7.07.2020, 19:37
Қараулар: 183
ВОЛОНТЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

ВОЛОНТЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ


Аудан әкімдігінің кіші залында «Волонтер жылына» өзіндік үлес қосып, еңбегі еленген бірнеше бөкейлік марапатталды.

«Нұр Отан» партия аудандық филиалы төрағасының І орынбасары Мейрамбек Аққалиев жыл басынан ауданымызда үлкені мен жастарын қосқанда 150-ге жуық ерікті ресми тіркеліп, көптің күшімен барлығы 870 адамы бар 273 отбасыға 4 272 000 теңгенің көмегі көрсетілгенін айтты. Еріктілер де өз тарапынан 700 маска таратып, 500-дей отбасыға азық-түлік өнімдерін жеткізіп, «Біз біргеміз» акциясына атсалысқанын да тілге тиек етті. Жаман індеттен сақтану амалдарын көпшілік арасында насихаттап, блок бекеттерге кезекшілікке тұрып, билік басшыларына көмек көрсеткенін де ұмыт қалдырмады.

Осылайша, індетпен күрес жолында бастамашы болған жастарымыз Елбасының және облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының алғысхаттарына лайық деп танылды.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Исатай Құрмашев,  М-С.Бабажанов атындағы мектептің мұғалімі Райымбек Құрманғазиев, Сайқын ауылдық округ әкімдігінің қызметкері Роман Есімов, аудандық жастар орталығының қызметкері Ернар Шәкеновтер  «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысхатымен марапатталды.

Бөкей ордасы колледжінің оқытушысы Жұлдыз Сәлімова облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысы Мейірбек Нұркеннің алғысхатымен мадақталды.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысы Исатай Құрмашев көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдіріп, бұл өз кезегінде жауапкершілік жүктейтінін мәлімдеді. Сонымен осындай марапаттар барлығы 27 бөкейлікке келгенін, аудандағы шектеу шараларына байланысты олар салтанатты түрде емес, шағын форматта тапсырылып, иелеріне жолданып жатқанын баса айтты.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ