17.08.2020, 15:18
Қараулар: 585
«Бестің шайы»

«Бестің шайы»

Көзайым болыңыз, қадірлі оқырман! «Бестің шайы» атты су жаңа айдарымыздан ауылдың айтқыштарының ел аузында қалған әзілдерін оқып,  түрлі тақырыптар бойынша сауалнамаларға қатыса аласыз.

Беташар айдардың алғашқы қонағы – бүгінде марқұм болса да, әзілдері ел жадында жатталған жайсаң ағамыз Жасұлан Нүркенов.

 

«КРАСНОАРМЕЙСКИЙМЕН ШЫҒАЙЫН БА, ӘЛДЕ БЕЛОГВАРДЕЙСКИЙМЕН БЕ?»

Сайқын ауылындағы мешітте 2004-2012 жылдарда  имамдық қызмет атқарған Мұратбек Жахатов ағамыздың қалжыңқойлығынан бұрын қайырымдылығын тілге тиек етеді.  О дүниелік болған ағайынды  ақ жауып, ақ кебінге орап,  ақ түсті бүркеме машинасымен қорымға дейін жеткізу  Жасұлан ағамыздың бұйрықпен бекітіліп, жалақысы тағайындалған міндеті болатын.

Бір жерлес қайтыс боп, баяғы ақ машинаға салып жатырмыз. Жасұлан жездем: «Балдыз, Шәндекенге ме, Красноармейскиймен шығайын ба, әлде Белогвардейскиймен шығайын ба?» — дейді. Сөйтсем, Сайқын ауылының «Шәндекен» деген қорымына шығатын жағына жаңадан қаз-қатар салынып жатқан үйлердің бір көшесінің төбелері қызыл түсті екен де, екінші көшенің үйлері ақ түсті екен,-деп еске алады имам Мұратбек.

 

«БЕС СҮЙЕК ШЫҒАРУҒА ЖЕТЕРЛІК БЕНЗИН ҚҰЙЫП ҚОЙҒАМ»

Бірде шоферіне мәшинесін айдатып жіберіпті. Жас жігіт болғасын: «інім, бізге жолда тоқтап қалуға болмайды, Шәндекенге барып-келгенше бензин жете ме?», — деп сұрап едім. «Қазір Жасұлан ағадан сұрайын» — деп, жездеме хабарласты да басын шайқап күлді: «Бес сүйек шығаруға жететіндей құйып қойғанмын» деді,»-дейді.

Кешке хабарласты: «Ана жолы найб имамды жіберген екенсің, мен де сосын бұл жолы шоферді жібердім», — деп қарап тұр,-дейді тағы бір естелігінде.

 

«ТОСЫН ТЕЛЕГРАММА»

Мен 60 жасқа толғанымда жан жақтан қонақтар келіп, кешке «Думан» кафесіне барайын деп әзірленіп жүрсем, маған звондайды.  «Нәсіп апа, қалайсың?» деп,  «Жақсымыз» деймін.  «Тыңдашы, саған телеграмма келіпті. Ұмытпай тұрғанда оқи қояйын» дейді.  Мен: «Маған жолданған телеграмма сенде неғып жүр?» деп тергеп қоямын. «Ой, оны қайтесің? Пошташы қыздар менің сендерге баратынымды біліп бере қойды ғой. Телеграмма кешігіп қалмасын, туған күніне арналған құттықтау дөп сол күні оқылсын дегендері болар. Телеграмманың кім арқылы, қалай жеткені маңызды ма?» деп айтарға сөз қалдырмады. «Ал, оқы» деймін. Жәкең оқи жөнелді.   «Нәсөк, айналайын, 60 жасқа толуыңмен. Денің сау болсын! Сен бізге керемет келін болдың. Бізге жақсы қарадың, әндетіп жүріп қыздардың, балалардың тойларын өткіздің. Аман бол! Біздің жағдайымыз жақсы. Тек сен біздің жаққа келуге асықпа. Сәлеммен Нәси- Жаннат»  деп қояды. О дүниелік ата-енемнен телеграмма жеткізгені бар еді, -деп еске алады марқұмның жеңгесі Нәсіп Нүркенова.

«ӘЖЕНІ ҚҰРМЕТТЕЙМІЗ ҒОЙ»

Жасұлан біздің үйге бір келгенінде немеремнің үлкені Жарастың  тілі «ата» деп шыққанын, «әже» деп айта алмайды» деп шағымданғаным бар. «Ә, ә, ә, «әже» деп айтуға тілі келмей жүр де. Оның жолы оңай. Әуелі «же!» деп айтқызып үйрет, «же»-ні айтса, «ә»-сін  қосып айтқыза саларсың,-деп кеңес бергені бар.

Тағы бірде «Ертең Жарас үйленгенде ат шаптырып той жасаймыз. Үлкен тойдан бұрын әжесінің батасын алсын деп саған соғамыз ғой,-дейді Жасұлан.

Төл басы Жарастың тойы болғанда маған соққаны несі, жақсылық осы шаңырақта емес пе?-деп ойлап, «Маған қайда соғасың?» деп нақтылап сұраймын ғой. Ол шіміркенбестен: «Қайда? Қайда? Шәндекенге соқпаймыз ба?» деп қарап тұр.

«Шәндекені несі?» деймін мен.

«Мәә, қасқа, сен сол кезге дейін жүрейін деп жүрсің бе?» дегені бар еді,- дейді қу тілді қайнысының  қалжыңына «төтеп берген» Нәсіп жеңгеміз.

 

«МОЙ ДВОРЕЦ В ШАНДЕКЕНЕ»

2000 жылы ағасы Серік  50-ге толып,  Ақсайдың курстас достары Сайқынға қонаққа келеді. Келген қонақты Орданы көрсетумен шектемей, Жасұлан ағамыз Волгоградтан бір шығарады. Алдына ала хабарласып қойған ағамыздың достары сайқындық қонақтары аяқтарынан тік тұрып, қарсылап алады. Үйлері зәулім сарай, дастарханында құстың сүті, жылқының өтінен басқасының бәрі бар дәулетті адамдар екен. Ағасы  да, ағасының алыстан келген достары да қатты мәз болады. Кейін сол ресейлік достары жолы түсіп, Сайқынға келеді. Қарапайым ғана тірлік кешкен ағамыз «Это у меня времянка, большой дворец строится в Шандекене» деген екен.

 

«НАВЕС САЛСА ЖАРАР ЕДІ…»

Ауданнан қалаға қатынар  асфальт жолдың жоқтығы туралы сөз қозғалғанда Жәкең: «Негізі өз жолымыз да жақсы, тек жаңбыр жауғанда болмаса. Асфальт сала алмаса,  навес салып берсе де жарар еді», — деген екен.

 

«ІШІ ӨТІП ЖАТҚАН АДАМҒА БӘРІБІР ЕМЕС ПЕ?»

Бірде ағамыздың жезделерінің бірі іші өтіп, асқазан-ішек жолдарының ауруымен ауруханаға жатып қалады. Науқастың көңілін сұрап бару сауапты іс екені белгілі ғой. Мұндайға бейжай қарамайтын ағамыз да ауруханаға жиналады. Күн ұзаққа дүкенде қызмет жасап тұрған Салтанат жеңгеміз абдырап-сасып:

  • Апырмай, ертең барсаң қайтеді? Баптап, дәмді ғып ыссы тағам пісіріп берейін,-депті.
  • Ой, дәмдеп, баптап қайтесің? Ішіңе ас тұрмай жатқан адамға. Кеше мерзімі өтіп кетіпті, ашып кеткен шығар деп сөреден алып тастаған айраныңды берсең де болады. Іші өтіп жатқан адамға бәрібір емес пе?-деген екен.

Дайындаған Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ