26.06.2020, 9:22
Қараулар: 40
ЕРБОЛАТТЫҢ ЕҢБЕГІ БАР ЕЛЕУЛІ

ЕРБОЛАТТЫҢ ЕҢБЕГІ БАР ЕЛЕУЛІ

Аудан көлемінде 100-ден аса мемлекеттік қызметкер бар екен. Жыл сайын абыройлы да жауапты қызметке бет бұрған жастардың қатары көбейді. Мәртебелі мамандық иелерінің алды осынау салада 20-30 жылдан аса қызмет істеп келеді. Бүгінгі кейіпкеріміз аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Ерболат Сержанов та аталған мекемеде  еңбек еткеніне 23 жылдан асып барады.

Осыншама жыл бір орында табан аудармай қызмет ету алдыңғы буын ағаларына тән бе деп ойлайтынымыз жасырын емес. Саналы ғұмырының тең жартысын  бір салаға ғана арнайтын жандардың мақтауын қалай асырсақ та еш сөкеттігі жоқ секілді. Бұндай жанкештілікті өз кәсібін адал атқарғандығы, мамандығына деген шын құрметі деп ұғынсақ та болатындай. Қалай десек те бүгінгі кейіпкеріміз мемлекеттік қызметтің майдангері десек өтірік айтпағанымыз. Шоңай елді мекенінде 11 баланың төртіншісі боп дүние есігін ашқан ағамыз әу баста радиомеханик болуды армандаған екен. Бала кезінен радио, басқа да техника қолына түссе,  ішін ақтарып, қайта құрайтын әдеті бар-тұғын. Ата-анасы өмір бойына төрт түліктің бабын күйттеген қарапайым шаруа адамдары еді. Ұл-қыздарының білім қуғандарын қалапты. Уақыт өте келе қай-қайсысы да оқу-тоқусыз қалмады, жоғары дипломды маман атанды. Оның ішінде кейіпкеріміз де есепші атанып, алғашқы қызмет жолын аудандық «Халық банкінде» бақылаушы кассир ретінде бастайды. Бұл мекеме қабырғасында ол 1989-1997 жылдар аралығында тер төкті. Кейін аталмыш банктің біздің аудандағы филиалы жабылып, ағамыз да қызметінен босап қалады. Алайда, тиянақты, өз ісін жетік білетін сауатты маманды сол кездегі аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Жанқуат Еркеғалиев байқап, мекемесіне аттай қалап  шақырып алады. Бұл 1997 жылдың ақпан айы болатын. Ұзақ ойлануды жөн көрмеген Ерболат  Сержанов  жаңа жұмысындағы  операторлық қызметіне ерекше ықтиярлықпен кіріседі. «Тұрғындарға тиесілі жәрдемақы, зейнетақы т.б жәрдем түрлерін түгендеп, реттеп, халыққа жеткізуде ағамыздың еңбегі ұшан-теңіз» дейді әріптесі Әсемгүл Ибрашева.

  • Ерболат Мыңбайұлы өте тәжірибелі, жан-жақты маман. Жүктелген міндеттерді уақытында атқарып, әр тапсырмаға асқан жауапкершілікпен қарайтындығы өкшесін басып келе жатырған мамандарға үлгі дер едім. Ол кісі жастарға бағыт-бағдар беруден тайынбайды, білгенімен бөлісе білетін керемет тәлімгер. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аясында түсінік жұмыстарын жүргізу және енгізу бойынша белсенділік танытқаны аздай, жәрдемақы аудару науқанында таңға дейін жұмыс істеген күндері де болды. Он минуттай көз шырымын алады да қаржылық мәселелермен қайтадан айналыса бастайды.  Сондағы мақсаты мұқтаж жанға қаражаты дер кезінде түссін, қиналмасын дегені ғой. Оны түсінетіндер де бар, түсінбейтіндер де бар,-деп әріптесі туралы жылы лебізін төге.

Өзара әңгімеде ағамыз қызмет барысында қиын кезеңдерді де бастан өткергенін айтты. Ел ішінде орын алған экономикалық өзгерістерге байланысты зейнетақы, жәрдемақылар уақтылы түспей, халықтың наразы болған сәттерін аз көрмедік дейді. «Бізге тиесілі ақшаны неге жымқырдыңдар, қалталарыңа басып отырсыңдар» деп  ауыл тұрғындары еш негізсіз жала жауып, қарғап-тілдеп кететін,- деген ол қызықты сәттерді де бөлісуді ұмытпады.

  • Қарғап-тілдеп кетеді деп отырсыз. Жазықсыздан жазықсыз сөз есту көңіліңізді қалдырып, меселіңізді қайтармай ма? – деп сауал тастаған едік.
  • Малды ауылдың баласымын ғой. Ауылға барып, атқа қонып, бір шауып келсем, көңілдегі дік те, жанымдағы жабырқау, жабығу да бір сәтте сейіліп сала береді. Міндетім – халыққа қызмет ету болған соң, кез келген түсініспеушілікті төзіммен, долылықты салқын ақылмен қабылдауға тырысамын, — жауап берді.

Көпбалалы отбасында өскен Ер-ағамыз бар мен жоқтың бағасын бір кісідей біледі. Жағдайын айтып, қолдау сұрап келген жандарды қабағынан танып, айтпағын сөзсіз түсініп отырады.

-1999 жылы мекемеміз алғаш рет компьютермен жабдықталды. Ешқайсымыз бұл техниканың «тілін» түсінбейміз. Біртіндеп оны да игеруге көштік қой. Бір жағынан қағаздан қағаз тауысатын қол жұмыстарының азаятынына қуандық. Содан «көз қорқақ, қол батыр» деп 2000 зейнеткердің бүкіл дерегін өзім компьютерге енгізіп шықтым. Бұған үш күнімді арнаған шығармын. Қазір есіме алсам күлкім келеді»,- дейді кейіпкеріміз өткенге көз жүгірте отырып.

Ерболат Мыңбайұлының басқа салаға қызмет етуіне шақыртулар аз түспепті. Дардай лауазым мен жоғарғы жалақыны қош көрсе баяғыда-ақ  осы мекемеден қол үзуге болушы еді. Дүниенің соңынан қумады. Жұмыссыз қалған уағында азаматтық танытқан басшысы Жанқуат Еркеғалиев, сыралғы әріптестері  Серік Қайыров, Айман Ізбасқанова, бүгінде марқұм болған Ағираш Төлегенова, Бекқайыр Қарағойшиндермен  сый-құрметін бәрінен биік қойды.  Иә, сөзге сараң, іске мығым, ұжымдастары алдында абыройы үстем Ерболат Мыңбайұлының кісілік келбеті осындай.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ