27.07.2020, 23:49
Қараулар: 345
ОРДАДА ОҚ АТЫЛДЫ

ОРДАДА ОҚ АТЫЛДЫ

Шілденің 19-ы күні кешкі сағат 21:30 шамасында Хан Ордасы ауылында оқ атылып, бір емес, үш бір азаматты жараланды.

Бейбіт күнде ауылды дүрліктірген 1965 жылғы Т.С. деген ауыл тұрғыны екен. Ақаңнан ұрттап, қызара бөрткен ол ағасының үйіне «Камаз» маркалы көлікпен барып, ат басын тірепті. Көлігінен түскен ол әй-шәй деместен аула ішінде бейқам тұрған ауылдастарына дара ауызды бесатарынан оқ жаудырған. Бес ересек пен бір кәмелетке толмаған бала жауған оқтан көліктерді қалқан қылып, бой тасалаған. Дегенмен, үшеуі аяқ, іш құрылысынан түрлі деңгейдегі дене жарақатын алды.

Асхат Оразгелдиев «бесатарлы батырдың» ту сыртынан байқатпай кеп, бас салып, қаруын тартып алған. Мылтық ішіндегі оқтарды алып, қаруды ұрғылап, қайта пайдалануға жарамсыз ғып үлгерген. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары мас «батырды» құрықтады. Дене жарақатын алғандарға көмек көрсетілді.

Арақ ішіп, оқ атқан азамат адам өлтіру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшыратуға жол бергені үшін уақытша қамауға алынып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24 бабы, 3-бөлігі, 99-бабы 2- бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ