28.07.2020, 0:31
Қараулар: 497
«Фотоқор» РЕПРЕССИЯДАН АМАН ҚАЛҒАН КІТАП

«Фотоқор» РЕПРЕССИЯДАН АМАН ҚАЛҒАН КІТАП

 

Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық  музей-қорығы қорындағы тағдырлы экспонаттың бірі –латын әрпімен басылған «Qozь-Kөrреc-Bajan suluv» дастаны. Кітап музей-қорық қорына 2018 жылы сайқындық кітапқұмар апамыз Әлия Жакеновадан алынды. Әлияға бұл кітап анасы Жанғаным Бисәліқызынан қалған.

Кезінде бұл кітап репрессиядан аман қалған. Кітап авторы – халық ақыны Шәкір Әбенов. 1938 жылы Алматыда «Қазақстан» көркем әдебиет баспасынан басылып шыққан екен. Жан қалтаға салып алғандай көлемдегі 126 беттен тұратын шағын ғана кітапша 7150 дана таралымда басылыпты.  Ш.Әбенов сол жылы «Халық жауы» атанады. Қудалауға ұшырап, елден кетуге мәжбүр болған ақынның еңбектері цензураның пәрменімен тіміскіленіп, жойылады. Сол уақыт сүзгісінен аман қалуының өзі жұмбақ осынау кітаптың парақтары сарғайса да, міні бұзылмаған.

Кітап авторы  Шәкір Әбенов — Абай елінің тумысы. Ол мұсылманша хат таныған, Семейдегі шіркеу жанындағы мектепте оқыған. 16 жасынан өлеңдері «Айқап» журналына басылған. С.Сейфуллиннің атқосшысы бола жүріп, І.Жансүгіров, Б.Майлиндермен рухани жақын болған. Қудалауға ұшыраған Ш.Әбенов елден шетте жүрсе де өлеңді қоймайды.  Ол суырып салма, айтыскерлігімен қазақ-қырғыз ақындарымен айтысқа түсіп, жыр бәйгесінің бірнеше дүркін жеңімпазы болады. Ел аузынан фольклорлық әндер мен өлеңдерді, сондай-ақ, Жанақ, Сабырбай, Түбек, Дулат, Байкөкше ақындардың әдеби мұрасын жазып алып жинаған. Оларды 1940 жылы елге оралғанда Қазақстан ғылыми-зерттеу ордаларына тапсырады. Маман-зерттеушілер Әбеновтің орындауында ондаған ән-күйді нотаға түсірген.

Халық ақыны, фольклоршы, сазгер Ш.Әбенов 1940-1941 жылдары Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы қызметін атқарып жүргенде тағы да жалған айыппен Семей түрмесіне қамалады. Ұлы Отан соғысы басталғанда өз еркімен соғысқа аттанып, Сталинград майданында ауыр жарақат алып, елге оралады. Ұлы Жеңістен кейін де саяси қуғындау қайта басталып, Шәкір Әбенов Сібірге, Александров абақтысына 10 жылға айдалады. 1955 жылы түрмеден босағанмен, 1961 жылы ғана толықтай ақталғанша зобалаңның не бір түрін бастан кешеді. Сүйегі асыл, аузы дуалы қария 1991 жылы ҚР тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ант беру рәсімінде халық атынан ақ батасын берді. 93 жасында дүниеден өтті.

Гүлжиян САПАРҒАЛИЕВА,

облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени,

архитектуралық-этнографиялық  музей-қорығының

бөлім басшысы