27.07.2020, 23:19
Қараулар: 379
УӘЛИОЛЛА АҒАМЫЗ ҮЙЛІ БОЛДЫ

УӘЛИОЛЛА АҒАМЫЗ ҮЙЛІ БОЛДЫ

Республикалық «Харекет»  қайырымдылық қоры және жергілікті мешіт жамағатының  мұрындық болуымен  бірнеше жылдан бері бала-шағасымен баспана тауқыметін тартып келген Әбіловтер жанұясына үй сыйға тартты.

Уәлиолла Әбілов — І топ мүгедегі, үш қыздың әкесі. Ағамыз денсаулығы бар кезінде Хан ордасы ауылы маңындағы «Шамақ» пунктінде он жылдан астам  мал бағып, нәпәқа тапқан-ды. Дерті меңдеп, саулығы нашарлаған соң Уәлиолла ағамыз отбасымен Сайқын ауылына  көшіп келуге бекінеді. Тағдырдың сынына түскен Әбіловтердің тұрмыстық жағдайы бірден түзеле қоймады. Батпандап енген ауруға берілмеуге тырысса да отағасы жұмысқа жарамсыз деп танылады. Жұбайы Бибінұр де жергілікті әкімдіктің демеуімен екі қолға бір күрек табады. Өзгенің пәтерін паналап келгеніне биыл үш жылдың жүзі болыпты.   «Харекеттің»  ауданымыз бойынша еріктілері Райымбек Жұмабаев пен Қуаныш Калдуков  тұрмыстық әлеуеті төмен   жанұяға қолұшын созуды ниет етіп, қор басшылығын құлағдар етеді. Не бары үш ай ішінде Әбіловтер қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алды.

Уәлиолла Әбілов:

– Бүгін отбасымыз үшін  ең қуанышты күн. Әкем мен анам тіріліп келгендей мәз болып отырмын. Өзіңнің баспанаң болған қандай керемет. Қыздарым да бойжетіп келеді, ешкімге жалтақтамай өскендерін қалаймын. «Харекеттің» қайырымды азаматтарының арқасында көптен бері арман еткен баспанамызға қол жеткіздік», -деп риясыз көңілмен жомарт жандарға алғысын білдірді.

– Елімізде 2017 жылдан бері жұмысын бастаған  «Харекет» қоры  «Мың теңгеге баспана» атты жобасымен  республика көлемінде 253 тұрмысы төмен отбасына баспана алып берді. Оның он бірі Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына тиесілі болса, он екінші үй сайқындық Әбіловтерге бұйырды,- дейді қордың облыстағы өкілі  Демежан Шымболатұлы.

Аталмыш шараға  арнайы келген  аудандық және  ауылдық әкімдік өкілдері де баспаналы атанған отбасыға сыйлықтарын табыстап, тілектерін жеткізді.

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА

 

Ауыл жаңалығы

Басқа да мақалалар