғой. Сондықтан бірі орындаса, бірі орындамасы белгілі. Ал, ол жерден бір балам жұқтырса, ол шынжырша жалғасып кететіні айтпай-ақ түсінікті. Сөйтіп мектеп оқушысы білместіктен үй ішіне таратуы әбден мүмкін. Ал, отбасымда жасы егде адам, екі жастағы балам бар дегендей… Бұл ретте біле тұра тәуекелге бас тіккеннен, қызыма үйден оқуға жағдай жасаған дұрыс деп есептеп отырмын. Әрине, бұл менің жеке пікірім. Мұғалім алдынан білім алған дұрыс екендігіне күмән келтірмеймін. Бірақ, бұл уақытша қиындықта сабырлық танытып, мүмкіндік болса, денсаулықты басты орынға қойған жөн сыңайлы,-дейді ол.

Хан ордасы ауылының тұрғыны,  көпбалалы ана Айгүл Ғазезова:

−Мектептен мұғалімдеріміз хабарласып, менің балаларым оқитын Жәңгірхан мектебі қалыпты болмағанмен, жалпы жұмыс істейтінін айтты. Сонымен қатар балалардың мектептен оқуға ниетімізді сұрады. Әрі онда қазақ тілі, математика, орыс тілі сынды негізгі пәндер ғана оқытылатынын да ескертті. Әрі сабақтар қысқартылған түрде беріледі екен. Яғни, шамамен 20 минут көлемінде. Алдын ала түсіндірмесінде ауызша сабақтар үйге тапсырылуы мүмкін екен. Тұңғышым Мадияр 8-сыныпқа барса, Айзерем 6-сыныпқа аяқ басты. Ал, Нұрайнам енді 1-сыныпқа бармақ. Біз балаларымыздың қазіргі карантин жағдайдағы бетперде кию және басқа да талаптарды орындауға әзірміз. Сондықтан балаларды мектептен оқуларына рұқсат береміз деп шештік. Негізі дертке қарамастан, көпшілік ауылдас ата-ана өз рұқсаттарын беріп жатыр. Оның үстіне ауылымызда ғаламтордың байланысы тым нашар. Ватсап желісіндегі бір суретті де аша алмай отыратын кездер болады. Ал, бұл жағдайда қашықтықтан оқыту туралы айтпақ түгіл, ойламаған дұрыс.  Бала білім алсын десек, белді бекем буып, төбемізге төнген бұлт күні ертең сейіледі дегенге үміт арту. Жүз дерт берген Алла, оның жүз бір шипасын беретініне сену,-деп індетсіз ертеңгі мол үмітпен қарайды.

Бөрлі ауылының тұрғыны Әсемгүл Меңкешеваның да пікірі осындай.

−Менің балам мектепке баратын жылы осындай жағдайға тап болғанымыз қиын болды. Алайда, елмен бірге көріп отырмыз. Оны да еңсерерміз. Ал, мектеп мәселесіне келер болсақ, балам сөмкесін арқалап мектепке барады деп пайымдап отырмыз. Былтын дайындық тобынан білім алды. Биыл да мектепке барғысы келіп-ақ жүр. Баланың ынтасын өшірмейік деп шештік. Өз қатарластарынан бөлектеп үйден оқытып опа таппаспыз деп отырмыз. Бәрі де ауыл балалары, бірге ойнайды, бірге жүреді дегендей. Оның үстіне  қай нәрсені де сол саланың маманы үйреткен дұрыс санаймын. Ғаламтор да бізде істемейді деуге болады. Оқу барысы деген тоқтамайтын процесс. Бұл жағдайда қашықтықтан оқу  мүмкін емес қой. Сондықтан балам мектепке барады деп отырмыз. Тек биыл күрделі жөндеуге қойылған мектебіміздің жөндеуі әлі біте қойған жоқ. Алғашқы қоңырауға дейін біту-бітпесі де белгісіз. Құрылысшылар барын салып жатқан көрінеді, десе де әлі де жұмыс жеткіліксіз-ау… Осылай енді балаларымыз қайда оқиды деп алаңдаулымыз. Бұл мәселе де шешіледі деп сенейік.

Шағын ауылдардағы ата-аналар осылай десе, аудан орталығындағылар мектепте баланың көптігін, аудан орталығы болған соң адам көп шоғырланған, індеттің көптеп анықталған ошағы да осы аудан орталығы болғанын айтып, балаларын мектепке жіберуге қорқа-соқтап отырғандарын айтады. Сайқындық Гүлмира Какимова:

−Індет бір өршіп, бір басылып тұр. Әлемдегі ахуал да әр қилы. Бала түгіл, үлкен адамның ағзасы дес бере алмай отырған дерттің соңын бағып екі ойлы болып отырмыз. Баланы мектепке беру мәселесіне қатысты айтамын. Шауып жүріп, бірнеше күнде солып қалған гүлдей болған ересектерді көргенде сәл шыдамдылық танытайық дейді екенсің. Осыны көзбен көре отырып, баланы жаныңнан жіберуге қорқасын. М.Мәметова атындағы мектепте оқитын ұлымның мұғалімінен  «баланы мектепте оқытуға рұқсат беремін, алайда мектеп әкімшілігі оның қауіпсіздігіне жауапты емес» деген үлгі ретіндегі өтініш келді. Әрі оны екі ата-ана да толтыру керек екен. Міне, осы мәтіндегі рұқсат қағазына өз қолымызды қояр- қоймасымызды күнде талқылаймыз. Сақтық үшін баланың үйден білім алғаны жақсы. Ал ол үшін оған планшет алу керек. Төртінші тоқсанда смартфонмен оқыды.  Ондағы әріптер тым ұсақ. Көзге салмақ салады. Ал Сұлтанбегімнің көз ауруы барын ескерсек, ол оған тіптен тиімсіз. Ал компьютермен оқу балама қиындау  болды. Смартфонға үйреніп қалған болса, компьютерде жылдам жауап беруге қиналды. Осылай екі ойлы болып отырған жайымыз бар,-дейді бұл тұрғысында.

ТҮЙІН

Жаңа оқу жылының бұдан өзге түйткілді мәселелері жеткілікті. Аудан мектептеріне ағылшын, орыс тілі, химия, география пәндерінің мұғалімдері мен музыка мектебіне оқытушыларға сұраныс бар. Аудандық білім беру бөлімінің мамандары «ЖОО-мен келіссөздер жүргізіп, университет түлектерін ауданға шақырудан кенде емеспіз» дейді. Жоғары оқу орындары да түлектеріне біздің ауданға жолдама ұсыныпты. Бірақ… ешкімнің шалғай ауданға келгісі жоқ.

Он тоғыз баспамен оқулықтар, әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету  мақсатында келісімшарт жасалған. Оқулық қорын жаңартуға 57 млн  теңгеден астам қаржы да қарастырылған. Дәл қазіргі таңда сол соманың 30%-ы аударылып та қойған. Тамыздың 20-сына дейін тапсырыс берілген барлық оқулық пен әдістемелік құралдар аудан мектептеріне жеткізіледі дейді бөлім мамандары.

Айтпақшы, биылғы оқу жылында оқушылардың міндетті медициналық тексерістен өтуі, мектеп формасымен қамтамасыз етілуіне жеңілдік қарастырылып отыр. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов:

  • Елдегі ахуалға, форс-мажорлық жағдайға қарай ата-аналарға мүмкіндік беріп отырмыз. Бұл елдегі экономикалық жағдайға негізделді, қазіргі кезде ата-аналардың көпшілігі қаржылық қиындыққа тап болуда. Жағдай көтермесе, балаңызға мектеп формасын алып бермей-ақ қойыңыз, бірақ классикалық үлгідегі киім кигізуіңіз сұралады,-деді БАҚ-қа өткізген брифингте.

Сондай-ақ, мектепке алғаш барған, ЖОО, кәсіптік лицей, колледждерге түскен студенттердің міндетті медициналық тексерістен өтуіне де жеңілдік қарастырылды.

  • Бірінші сыныпқа, бірінші курсқа қабылданған миллиондаған адам тексерістен өту үшін емхана жағалай, денсаулықтарына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, баланың созылмалы дерті, екпе алған-алмағаны, аллергиясы туралы мәліметтер ата-анасының аузынан жазып алынады,-деген болатын бұл турасында министр Аймағамбетов.

Қыр астында қыркүйек тұр. Сындарлы кезең күтуде. «Әллауләйлім бітсе, халлауләйлім бар»  демекші, коронавирус бәсеңсіп, ана жер, мына жерден кавасаки әні басталды. Бетін әрмен қылсын десек те, қорқыныш бар.  Сақтықтан таймайық. Саулықтың кепілі сақтық қана.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ,

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ