10.08.2020, 0:43
Қараулар: 190
COVID 19: САҚТЫҚТЫ САЯБЫРСЫТУҒА БОЛМАЙДЫ

COVID 19: САҚТЫҚТЫ САЯБЫРСЫТУҒА БОЛМАЙДЫ

Әлемді жайлаған індеттің статистикалық мәліметтері сәт сайын өзгеріп жатырғаны ешкімге жаңалық емес. Осы ретте коронавирус індетіне байланысты аудандағы ахуалды аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылайтын басқарманың басшысы Света Рамазановадан білдік.

Ауданымыздың бас санитарының айтуынша, бүгінгі таңда covid-19 диагнозы тағы да төрт азаматта анықталып отыр. Сөйтіп, індет іргемізге кіргелі біздің ауданда осы дерт бойынша 73 оқиға тіркелген. Соның 58-і симптомды тобына жатқызылса, 15-і симптомсыз өткен. Соңғы науқастардың біреуі Жәнібек ауданындағы провизорлық ауруханаға жолданған.

-Ауруханамыздағы провизорлық бөлімде бүгінгі таңда пневмонияға, вирусқа шалдыққандар жатыр. Арасында жеңіл, орташа ауыр, өте ауыр жағдайдағы науқастарымыз бар. Міне, бүгін бір науқасымыз көз жұмды. Сөйтіп, бұл дерт біздің ауданнан бесінші адамдың өліміне себеп болды. Қайыра ескере кетейін, бұл індет зейнет жасындағы азаматтар үшін өте қауіпті, сонымен қатар түрлі диспансерлік тізімге алынған, жүкті әйелдер денсаулықтарына да қауіп төндіреді. Қазіргі ахуалды баяндасам, дерт бәсеңси бастады. Екі округте, нақтыласам, Ұялы мен Т.Масин округтерінде коронавирус тіркелмеді. Десе де, індет жасына қарамастан иммунитеті әлсіреген ағзаны алдыңғы қатарда зақымдайтынын көзімізбен көріп отырмыз. Сондықтан сақтықты саябырсытуға әсте болмайды. Алдымызда салқын мезгіл келе жатыр. Оны да ескерген жөн,- дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Анарбек Белисанов.

Раушан АППАҚОВА