10.08.2020, 0:49
Қараулар: 276
«ҰЗЫНҚҰЛАҚТАН» ЖЕТКЕН ЕМ АЛЫП ҰРМАСЫН…

«ҰЗЫНҚҰЛАҚТАН» ЖЕТКЕН ЕМ АЛЫП ҰРМАСЫН…

Пандемия кезінде жұртшылықтың үрейге бой алдырып, абдырап қалғаны рас. Қауіпті дерт белең алған шақта әлеуметтік желілер арқылы таралған «псевдодәрігерлер» айтыпты деген көптеген жалған ақпарат пен қауесеттердің қайсысына сенер-сенбесімізді білмей қалдық. Қазақы емге жүгінгендер де көп. Біреулер «үйдің ішін адыраспанмен аластасақ, вирустер өздігінен жойылады» десе, енді біреуі зімбірдің тамырын қайнатып ішуді ұсынды, келесісі «сарымсақты шайнамай жұтыңыз» деп кеңес берді. Ащы судан ұрттап жүруді әдетке айналдыру керек деп «ақылымен» бөліскендер де жоқ болмады. Желі арқылы желдей ескен жалған панацеяларға сүйеніп, өз бетімен ем-домын жасағандар  да табылды. Тек бұл «емдеу курсының» пайдасынан зияны молырақ екенін ескергендері шамалы…

Аудандық провизорлық бөлімшеге бүгінгі күнге дейін төрт науқас ауыр халде түсіпті. Төрт тұрғын да «басы ауырып, балтыры сыздай» бастағаннан өз бетімен ем жасап, аурудың бетін қайтаруға тырысқан екен. Әттегенайы, ойлағандарындай болмады. Аурулары асқынып, провизорлық орталықтан бір шықты.

Лаура ШАМҰРАТОВА, аудандық аурухана директорының орынбасары:

−Адам ағзасына вирус енген кезде бойымызды әлсіздік билеп, тамақ ауырып, мұрын бітеліп т.б. ауырсынулар байқала бастайтыны анық.  Қазіргі күрделі жағдайда  аталмыш белгілер байқалса, саулығымызға салғырт қарап, ауырғанын жасырып, өз бетімен ем жасауға әсте болмайды. Бірден учаскелік дәрігерлерге хабар беріп, кеңесін алған жөн. Өкінішке қарай, тұрғындар дәріханаға жүгіреді де түрлі антибиотиктерді сатып алады, онысымен қоймай құйрық маймен сылау, сүтке бал қосып ішу секілді дәстүрлі тәсілдермен де емделуге көшеді. Антибиотиктер  вирустық инфекцияға емес, бактериалдық инфекцияларға әсері күшті. Өйткені, коронавирусты қоздырушы бактерия емес, вирус. Сондықтан антибиотиктер вирусқа қарсы әсер ете алмайды. Кей науқастардағы қосалқы аурулары бактериямен байланысты болса антибиотиктер беріледі. Бұл да дәрігердің тағайындауымен ғана. Дәрілік препараттар белгілі мөлшерде қолданылуы тиіс. Адам ағзасына көп мөлшерде антибиотик түскен кезде ішек жұмысы бұзылуы мүмкін. Салдарынан іш өтіп, дисбактериозға ұласады. Бұл процестер организмді қажытып, иммунитетін төмендетеді. Сүт пен балдың қосындысы кей адамдардың аллергиясын өршітіп жіберуі мүмкін, сәйкесінше құйрық маймен шектен тыс сылаудың да кері әсері болуы ғажап емес. Сорпаға ащы бұрыш қосып ішу де  организмге енген вирусты шығарудың нақты жолы емес.  Соны тұрғындарымыз қаперлеріне алса екен. Өз бетімен ем жасауға әуес болмаңыз. Әттегенайы, ауруын жасыратындар жоқ емес. Күні кеше ғана өз бетімен емделеміз деп жағдайын асқындырып алған орта жастағы төрт науқас провизорлық орталыққа түсті. Тиісті емдеу курсын жүргізіп жатырмыз», — дейді бұл тұрғыда.

Қазіргі таңда адамдардың психологиялық жай-күйі маңызды екені айтпаса да түсінікті. Бірнеше рет жарияланған карантиндік талаптар да тұрғындардың бей-берекетін қашырды, тұрмысы түзелмек түгілі, кәсібі құлдыраудың алдында тұрғандары ауруды елемеуге дайын тұр. Нәпақа тауып, жан бағу керек, кеселдің кесірінен қорқа берсе нан-суын кім әпермек деп үрейленетіні заңдылық. Ағзасын ауру басқанда көндіккісі келмей парацетамол, аспиринді ішіп, не болмаса қазақы емге жүгінуге тырысады. Көпшіліктің сүйенері мың да бір ауруға ем, вирусты өлтіргіш қасиетке ие сарымсақ пен пияз. Алайда, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аталмыш дәндердің  микробтарды өлтіретінін мойындаса да, коронавирус жұқпасынан жаза алмайтынын кесіп айтты. Тіпті, сарымсақ  тұмау мен суық тиюден емдеуге қолданылса да бұл тұжырымның клиникалық түрде  әлі де дәлелденбегенін алға тартады.  Whatsapp арқылы Сисембек Ошақты деген белгісіз біреуден короновирустың мутацияланған жаңа түрі «NPS» деп аталатындығы және одан сақтанудың бірден бір жолы әр 15 минут сайын су ішу деген хабарламасы да көпшілікті дүрліктірген еді. Оның айтуынша ағзаны химиялық дәрілермен уландырмай, тек су ішіп қана жазып алуға болады-мыс. Аш қарынға кәдімгі ас содасына лимон қышқылын араластырып  ішудің «пайдасы» да аз айтылмап еді.

Медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты дәрігер Раушан Қарабаева үйден емделудің қауіптілігі туралы әріптестерімізге толыққанды сұқбат берген екен.

–Дәрігердің тағайындаусыз дәрі ішіп, немесе қандай ма бір ем қабылдау – науқастың жағдайын ушықтыра түспесе, еш оңалтпайды. Дәрігер тағайындауынсыз дәрі қабылдау салдары науқастың созылмалы ауруларын асқындырады. Өз-өзіне дәрігер боп, емші тағайындау соңы асқазан жолының микро флорасын зақымдайды. Нышандары байқалмаған коронавирус инфекциясына шалдыққан жағдайда ешқандай дәрілік препараттар қабылдамай, ақуыз, С, D дәрумендеріне бай азық-түлік қабылдап, суды әдеттегіден көп ішуі керек. Бір ескерерлігі С дәруменінің шектен тыс көптігі бүйрек ауруын асқындыруы мүмкін. Қаржыңыз боп, дәрі-дәрмекті сатып алу мүмкіндігі болған жағдайда да ол препараттарды үйде жатып, қабылдауға болмайды. Коронавирус тромбоздың түзілуіне жол ашатын инфекция. Сондықтан дәрігер өзі қабылдап, өзі қадағалау жасауы керек,-деп кеңес береді.

Жоғарыда құйрық пен зіңбірді айттық. Құйрықпен сылау ата-әжемізден жалғасқан ем болса да, дәл қазіргі пандемияға қарсы көрсетілімі бар екен. Науқас алаулап жатпаса да, ішкі қызуы болуы мүмкін. Мұндайда құйрықпен сылауға мүлдем тыйым салынады.

Ал, зіңбірді ем екен деп екінің біріне ішуге болмайды. Зіңбір мен лимон қосылған су қан айналым мен метоболизмді жақсартып, холестирин мөлшерін азайтады. Аминоқышқылдары май жиналуына кедергі болады, яғни, арықтаймын дейтіндер үшін таптырмас сусын. Әрі ол антиоксиданттық белсенділікке ие. Мұндай сусын асқазан ойық жарасы бар, бүйректің созылмалы ауруы бар адамдарға мүлдем болмайды. 60-тан жастан асқандарға зіңбірді суға қосып қабылдауға болмайды. Дұрысы, зіңбірді кепкен немесе маринадталған түрін тұтынған абзал. Инфаркт, инсульт алған, жүрек ишемиясы бар науқастарға да зіңбірдің қарсы көрсетілімі бар. Зіңбірді де, лимонды да тек аурудың алдын алу мақсатында қолданған дұрыс. Емдің қасиеті күшті деп пандемия кезінде парқы асып, бағасы аспандаған зіңбір мен лимонды екінің бірінің үйінен табылатын құйрық майдың пайдалы қасиеті көп болғанмен, зияны, қарсы көрсетілімі бар екенін біле жүріңіз.

Ақ халаттылар көмегіне жүгінбей, өз-өздеріне дәрігер болу кеңес дәуірінен кейін көбейген екен. Осы тақырыпты терең қаузаған әріптестеріміз сауалнама жүргізіп көрген екен. Нәтижесінде сауалнама жауап бергендердің 44%-ы аурухана баруға беттен басады екен. Уақыт таппайды. 35%-ы «өзімді жақсы білемін, ауруымның емі өзіме аян» десе, 26%-ы «дәрігерлердің сауатсыздығын көп көрдім» дейді. Жауап бергендердің 3%-ы «ақшаң көп болса, дәрігер де асқан қамқорлықпен қабылдайды» деп жауап берді. Тек 15%-ы ғана «тек дәрігердің көмегіне жүгінемін» депті.

Басқа басқа емес әлемде қақпаған есігі, бармаған елі жоқ індеттен үйден емделу еш мүмкін емес.

Тағы бір айта кетерлігі, қазір кез келген әлеуметтік желіде вирустық инфекцияның алдын алады деген жарнама жарып тұр. Бағасы да аспандап тұр. Індеттен емдеудің хаттамасының өзі бірнеше мәрте өзгеріп тұрған мынадай алмағайып кезеңде індеттен емдейтін дәрілердің табылып,  қолданысқа берілмегені анық. Айтарымыз, қымбатын алсақ, шипасы күшті болар деп арандап қалмаңыз дейміз.

Қалай десек те, коронавирус немесе өкпе қабынуының ауыр жағдайында дәрілік препараттардың дозасы, емдеу жиілігі мен ұзақтығы науқастың физиологиялық, иммундық жағдайына, зертханалық тексеру нәтижелеріне байланысты екені сөзсіз. Сондықтан, үйде өз бетімен ем жасағаннан, дәрігерге жүгінген абзал. Әлбетте, халық емінің пайдасын жоққа шығарудан аулақпыз, қазақы емді  ауырғаннан кейін емес, ауырмаудың жолы ретінде қолданғанымыз ақылға қонымды емес пе?!

Арайлым ЕСМАҒҰЛ