3.07.2020, 17:39
Қараулар: 351
«ҮФ» ЕТКЕН ЖЕЛ БАҒАНАНЫ СҰЛАТТЫ

«ҮФ» ЕТКЕН ЖЕЛ БАҒАНАНЫ СҰЛАТТЫ

Маусымның 29-ы күнгі әлек салған ала құйын көп адамды әбігерге сап кеті. Он беске жуық үй ғимаратына, бір азық-түлік дүкеніне айтарлықтай зақым келтірген. Бұл Сайқын ауылдық әкімдігіне арнайы хабарласып, жағдайын айтқан тұрғыннан тіркелген мәлімет. Шатыры ұшып, қосалқы құрылысы қирап, өз бетімен әупірімдеп, жөндеп жатқан жұрт баршылық.

Бұған қоса жел күшейіп, ауылдың жарты бөлігі жарықсыз қалды.

Электр  бағаналары да құлады.  Аудандық электр торабы басшысы Самат Оңаев:

– Сайқын ауылдық округке қарасты Ұңғысын елді мекеніне барар беттегі төрт электр бағанасы құлап қалды. Бағаналар су жаңа болмаса да, жағдайлары жақсы еді. 1976 жылы орнатылған еді. Төрт бағана да бірдей пышақпен кескендей бір жерден сынған. Бұл, желдің күштілігін білдіртеді деген ойдамын. Осы төрт бірдей бағана істен шығуына байланысты бес басапана жарықсыз қалып отыр. Дәл қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, -дейді.

Әрине, бағана мәселесі шешіліп, жарық қалыпты түрде беріле бастары даусыз. Ал, құйыннан зардап шеккен үй тұрғындарының халі нешік? Кімнен, қандай көмек болады?

Осы бір жауабын береді-ау деген мекеме басшыларына хабарласып бақтық. Сайқын ауылдық окургінің әкімі Нұргүл Омарова: «Жағдайын айтып, хабарласқандар тұрғындардың үйлеріне барып, суретке түсіріп, акт тұрғыздық. Біздің құзыретіміз осымен шектеледі. Актті төтенше жағдайлар бөліміне, тиісті мамандарға тапсырдық» десе, төтенше жағдайлар бөлімі  нің қызметкерлері «бізден аулақ» деп маңына жуытар емес. Қош, сонымен, құйынның салдарынан материалдық жапа шеккен тұрғын үй санын да нақты біле алмадық.

Бір білгеніміз, ешқандай жәрдемақы, материалдық шығын төленбейді. Оның тобықтай тас түйін дәлелі бар. Ақы төлену-төленбеуін желдің қауқары шешеді екен.

«Орда» метеостанциясының қызметкері Ләззат Саматова:

  • Төтенше жағдай енгізіліп және зардап шеккендер үкімет тарабынан көмек алу үшін желдің жылдамдығы 25-28 м/с (метр секундына) болуы тиісті. Тек сол кезде ғана арнайы комисия құрылып, зардап шеккендерге көмек көрсету мәселесі қарастырылады. Ал біздің ауданда орын алған жел тек 2 м/с болды,- деді Ляззат Саматова.

Бұл жауап біздің қарабайыр қисынымызға да қонымсыздау болды. Төбенің шатырын  түріп, қосалқы құрылыс қирап, 45 жылдан бері міз қақпай тұрған бағаналарды бір сәтте сұлатып түсірген желдің жылдамдығы 2 м/с болды дегенге сәби де сенбесі анық. Әр күн сайын кекілін желге таратып үйренген біз үшін 2 м/с жылдамдықтағы жел «үф» еткен жайдары желдей екені рас.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ