17.08.2020, 12:20
Қараулар: 182
БАҚШАҒА ДА БАЛАДАЙ БАП КЕРЕК!

БАҚШАҒА ДА БАЛАДАЙ БАП КЕРЕК!

Бақша егіп, бағбандықты серік қылған ағайынның бірауыздан айтары осы. Бақша өнімі көп болуы үшін, көктемгі егу жұмыстары нәтижелі болуы үшін қара күзге дейін баптау жұмыстарын үзбеу керек екен. Аудан жұртына бағбан ретінде танылған жерлестеріміздің кеңестеріне қоса, ғаламтор бетінен дайындалған бау мен бақ жұмыстарына қажетті кеңестерді назарыңызға ұсынамыз. Кеңестерге құлақ асып көріңіз, кәдеңізге жарары анық.

Жаздың аптап ыстығы бау-бақша үшін де шыдас бермейтін кезең. Екі мезгіл суардым десеңіз де еңбегіңіз еш кеткелі тұр ма? Онда тәжірибеде дәлелденген, нәтижесі мойындалған кеңестерді басшылыққа алып көріңіз.

 

АШЫТҚЫНЫ ЕЗІП ҚҰЙЫҢЫЗ, ӨНІМІ КӨБЕЙЕДІ

Едәуір бой көтеріп қалған көкөністерге көмек ретінде кәдімгі ашытқыдан қосалқы азық беруіңізге болады. Ол үшін үш литр суды 40 градусқа дейін қыздырамыз. Бір тостаған құмшекер мен 10 г құрғақ ашытқы саламыз. 7-8 сағатқа тұндырып қоямыз. Кешкісін оны 7 литр суға араластырып, қияр, қызанақ, басқа да бақша дақылдарының түбіне құйып шығамыз. Бұл қоспаны қиярға екі жұмада бір, қызанақ, басқа да өнімдерге үш аптада бір құйсаңыз жарайды. Осылайша баптасаңыз, өніміңіз ашытқыға қойылған қамырдай бой бермей, көбейе түседі екен.

Егер еккен қиярыңыздың жапырығы сарғайып, салған түйнегі де өспей жатып, сарғайып, солып қалса, бұл бор тапшылығын көрсетеді. Тапшылықтың орнын толтыру үшін 6 грамм борды 8-10 литр суға езіп, қиярды осы қоспамен суғаруыңыз керек. Бор суға бірден еріп кетпейді. Ол үшін кішігерім мөлшердегі ыстық суға борды езіп алып, кейін 8-10 литр суға қосуыңызға болады.

 

МОЛ ӨНІМ АЛҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ, ҚИЯРҒА СҮТ БЕРІҢІЗ

 

Иә, иә, қағыс естіп тұрған жоқсыз. Қиярыңызға сүт берсеңіз, еккен қиярыңыздан мол өнім алып, тоя жеп, қысқа да мол қор жинап аласыз.

Тап қазір жаздық қиярдың өнім бере бастайтын кезі. Оның өнімін молайту үшін сүтті қолданып көрсеңіз болады. Ол үшін сізге: 1 литр жаңа сауылған сүт; 30 тамшы йод; 10 л су; 20 г кір сабын ғана қажет. Қоспа жетіспей жатса дәл осы үлес бойынша тағы да араластырып дайындап аласыз. Қолдану әдісі. Жоғарыдағы заттардан қоспаны дайындап алған соң күн батқан кезде қиярға сеуіп шығасыз. Егер оны күндіз жасайтын болсаңыз, қияр жапырақтары сүт пен күннің, йодтың әсерінен күйіп қалады. Сүт пен йодтан тұратын қоспа қиярды қосымша қажетті заттармен байытып, онда болатын ауруларға қарсы әсер етеді. Ерте сарғайып кетпей, жасыл қалпын ұзақ сақтап, соның нәтижесінде әдеттегіден мол өнім береді. Міндетті түрде байқап көріңіз. Әдіс көңіліңізді қалдырмайды. Жыл сайынғы қолданатын оңай да пайдалы бір тәжірибеңіз болып қалады.

Тек ғаламтормен шектелмей, жерлес бағбандардың да мол өнім алу құпиясымен бөліскен едік.

 

Тәжірибелі  бағбан Уағиолла НҰРҒАЛИЕВ:

«… ХИМИКАТПЕН УЛАУДЫҢ  ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

 

  • Бау-бақша өнімінің азды-көпті болуы бағбанның күтіміне байланысты. Күтпесең қалағаныңдай мол өнім ала алмауың мүмкін. Сондықтан еңбектеніп, тер төгуге тура келеді және оны өсірудің қыр-сырын да білген жөн. Мәселен, өрік ағашы жұмсақ, ірі, дәмді жеміс берсін десеңіз суды молынан құйыңыз. Күнделікті суғару шарт емес, бір аптада бір-екі рет суарсаңыз жеткілікті. Өйткені, өрік ағашының тамыры терең, құрғап қалмас үшін суы жеткілікті болғаны дұрыс. Сондықтан тек жапырақтарына ғана су шашыратпай, түп тамырына да судың жақсы баруын қадағалаңыз. Қияр көкөнісі суды жақсы көреді, алайда ерекше күтімді талап етпейді. Бастысы таңмен және кешке суарып, айналасын қаптап өсетін арамшөптерден ұдайы тазалап тұру қажет. Ең дұрысы тамшылатып суару әдісін қолданған дұрыс. Картопты бір кездері өсіріп көрдім.  Картоптың жауы колорада қоңызы екенін бәрі біледі ғой. Көбіміз әлі күнге дейін  жәндіктің личинкаларын қолмен жинап алуға тырысамыз. Колорад қоңызы қаптаса, күш бермейді, өнімді азайтып жібереді. Тек картоп өсірумен айналысатындар химиялық жолмен зиянкестерден құтылар, ал, біз секілді шағын бақшасы барларға бұл әдіс келіңкіремейді. Жалпы үйдегі шағын бақшаға түрлі препараттарды қолдануға қарсымын. Яғни химикаттармен улаудың қажеті жоқ. Аумағы кішігерім бақшаны улау адам өмірі үшін зиянды, арнайы жылыжай, үйден оқшау үлкен бақша емес, ол жерде бала-шаға жүреді, көз қуантып өсіп тұрған өнімді жумай-ақ жеуі мүмкін. Сосын тауық-қазың бар дегендей. Сондықтан да, қолмен тазалап, барынша залалы жоқ қарапайым заттармен зарарсыздандырған дұрыс.

 

Еңбекқор ұстаз Альфия АКСЕНОВА:

 «СУЫ ЖЫЛЫ, АРАМШӨПТЕН ТАЗА БОЛУЫ – БАСТЫ ШАРТ»

 

  • Бақша еккен адамның таңғы жаттығуы бақшадан басталып, кешті де бақшада жүріп батырары анық. Бастапқыда арамшөбін жұлып, кір сабын езілген сумен, марганцовка қосылған сумен бүркіп, тотияйын ерітіндісімен залалсыздандыру керек. Бұл мол өнім алудың алғышарты. Су да жылы болуы қажет. Бақшаға құйылатын судың бөшке, бак сияқты үлкен сыйымдылықта жиналып тұрғаны жақсы. Кран мен құдықтан алынған су көкөніс тамырларына кері әсерін тигізеді,-деп өзі басшылыққа алатын қарапайым қағидаттармен бөлісті.

 

Биолог-бағбан Руслан Жахатов: «ЕККЕНДЕРІҢДІ БАС  КӨТЕРІП, БОЙ ТҮЗЕП АЛҒАНША БАПТАСАҢ, КҮЗДЕ ЖЕМІСІН ЖЕЙСІҢ»

 

Күтіп-баптамасаң, қаншалықты жауын-шашынды жылдың өзінде түйір жеміс бермеуі мүмкін. Бұлар да тірлік иесі, құдды бір адам сияқты ғой, бапты, күтімді қажет етеді. Артық мұртша, қисық біткен бұтағын кесіп отыру керек. Ауылдық жер болған соң тыңайтқыш іздеп әуре болмаймыз. Тыңайтқыш өз қораңнан шығады. Қыстай қораның жанына көң төгіп, тамақтың қалдықтарын сорттап, сөгіп, органикалық тыңайтқышты өзіміз-ақ дайындауымызға болады. Бақша жақсы өнім беру үшін бастысы, топырағың қара, борпылдақ болуы керек. Зиянкестерден қорғау үшін де арнайы химиялық тыңайтқыш сатып алудың қажеті жоқ. Кәдімгі қара сабынды салқын суға езіп, суын сыпырғышпен бүркіп шығамыз. Тағы бір әдіс: көк пияздың сабағын пайдалану. Көк сабақты жинап, табаққа салып, үстінен ыссы су құйып, әбден суығанша күтеміз. Сосын осы сумен жүзімге тарттырып қойған жіптерді сүртіп, сабағын сол жіпке іле салсаңыз, еш зиянкес жақындамайды. Ал, жеміс ағаштарын сөндірілмеген әкпен әктеп шығу – бұлжымас заңдылық. Оны бәрі біледі ғой. Еккен көкөністерің басын көтеріп, бойларын түзеп алғанша осылайша баптасаң, күзде жемісін жейсің,- дейді бағбан ұстазымыз.