3.07.2020, 18:46
Қараулар: 582
Ағира Әбдірова, ауыл тұрғыны: «БЕС САҒАТТЫҚ ТОЙ ҮШІН БЕС ЖЫЛДАР НЕСИЕ ТӨЛЕП ЖҮРГЕНДЕР КӨП…»

Ағира Әбдірова, ауыл тұрғыны: «БЕС САҒАТТЫҚ ТОЙ ҮШІН БЕС ЖЫЛДАР НЕСИЕ ТӨЛЕП ЖҮРГЕНДЕР КӨП…»

  • Қазір тойдың саны көп те, тәрбиелік мәні жоқ. Бүгінде сырға салу рәсімі де ұзатудан кем өтпейді. Құлағына тағатын сырғасынан бөлек, болашақ келіннің қолына брилиант тасы бар сақина тағады екен. Астына отыратын көрпешесін, әшекей бұйымдары салынатын сәукеле қобдишасын да қоса әкеледі екен. Тіпті қалыңдық отыратын көрпешесіне қоса, кілемін сүйрей келгендерді көрдік.  Бұның соншалықты не қажеті бар екен…  Сырға салу рәсімі жоғары деңгейде өткен соң ұзату тойы да одан асып түспесе, кем өтпейтіні белгілі ғой. Эстрада әншілерін тойға шақыру үрдісі тек қалаға емес, ауылдарға да тән. Жағдайы келіскен жандар қаласа, тойларын шоуға айналдырып жібереді. Өз басым шектен тыс астамшылық, ысырапқа жол бермеу керек деп есептеймін. Тойды өткізудің жаңаша жөн-жоралғылары қалыптасуы керек. Садақаның дастарқан мәзірін бекітті ғой. Бастапқыда қабылдап, қолдау қиын болған шығар. Қазір бір ізге түсіп келеді. Той жоралғысына да солай заңды тұрғыдан шектеу енгізсе, жақсы болар еді. Әйтпесе, көп ауылдас бес сағаттық той жасаймын деп бес жылдап несие төлеп жүр.