10.08.2020, 1:38
Қараулар: 262
СЫН АЙТЫЛЫП, ҰСЫНЫС ТЫҢДАЛДЫ

СЫН АЙТЫЛЫП, ҰСЫНЫС ТЫҢДАЛДЫ

Өткен жексенбіде ауданымызға облыс басшысы Ғали Есқалиев жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында аудан аумағында жүріп жатқан құрылыс нысандарына барды, мал баққан шаруа адамдарымен кездесті, жол құрылысының басына барып, осы шаруаның басы-қасында жүрген лауазым иелерінің мәліметіне құлақ түрді.  Облыс басшысының нысандар мен малды ауылдағы жүздесулерінде сын да айтылды, ұсыныс та тыңдалды.

Облыс әкімінің сапары Т.Масин ауылдық округінің орталығы Бөрліден басталды. Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешев облыс басшысының назарына аудан ахуалы мен даму әлеуеті бойынша мәліметтер ұсынды.

Атап айтқанда, биыл ангус асыл тұқымды мал басын көбейту («Сисенғалиев.Р», «Есет» шаруа қожалықтары, ірі қара малын типтік бордақылау алаңын салу («М.Боранбаев» ШҚ), жоңышқа-люцерна шөбін егу («Игнат» ШҚ), алма бағы («Нұрғалиев» ЖК), қиыршық тас өндірісі («АТVS TECHNIC» ЖШС), мейрамхана құрылысы («Ел-Дәулет» ШҚ, «Елеусін» ШҚ) жобалары іске аспақшы.

Келер жылдың жоспары тіпті толайым. Атап айтқанда, Ұялылық «Сәрсенғалиев.С» ШҚ өз қаражатымен ірі қара мал бордақылау алаңын, «Пахман» ШҚ да өз қаржысымен Бисеннен бес гектарға алма бағын, екінші бір бисендік «Аслан» ШҚ бидайық егуді қолға алады. Ал, «М.Боранбаев» ШҚ өз қаржысымен қымыз өндіруді бастамақшы болса, масиндік Р.Сисенғалиев та өз қалтасынан мал сою алаңын жабдықтауды жоспарлапты. Ал, сайқындық «Дәулетова» ШҚ несие алып, қонақ үй салуды ойға алса, тағы бір сайқындық «Біржан» ЖК үкіметтің қаржылай демеуімен жылыжай салып, жергілікті тұрғындарды көкөніспен қамтамасыз етпекші.

ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

Бұдан кейін облыс әкімі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан М. Бегалиева атындағы мектепті аралап көрді. Жалпы бұл білім ордасы екі ғимараттан тұрады, бірі 1987 жылы салынса, екінші ғимарат 1997 жылы пайдалануға берілген екен. Қабырғасы қаланғалы бері алғаш рет күрделі жөндеуден өтуде. Жөндеу жұмыстарына  193264,719 мың теңге бөлінген. Жұмысқа жауапты «Қалдығайты» ЖШС.

Сапар Бисен ауылдық округінде жалғасты. Мұнда  облыс басшысы Б.Жәнекешев атындағы мектеп жанындағы интернатқа жүргізіліп жатқан жөндеу жұмысының барысына қанықты. Ұл балалар мен қыз балаларға арналған интернат екі бөлек ғимаратта орналасқан. Күрделі жөндеу жұмыстарына 85 493, 993 мың теңге қарастырылған. Жөндеуді «Ингострой» ЖШС жүзеге асыруда.

Бұдан соң облыс әкімі Ғали Есқалиев екі пәтерлі екі үйдің құрылысымен танысты. Жәнібектік «Символ» ЖШС-інің ауыл шетінен салып жатқан ақ шаңқан үйлері ауылға көрік беріп, көз қуантып тұр . Қыркүйектің 4-інде кілті тапсырылады деп жоспарланған жұмыс ойдағыдай жүзеге асуда. Үй құрылысына 42 946,2 мың теңге қарастырылған.

Облыс басшысы аудан орталығындағы М.Мәметова атындағы мектеп пен аудандық балалар және жасөспірімдердің туризм және экология орталығына да бас сұқты. Бұл екі ғимарат та күрделі жөндеуден өтуде.

Сонымен бірге 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Кешен құрылысына 344 102,7 мың теңге бөлінген. Сауықтыру кешенін «Наурыз» ЖШС тұрғызуда. Облыс әкімі кешен құрылысының толыққанды болуы үшін сыртта айналмалы жүгіру жолағы болғаны дұрыс деген ұсынысын да айтты.

Аудан бойынша алты білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өткізілуде. Қарасу бастауыш мектебі табиғи отынмен қамтамасыз етілсе, балалардың қауіпсіздігі үшін 14 мектеп ішкі әжетханамен жабдықталды.

Нысандарды аралаған облыс басшысы жөндеу, құрылыс жұмыстарында отандық өнімдерге басымдық беру, ысырапшылдыққа жол бермеуді қатаң тапсырды.

Мәселенки, М.Мәметова атындағы мектептің жөнделу барысымен танысқан облыс басшысы:

  • ­Белгіленген уақытқа үлгере алмайтындарыңыз айтпаса да түсінікті. Ысырыпшылдыққа жол бермеу, жұмыстын сапалы болуы басты назарда болуы керек. Мен сіздің жұмыстан оны көріп тұрғаным жоқ. Мектепке кіреберістегі кафель төсемдерін ауыстырам дейсіз де, іштегі шіріген ағаш еденді түбегейлі ауыстырудың орнына жамап-жасқаймыз дейсіз. Мұныңыз жарамайды. Тапсырыс беруші тараптан бұған жол берілмеу керек. Уақыттан кешігіп, графиктен тыс қалмау үшін ресейлік кафельді алдық дейсіз. Жұмыстың шабандығын көріп тұрсыз, неге қазақстандық өнімді алмасқа? Жұмыс баяу, мұныңыз жарамайды-деп пікірін білдірді.

Уақытша науқандық болса да, құрылыс жұмыстары аудандағы екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтар үшін табыс көзі екені рас.  Жұмыспен қамту орталығының маманы Медет Әнесовтың айтуынша,  аудан көлемінде жүзеге асып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына уақытша қызметке тартылғандар саны 150 адам ға жуық екен.

Жоғарыда көрсетілген адам санының көпшілігі аудан орталығына тиесілі. Мысалы, М.Мәметова атындағы мектепте тек төрт адам болса, аудандық балалар мен жасөспірімдер туризм және экология орталығының жөндеу жұмыстарына 15 адам тартылған екен. Темір Масин ауылдық округіндегі  М. Бегалиева атындағы ЖОББМ жөндеу жұмыстарына 31 адам, Бисен ауылдық округінің Б.Жәнекешов атындағы ЖОББМ жатақханасының жөндеу жұмыстарына 13 адам, Хан Орда ауылдық округі «Ақбота» ясли-балабақшасының жөндеу жұмыстарына 19 адам, Үштерек елді бастауыш мектебінің жұмыстарына үш адам жолданған.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс нысанының учаске басшысы Тұраққали Бисенғалиевтің айтуынша, құрылыс басында 15-ке жуық сайқындық жұмыс істеуде.

Ал Сайқын ауылының ішіндегі тас жолының жөндеуіне 20 азамат жұмылдырылса, Өнеге-Бисен-Сайқын тас жолы жұмыстарында 18 жерлесіміз  еңбек етуде.

МАЛ БАҚҚАН АҒАЙЫНМЕН КЕЗДЕСТІ

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Бөкей ордасы ауданына барған жұмыс сапары барысында Ақкөлмек елді мекеніндегі Мырзабай Боранбаевтың шаруа қожалығында болды.

Іскер, жоспары жүйелі шаруа Мырзабай ағамыздың жетістігі мол, алдағы жоспары да керемет.

Асыл тұқымды мал басын еселеп қана қоймай, екпе табиғи шөп, сафлор, арпа егіп отырған қожалық иесі алдағы күндері елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етіп, жабық ғимаратта қысы-жазы бие сауып, қымыз өндіруді ойға алып отыр.

  • Биыл шөп шығымы жоқ. Жыл сайын қуаңшылық, шөп шығымы нашар деп қол қусырып отыра бермей, ылғал жабу, егін салу жұмыстарын ыждағатты түрде қолға алу керек ойлаймын. Көпжылдық екпе шөп, еркекшөп, зығыр, сафлорға деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Егіншілікке қажетті техникалар түгелдей алынды. Қос саланы қатар тізгіндеу арқылы ғана шығынды барынша азайтып, табысымызды арттыра аламыз,-дейді қожалық иесі.

Мал санына арттыруға емес, сапасын алғы орынға қойған қожалықта қолдан ұрықтандыру жұмыстары жолға қойылған. Қазақтың жабысын өсіріп, тұқымын таратуға жұмыстануда. Осы мақсатта қожалық иесі малды ауылға жатақхана салып, облыс орталығынан келетін ғалым, оқымыстылармен бірге жылқы шаруашылығын өркендетсем дейді. Жаңашыл, еңбекқор М.Боранбаевтың ұсыныстарын облыс басшысы бірауыздан қолдады.

Аудандық мәслихат депутаты, жеке шаруа Сағындық Сәрсеновтің «Науша» шаруа қожалығында ат басын бұрып, малдың қысқы азығының жиналу науқанына куә болды.

Шаруа иесі Сағындық Сәрсенов:

  • Мал азығының қорын жинау кім-кімге де қиынға соғуда. Былтыр шалғы тимеген жерлердің шөбін шабудамыз. Ауылдағы мал ұстаған ағайын үшін су мен жайылымдық жер, сосын киік үлкен мәселе тудырып тұр,-деп түйткілді мәселелерді алға тартты.

Малды ауылдың бас ауруына айналған киік пен суға қатысты мәселені облыстық деңгейде қарастырамыз деп сөз берді.

ЖОЛДА ТОҚТАУ БОЛМАЙДЫ

Облыс басшысы Ғали Есқалиев аудандағы ғана емес, облыстағы маңызды нысан, елдің құлағы түрік отырған күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе − жол құрылысымен де танысты.

«Атырау жолдары» ЖШС-нің басшысы Серғали Қажығалиев, «Ақжолқұрылыс» ЖШС-нің басшысы Серік Байжанов, «Қазавтожол» АҚ БҚОФ директоры Еркебұлан Жұманов бір ауыздан  «Жолда тоқтау болмайды. Алдағы уақытта да жұмыс кедергісіз жалғасады. Биылға жоспарланған жолдың алты шақырымына бастапқы қиыршық төселеді» деп сендірді. «Ақжолқұрылыс» ЖШС-нің басшысы Серік Байжанов көп кешікпей, асфальт зауыты құрылып, жұмысын бастайтынын айтты.

  • ­Қаржыда кедергі бары рас. Бірақ, жұмысты жалғастыруға ештеңе кедергі болмауы керек. Келісімшарт бар. Еш күмәнсіз жалғастыра беруге болады. Қаржы кідірсе де, жеткілікті түрде бөлінген, қолдарыңызға тиеді,-деп сендірді.

ТОҒАНҒА СУ ТОЛАР КҮН АЛЫС ЕМЕС

Облыс әкімінің жұмыс сапары Мұратсайда түйінделді. Мұратсайдағы басты мәселе ­– су қоймасы. Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешев ондаған жылдар бойы күтімсіз жатқан Мұратсай ауылы жанындағы су қоймасы жағдайын алға тартты.

Су қоймасы 1961 жылы пайдалануға берілген. Алпыс жылға жуық уақыт өтсе де, су тоғаны жөндеу көрмеген. Дәл қазір тоған темір-бетонды төсем салу, қиыршық тас төсеу, су реттегіш шлюз орнатуды қажет етеді. Ені тарылып, бір көлек әрең өтетін жағдайға жеткен.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің:

  • Мұратсай су қоймасын жөндеу мәселесі өте өзекті. Аудан басшылығына жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауға тапсырма бердім. Қойма сыйымдылығы 16,3 млн текше метр. Жөндеу жүргізілсе, ауылдық округтегі шаруа қожалықтарына зор демеу болары анық. Бизнес аясында қойма жанынан шаруашылығын дамытам деген іскер адамдарды қолдаймыз. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болса, қаржы бөлуді қарастырамыз,-деген сөзі мұратсайлықтардың көңілін бірлеп, үміт отын үрлегені анық.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ,

 Еркебұлан РАХМЕТОЛЛА,

Бөкей ордасы ауданы