3.07.2020, 18:41
Қараулар: 630
ТОЙ – ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ МА , ӘЛДЕ…?

ТОЙ – ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ МА , ӘЛДЕ…?

Несін жасырамыз, аждаһадай ауыз салған пандемия тек біздің елді  ғана емес, әлеуеті келіскен алпауыт мемлекеттерді де састырды. Қазіргі таңда ешбір сарапшы, ғалымдар алда нендей өзгерістер болатынын дөп басып айта алмайды. Өздеріңізге аян, жағдай одан әрі ушығып барады, бұл дертке шалдыққандар саны көбеймесе азаймай тұрғаны көңілге кірбің ұялатады екен. Күні кеше «Ана тілі» газетінде ақын, редактор Жанарбек Әшімжан Президентіміз Қ.Тоқаевпен пәтуалы әңгіме айтып, сұқбат құрған еді.  «Қазір той тойлайтын емес, ой ойлайтын заман» деген елбасы сөзін жалаулатып, кһп адам көзір ғып, алып, пікірін білдіруде.  Ақтөбелік ғалым Оралбек Өтеғұлов тойға бесжылдық мораторий жариялауды ұсынды. Жұртшылық  бұл ұсынысты әр қилы қабылдағаны рас. Бірі «қазақ несие алып, той жасағанша, кәсіп ашып, ақша тапсын» дейді, енді бірі «той – халықтың қазынасы, атам заманнан келе жатырған дәстүрді бұзбау керек» деп шырылдайды. Тағы бірі «тойға барудан шаршап кетіп едік. Шақырған соң ауылдағыны қойып, қаладағы тойға барамыз. «Келеді» деп есептеп, мейрамханаға орын үшін шығынданды ғой. Ол жасаған тойды мен жасармын» деп барамыз. Ақша қоймайтын еді. Карантин жарияланып, шектеу қойылғалы бері мерейтой да, үйлену тойына да бармай, өз ақшамыз өзімізге олжа боп отыр» дейді. Осы орайда, ауыл тұрғындарынан да тойға мораторий жариялауға қатысты ой-пікірлерін сұрап, білген едік.

Иран Дәуленов, ауыл тұрғыны:

«ЕЛ НЕ ДЕЙДІ-НІ» ҚОЮ КЕРЕК»

  • Короновирус індетінің кең таралып кетуіне байланысты той жасауды мүлдем  тоқтатқан дұрыс деп ойлаймын. Өйткені ауылымызда да бұл кеселге шалдыққандар  саны көбейіп кетті. Өткенде төтенше жағдай жарияланған кезде халық кәдімгідей тәртіпке бағынған сияқты еді, қазір қайтадан қонақтық, жиындар көбейіп кетті-ау. «Жалғыз қызын ұзата алмапты», «Баласына той жасап бере алмапты» деген сөзден ұялып, қарызға батса да той өткізуді жөн көреді көпшілік. Сондықтан» ел не дейдіден» қорқып думандатудан тыйылмайды.  Тойдың мәні де, сәні де қашқаны бәріне аян ғой. Бос сөз, құр мақтау, ысырапшылдық дегенің кім — кімді де мезі қылады. Алайда, әулеттің жақсылығын назарсыз қалдыруға тағы болмайды. Жақын-туыстың басын қосып қуанышты атап өтсе несі айып?! Бәрінің де шегі болуы керек. Дарақыланып, астамшылдыққа жол бермеу керек деймін. Біздің кезімізде той атаулы өтпейтін. Тек қыздың басына орамал салынып, рәсімі жасалып, ағайын-туысқа дастарқан жайылатын. Дастарқан дегенімен ас та төк молшылық жоқ қой, үлкендер барын қонағына тосатын.