17.08.2020, 16:45
Қараулар: 496
«…АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛЫП, АУРУДЫ ЖЕҢДІК ДЕП АЙТУҒА ӘЛІ ЕРТЕ»

«…АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛЫП, АУРУДЫ ЖЕҢДІК ДЕП АЙТУҒА ӘЛІ ЕРТЕ»

Наурызда елге еніп, шекарамызды жабуға, тұрғындарымыздың үйлеріне тығылуға мәжбүр еткен коронавирус індеті бүгінде бәсеңсіп келеді. Бұл аурудың алғашқы лебін біздің аудан да өзінше өткерді. Сандарға тіл бітірсек, өткен аптадан науқастар қатарына тағы да үш бөкейлік қосылды. Осыдан бірнеше апта бұрын жеті күнде 15 науқастың есепке алынуымен  салыстырғанда, бұл әрине едәуір аз. Яғни, бұл көрсеткіш бүгінде бес есеге қысқарды. Қуанарлық жағдай, десе де арқаны кеңге салып, ауруды жеңдік деп айтуға әлі ерте. Жалпы алғанда, бұл дертке ауданымыздан 79 адам шалдықты. Оның 33-і зейнет жасындағылар болса, 40-ы жұмыс істеп жүргендер және үшеуі бала. Бұл негізінен ауруханаға дене қызуы көтеріліп, ағзасы әлсіреп, тыныс алуы нашарлап барып хабарласқан жерлестер. Бұл дерттен бес адам дүние салды. Ал, жақын қарым-қатынаста болғандар саны 245 адам. Бұл ресми дерек. Ал, індет симптомдары білінбей аяқ үсті өткізгендерінен толық мәлімет әлі де жоқ. Оның үстіне үйден өзіндік ем-домдарын жасап, ауруханаға жүгінбегендер де жоқ емес.

Ал, алда күз есігімізді қағып тұр. Бұл кезде имунитетіміз төмендеп, түрлі инфекцияға дес берсе, бұл індет күшеюі мүмкін деген қорқыныш бар. Осыны ұмытпаған жөн. Қай кезде де тазалық — денсаулық кепілі болған. Сондықтан санитарлық талаптарды орындауды, бетперде тағуды, көптік жиындарға бармауды әдетке айналдырған абзал. Бұл талаптарды белден басқандарға айыппұл салынғанынан көпшілік хабардар. Десе де, жақынының денсаулығынан түрлі той-топырды артық көрген азаматтарымыз да арамыздан анықталып жатыр. Тек өткен аптада талапты бұзған екі азамат анықталып, олардың істері қаралу үстінде. Жалпы, карантин басталғалы басқармамызға тоғыз материал түсіп, соның алтауы бойынша шешім шығарылды, әкімшілік жаза тағайындалды. Ескерте кетейік,  заңды тұлғаны айтпағанда, жеке тұлғаға салынатын айыппұл көлемі 30 АЕК-ті құрайды, оны теңгеге шаққанда 83340 теңге болмақ. Ал, ол өз кезегінде ай сайын табысын жоғалтқандарға беретін 42500 теңгеден екі есеге артық. Сауық соңы сан соқтырмасын десек, тәртіптен тайқымау шарт.

Карантин мерзімінің бірнеше мәрте ұзартылғаны белгілі. Карантиннің тиімділігі анық байқалды. Ауру жұқтырғандар саны мейлінше азайды. Күні ертең шектеулер алынып, карантин мерзімі де бітер. Бірақ, басымыз бұғаудан босағандай күй кешіп, той-топыр, қонақтық, алыстағы ағайынды аралауға бас қойып кетпегеніміз абзал. Карантин алынып тасталса, жақынымызға жанашырлық, өз отбасымыздың амандығы әрбіреуіміздің жеке бас сақтық шараларынан басталарын есімізден шығармайық.

Света РАМАЗАНОВА,

аудандық тауарлар мен көрсетілетін

 қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін

 бақылайтын басқарманың басшысы