3.07.2020, 17:30
Қараулар: 374
Диана АБУХАН: «ТІЛ РИМГЕ ДЕ АПАРАДЫ» ДЕГЕНГЕ КӨЗІМ ЖЕТТІ»

Диана АБУХАН: «ТІЛ РИМГЕ ДЕ АПАРАДЫ» ДЕГЕНГЕ КӨЗІМ ЖЕТТІ»

Көзі қарақты оқырмандарымыз жақсы біледі, «JasStar»  бетінде білімімен топ жарған, қандай ма бір жетістігімен жақсы аты шыққан жерлес жастарымызды елге танытып келдік.  Бүгінгі кейіпкеріміз де осал емес. Білімімен Елорда барып, Еуропа асқан Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлегі, бүгінде Италия мемлекетінің Рим қаласындағы әйгілі «Sapienza Università di Roma» оқу ордасының магистранты атанған бөрлілік Диана Абухан.

– Диана, білімге қаншалықты құштар екеніңді бүгінгі жеткен жетістіктеріңмен де саралауға болатын секілді. Еліміздің іргелі оқу ордасында, одан соң Түркияда білім алыпсың. Қазіргі таңда Италия мемлекетінің ең әйгілі университетінде магистратурада оқып жатыр екенсің.

– Адам неғұрлым оқу-тоқуға ұмтылған сайын соғұрлым өзінің ел азаматы ретіндегі миссиясын анық ұғынып, қоғамға, туған мекеніне шарапатын тигізуге, жақсы жаққа өзгертуге тырысады деп есептеймін. Сондықтан менің үздіксіз білім жинауға, жан жақты дамып, көкжиегімді кеңейтуге деген құлшынысымның себебі осында жатыр. Өзіңіз айтқандай Еуразия Ұлттық университетінің  Қаржы мамандығында IV курста оқып жүргенімде академиялық ауысым бағдарламасы негізінде Түркияның   Денизли қаласындағы Памуккале университетінде  бір жыл білімімді шыңдадым. Бұл мен үшін шетелге алғаш қадам басуым еді, үлкен тәжірибе болды. Екі айдың ішінде қажетті құжаттарды реттеп,  IELTS сертификатын алу үшін ағылшын тілінен де дайындалып, межелі баллды жинап, Түркияға аттандым. Академиялық ауысым арқылы оқу тегін болып табылады. Бұл бағдарлама аясында сіз үш  мемлекетті және сол мемлекеттегі бір оқу орнын таңдай аласыз,  бастысы сіздің жетістіктеріңіз, білім көрсеткішіңіз таңдаған университетіңіздің талаптарына сәйкес келіп, шақырту алсаңыз болғаны.

– Италия мемлекетіне аттануыңа не себеп болды?

– Түркияда оқып жүргенімде еуропалық студенттердің  тұлғалық дамуға, терең білім алуға деген мақсаттары, оқып жатырған мамандықтарын  жақсылап зерттеп, үйреніп, кәсіби тұрғыдан шыңдалуға ден қоятындары ұнады. Сол жақта жүріп магистратураны қайда оқитындығымды шешіп қойдым десем болады. Осылайша,  қойнауы тарихқа толы Италияның Рим қаласындағы 1303 жылы құрылған ең көне әрі алдыңғы қатарлы Sapienza Università di Roma (Университет Ла-Сапиенца) университетіне оқуға түстім. Бұл оқу орнында   тегін біліммен қатар  шәкіртақы да аламын. Елден бастау алған экономикалық білімімді осы елде жалғастырып жатырмын десе де болады. Көптеген шетелдік университтерге тән  бұл жерде де  еркіндік бар. Студенттің күнделікті сабаққа келіп-келмегенін ешкім қадағаламайды, ең бастысы 2 жылға берілген (магистратурада) кредит санын жапсаңыз болғаны, яғни емтиханды толығымен  тапсыруыңыз керек. Егер емтиханнан  жеткілікті баллды жинай алмасаңыз ешқандай ақысыз келесі айға көшірілген  емтихандарға қатыссаңыз болады. Ал, емтихандарға дайындалуға арналған барлық мәліметтер әр профессордың веб-сайтында тұрады. Сондықтан студенттер білім алулары үшін оқытушымен байланысын үзбеуге тырысады.  Өйткені, біздің елдегідей мұғалім студенттің артынан жүгірмейді. Сынаққа дайындалу үшін   кітапханалар  тәулік бойына ашық тұрады, асхана қызметі де оқитындар үшін қолайлы. Профессорлармен жеке сұрақтарыңыз бойынша сөйлескіңіз келсе, әрқайсысының студенттерді қабылдайтын арнайы  регламенті белгіленген, оны да өзінің веб-сайтында көрсетіп қояды. Біз оқитын университетте ең ұнайтыны кампус аумағында ішуге арналған таза су ағып тұр. Шөлдесек, су сатып алмаймыз, бөтелкемізге су толтырып аламыз. Жергілікті халық экологиялық тазалыққа аса мән береді.

– Итальяндықтармен тез тіл табыса алдың ба? Италиядағы өмірің несімен ерекшеленді?

– Әлбетте! Итальяндықтар қазақтарға ұқсайды десем қателеспеспін. Өте ашық және қонақжай келеді. Өзге елде өмір сүру дегеніміз мүлдем жат менталитеті, салт-дәстүрі, көзқарастары бар адамдармен бір ортада, бір қоғамда сіңісіп, татулықта болу. Бұл дегеніміз адамның аналитикалық ойлауына, әр түрлі ситуацияларға басқа қырынан қарауға септігін тигізеді. Тұлғалық-рухани  тұрғыдан дамуыма осы аталған жәйттер әсер етуде. Италия елі тасын түртсең, тарихы  сайрай жөнелетін көне мемлекет болғасын ба туристтерді тарту үшін көне ғимараттарды жыл сайын жөндеп, реңін жоғалтпауға тырысады. Жалпы, өткенге деген құрметтері ұнайды.  Кітап оқығанды, театрға барғанды құп көреді.    Солардың артық тұстарын үлгі етіп,  Италиядағы студенттік күндерімнің мағыналы, мазмұнды өтуіне тырысып жүрмін.

– «Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың» деген тәмсіл бар ғой. Туған тіліңізді қоспағанда, төрт  тілде еркін сөйлейді екенсіз. Жалпы, шет тілін үйрену қаншалықты оңай?

– Тіл үйрену үшін ынта-ниет керек. Мектеп қабырғасынан бастап ағылшын тілі курстарына қатыстым, яғни ағылшын тілінің алғашқы негіздерін мектептегі мұғалімдерім үйретті. Бірақ универде уақыт тапшылығынан тастап кетіп, кейін жалғастырдым. Әсіресе, шетелге оқуға тапсырмас бұрын тілдік деңгейімді анықтайтын IELTS сертификатын алу  үшін жатпай-тұрмай дайындалдым. Нұр-Сұлтан қаласындағы ең білікті репетитордың көмегімен екі айға жуық уақытта көздеген мақсатыма жеттім. Менің өмірлік ұстанымым «Мақсатым айқын, маған ешнәрсе кедергі бола алмайды» деген жігерлі сөздер. (Вижу цель, не вижу преград)  Жалпы айтқанда, бір тілді жақсылап меңгерсеңіз өзге тілдерді үйрену оңай болады.

         – Өзің секілді шетелде оқуға талаптанған іні-сіңлілеріңе қандай ақыл-кеңес айтасың?

– Мақсатың айқын болмаса, құр армандау бекершілік. Қазір талап қылған жастарға көптеген жақсы бағдарлама ұсынылуда. Біріне тапсырып, жолың болмай қалса, қолыңды бір сілтеп, кері бұрылма. Бастысы осы! Оқы,, оқы және оқы! «Тіл Римге де апарады» дегеннің рас екеніне өз басым мысалмын.  Мәселен, мен магистратурада тегін білім алудамын, шәкіртақым да еліміздегі оқу орындарында ұсынатын стипендиядан әлдеқайда жоғары. Италия мемлекетінің дамушы мемлекеттерге арнайы бөліп отырған гранттары мен жергілікті аймақтық бюджеттің бөліп отырған шәкіртақы бағдарламасы арқылы сондай мүмкіндікке қол жеткіздім. Мен  бұл бағдарламаны  ұзақ іздедім. Еуропада тегін білім алуға тырысқан себебім бұл елде  өмір сүру  деңгейі өте жоғары. Сондықтан, еңбек қылмай, әрекет етпей нәтижеге жетемін деу қате ұғым. Батыл болыңыздар, мақсаттарыңыз айқын болсын.

– Өмір сүру деңгейі өте жоғары деп отырсың ғой, келешекте сол елде қалып қоюуың мүмкін бе?

– Мен елімнің дамуына, өркендеуіне үлесімді қоссам деймін. Басты мақсатым Италияда сапалы білім алып, бар білгенімді, тың жобаларды, идеяларды  Қазақстанымды гүлдендіруге арнасам деймін. Бұл – менің Отан алдындағы борышым.

  • Өзіңдей білімді, ұлтжанды жастардың қатары артсын. Сұқбат бергеніңе көп рақмет!

Сұқбат құрған: Арайлым МАРАТҚЫЗЫ,

Дана АТЫРАУ, жас тілші