17.08.2020, 11:52
Қараулар: 114
Эльдар ҚҰДАБАЕВ: «…АУЫЛДЫҢ ЖАЙ ҒАНА ҚАБІЛЕТТІ ҚАРА БАЛАСЫМЫН»

Эльдар ҚҰДАБАЕВ: «…АУЫЛДЫҢ ЖАЙ ҒАНА ҚАБІЛЕТТІ ҚАРА БАЛАСЫМЫН»


 

«Ел мақтаған» бетінің кезекті қонағы – Бисен ауылының тума таланты, Сапиолланың сері баласы, әнші-сазгер Эльдар Құдабаев. Жақын күндері отыз бесінші күзін қарсы алғалы отырған Эльдарымыз өзін-өзі қамшылап, өзін-өзі жетілдіріп жүрген өнерпаз. Тек мерекелік шараларда ғана сахнадан табылып, келесі мейрамға дейін күйбең тірліктің дырдуымен алданып жүретіндердің санатынан емес. Жергілікті ақын аға-апаларының сөзіне жазылған әндеріне клип те түсіріп, көрермен бағасына ие болды. Қош, сонымен сөз Сапиолланың сері ұлында.

 

 

 

Эльдар ҚҰДАБАЕВ:

 

«…АУЫЛДЫҢ ЖАЙ ҒАНА ҚАБІЛЕТТІ ҚАРА БАЛАСЫМЫН»

 

 

 

«Әу» демейтін қазақ жоқ деп жатамыз, сен ән салып қана қоймай, сол әнді өзің шығарып, композиторлық қырыңнан да танылып жүрсің. Мұндай өнер кімнен дарыды?

 

Ел мені әнші деп мойындап жатса, ол өнер нағашы жұртымнан дарыды деп ойлаймын. Анамның анасы, яғни, нағашы әжем Нәсіпханым Ишанқұлқызы сонау соғыс кезінде әншілігімен көзге түсіп, Алматыға арнайы оқуға жолдама алған екен. Бірақ  отбасылық жағдайына қарай алысқа ұзап, әншіліктің соңына түспепті. Негізі біздің жанұямыздағы ұл-қыздың бәрі  өнерден құр алақан емес. Сахнаға шығып, осыны кәсіп қылғаны мен.

 

Ең алғаш сахнаға неше жасында, қандай әнмен шықтың?

 

Назгүл есімді әпкем «Қыз сынына» қатысып, әпкеме қолдау көрсетіп, Жанар Айжанованың орындауындағы «Апа-ау» әнін орындадым.

 

Бес жастан сахнадан көрінген Эльдардың бағындырған белестері қандай?

 

Бала жастан «Балдәурен» байқауына, облыстық, республикалық патриоттық әндер байқауына, халықаралық «Қызғалдақ-көктем» конкурсына қатыстым.

 

Әншілерден кімді сүйіп тыңдайсың, композиторлардан кімнің шығармалары жанына кім жақын?

 

Жалпы бәрін тыңдаймын. Қай- қайсынан да үйренерім көп қой. Дегенмен, «Заман» тобындағы Ерген Айтымбетовтің орындаушылық шеберлігін ерекше бағалаймын. Халық әндері, Шәмшінің әндерін, М.Омаровтың әндерін үлкен сүйіспеншілікпен орындай беремін. Ән көңілімнен шықса да, жүрекке жететіндей әсерлі болса, болды.  

 

Егер мүмкіндік берілсе, атақтылардан кіммен дуэт құрар едің?

 

Бірауыздан Ерген Айтымбетов қой.

 

Ән қалай жазылады? Сен үшін жақсы әннің формуласы қандай?

 

Сөзі мен сазы келіскен, тақырыбы өміршең әндер жүректен жүрекке жетеді ғой. Ән – жанның қалауы. Жаны нәзік адам әрқашан жақсы әннен жүрек дертіне шипа табады. Ән қалай жазылады деген сауалыңызға нақты жауап бере алмаймын. Әр қалай ғой. Шабытқа қарай. Оңашада, жан дүниең толықтай тыныштық тапқанда, күйбең тірліктен, сан мың шаруаны ұмытып, ән әлеміне еніп кеткеніңді байқамай да қаласың. Сөз ұнаса, автор сенің айтайын деген ойыңды дөп басып, айтып тұрса, әуен өздігінен төгіліп тұратындай. Бастысы, мәтіннің характерін аша білуің керек.

 

Жоғарыда айтқанымыздай, клип түсіріп, көрермен назарына ұсындың. Клип түсіру де қыруар шаруа. Режиссері, демеушісі керек деген. Бұл тұрғыдан бөлісерің бар ма?

 

Иә, клип түсірдім. Тырнақалды дүниеміз ғой. Еділ Жайлаубаев деген бауырым екеуіміз «Досқа сағыныш» деген әнге клип түсірдік. Өзіңіз көргендей алып бара жатқан драма, сценарий жоқ. Шынайы өмір ғана. Кеше ғана бірге ойнап-күліп бірге жүрген, бүгінде арамыздан ерте кеткен қыршын ғұмыр достарымызға арналған туынды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Еділ бауырыма үлкен алғысымды білдіремін.

 

«Досқа сағыныш», «Туған жер», «Анаға арнау» атты әндерің тыңдарман талғамынан шығып, ризашылықтарын білдіріп жатыр екен. енді осы әндердің жазылу тарихына тоқталсақ.

 

Ән әр қалай жазылады. «Анаға арнау» әні сөзінен кейін туды. Ақсайлық айтыскер ақын Жарқынбек Шынтаевтың ана туралы өлеңін оқып, менің жүрегімде бұлқынып тұрған ана туралы оданы оқығандай болдым. Ән өздігінен туындады десе болады. Ал кейінгі екі әнге бірінші әуені дайын боп, ойымды айтып, музыканың мәнісін түсіндіріп,  сөзін жазуды әріптесім Екатерина Мөкешевадан өтінген едім.

 

   Нан табарлық айлығыңмен шектелмей, өзіңді қамшылап, түрлі конкурстарға қатысып, ән жазып қана қоймай, клип те түсірдің. Шығармашылық үдіріс бар. Тынымсыз Эльдардың кәсіби мамандығы қандай? Нота білесің бе? Қандай аспаптарда ойнайсың?

 

Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-ды мәдениет және өнер факультетін «Мәдени демалысты ұйымдастырушы» мамандығы бойынша бітіргенмін. Мойындаймын, нота білмеймін.

 

Әнші, композитор Эльдардың елге беймәлім танылмаған қыры, таланты бар ма?

Ой, әсірелеп айтып жібердіңіз ғой. Бір-екілі ән шығардым деп өзімді композиторлар қатарына қоса алмаймын. Мен жай ғана ән айтуға қабілеті бар ауылдың қара баласымын ғой.Туған жеріме, анама, достарыма деген көңілімді білдіріп, ән шығарсам, ол менің азаматтық борышым, перзенттік парызым ғой. Әні тұтас қазақ елінің аузында жүрген композиторлар біздің Бисенге ән арнай қоймас. Қаламақысын төлесең жазуы мүмкін ғой, бірақ, жүректен шықпауы мүмкін. Осы топырақта дүниеге келіп, осы топырақты кешіп, тірлік етіп жатқаны, осы қара топырақ бұйырар азамат болған соң туған ауылыма деген перзенттік махаббатымды әнмен жеткіздім. Осы еңбегімді бағалап жатқан елге рақмет, елеп, елге насихаттап жатқан сіздерге рақмет!  Танылмаған талантым бар деп те айта алмаймын. Бір кездері футболды сүйіп ойнадым. Қазір футболдың жанкешті жанкүйері ғанамын. Бір үйдің отағасы ретінде кез келген ер адамның қолынан келетін шаруаны мен де жжасай аламын. Артық не дейін?

 

Эльдар, уақыт тауып, сұқбат құрғаныңа рақмет. Өнерің өрлей берсін. Еліңнің мақтаны бол!

 

Сұқбат құрған Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ