17.08.2020, 16:21
Қараулар: 485
КӨМЕКТІҢ КЕРЕГІ ОСЫ КЕЗ

КӨМЕКТІҢ КЕРЕГІ ОСЫ КЕЗ

Әлемді түгел құрсаулаған коронавирус көп шаруаны кідіртіп, көп мекеменің жұмысын шектеп тұрғаны белгілі. Балаларымыз үшінші тоқсаннан кейін мектеп партасын көрген жоқ. Ауру өршіп тұрған шақта да білім беру ісі тоқырап қалмауы тиіс. Оқу жылын қашықтан оқумен аяқтадық. Қиындығы да болды. Интернеттің жеткіліксіздігінен, смартфон мен «Отау ТВ» қонддырғыларының қолжетімдісіздігінен көп кедергіге кездестік. Көптің қолдауымен көпбалалы, әлеуметтік жағдайы осал отбасыларына ТВ-қондырғылар алынып берілді. Түсіністік танытып, қолдау білдіргендері үшін ата-аналарымызға да, материалдық қолдау көрсеткен азаматтарға да айтарымыз алғыс қана.

Індет дәл қазіргі таңда сәл саябырсығанымен, күз келе қайта бой көтеруі мүмкін. Сақтық шараларын басшылыққа алып, вирустық індеттің өршуіне жол бермес үшін қашықтан оқыту күн тәртібінде қала бермек.  Ауылдағы ағайынның әл-ауқаты әр қалай екені белгілі. Қолдауды қажет ететін отбасылар жеткілікті.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылдан бастап жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жыл бойы өтетін форматқа ауыстырылды.

Аудандық білім беру бөлімі ауылдың жанашыр кәсіпкерлерінен, игі жақсы азаматтарынан оқушылардың жалпы орта білім алуына конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы шеңберінде барлық мұқтаж оқушыларға қажетті жағдайларды жасауыңызды сұрайды.