17.08.2020, 15:46
Қараулар: 536
АБАЙДЫ ТАНЫ ДА, ТАҢЫРҚА!

АБАЙДЫ ТАНЫ ДА, ТАҢЫРҚА!

  

Хакім Абайдың мерейтойы қазіргі жағдайға қарай онлайн форматта жалғасын табуда. Күні кешегі 10 тамыздағы ақынның туған күнінде де бірқатар шаралар өтті. Карантин режимі ауқымды бағдарлама әзірлеуге тұсау болса да,  Абай атамыздың туған күні де бөкейліктер назарынан тыс қалмады Шаралар легі бір күнмен шектелмей, апталыққа ұласқандары да бар.

Ұлы тұлғаның туғанына 175 жыл толуына орай түрлі челлендждер ұйымдастырылып, бірі жарыса өлеңдерін жатқа оқыса, бірі қос ішекпен ақын әндерін әуелетті. Алпыс  тілге аударылған ұлы ойшылдың шығармаларын Хан ордасындағы Жәңгір хан атындағы мектептің шәкірттері  ағылшын тіліндегі нұсқасын да оқып берді.  Бөрлі, Ұялы ауылдық округтерінің мәдениет үйлері онлайн форматта әдеби-сазды кеш, онлайн-концерт, аудандық демалыс орталығы «Абай-дана, Абай-дара қазақта» атты онлайн шығармашылық кешін ұйымдастырса, аудандағы барлық кітапхана ақын шығармалары бойынша кітап көрмесін жасақтады.  Аудандық балалар кітапханасы мерейтой иесінің шығармашылығына арнап поэзия сағатын өткізді.  Хан ордасы ауылдық мәдениет үйі мен ауылдық модельдік кітапхана бірігіп,  «Жасқұста шырқалар Абайдың ән-жырлары» атты шара өткізді. Шараның ұтымдылығы сол табиғат аясында өткен бірден бір тәлімді басқосу болды.

Абыз Абайға арналған шаралар ішінен Бисен ауылдық мәдениет үйінің жұмысы ауқымды да, мазмұнды екенін айта кету керек. Мұндағы  шара сағат не күнмен шектелмей, аптаға ұласқан көлемді шара болды. «Алаш ардақтысы  Ұлы Абай»  атты апталық   «Абай дана, Абай дара қазақта» атты отбасылық шара, «Абайша жырлау» тақырыбындағы көркемсөз оқу шарасы, «Абайды тыңдау» ақын әндерін шырқау шеберлігі сыналар бөлім мен «Абайға арнау» атты әуесқой ақындардың мерейтой иесіне арнауы оқылған шараларды қамтыды. Ауданымыздың әр ауылында «Хәкім Абай» атты онлайн әнгіме кештері өткізіледі деп жоспарланды. Бұдан бұрын қолға алынған  Абайдың 175 жылдығына орай жасөспірімдер мен жастар арасында онлайн түрде сурет байқауы да осы аптады межесіне жетпек.

Абай мұрасына насихаттауды мақсат еткен шараға Сисемәлі Қуаншалиев, Каспи Жахатов сияқты ауыл қарияларынан бастап, балабақтағы бүлдіршіндерге дейін қатысты.