25.06.2020, 16:23
Қараулар: 203
ЖҰМЫС БАР-АУ, ЖҰМЫСШЫ ЕНЖАР

ЖҰМЫС БАР-АУ, ЖҰМЫСШЫ ЕНЖАР

Жұмыссыздық мәселесі кез келген мемлекет үшін өзекті екені рас. Өйткені, жұмыссыздық деңгейінің өсіп не кемуі сол елдің экономикалық һәм әлеуметтік ахуалын айғақтайтын көрсеткіш екені сөзсіз. Шартарапты шарпып өткен пандемия алпауыт мемлекеттерді титықтатып жібергені сондай қазіргі таңда тұрақты табыс көзінен әп-сәтте айырылғандар санында есеп жоқ.  Мәселен, АҚШ-та  көптеген ірі кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздар саны 33,5 миллионға жетті. Eurostat ақпараттық қызметінің мәліметіне сүйенсек, соңғы 2 айда 373 мың неміс азаматы жұмысынан айырылған, Испанияда 120 мың азамат нәпақасыз қалған, Финляндияда әр жетінші тұрғын қысқартуға ұшырауда. Әлемдік сарапшылар аталмыш елдердегі әлеуметтік жағдай бұдан да нашарлауы ықтимал деп болжам айтуда. Ал, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамына сүйенсек, жыл аяғына дейін  жұмыссыздар саны 1,1 %-ға артуы бек мүмкін.

Ал, бізде қалай? Ірі кәсіпорын, өндіріс көзі болмағандықтан пандемия кезінде жұмыссыз қалдық дейтіндер жоқ. Яғни, жаппай жұмыссыз қалу бізге жат. Керісінше, нақ осы жазда екі қолға бір күрек іздегендерге молынан мүмкіндік бар. Бірақ, азаматтарымызда ынта жоқ боп отыр.

 Несін жасырайық, сан сылтауды алға тартып, жұмыссыз екеніне еш қысылмайтын, біреуге иек сүйеп,  өмір сүрушілер қатары көбеймесе, азаймай тұр. Біреуінің дипломы жоқ, енді біреуі дипломына сай қызметке қолы жетпей жүр, келесісі босағадан әрі аттап дала кезуге ниеті жоқ. Әйтеуір, жұмыссыз жүргендердің салмақты себебі табыла қалады. Сол жүргенде үйіндегі қарттардың зейнетақысы мен үкіметтен бөлінетін демеуқаржыға нәпақа етіп күнелтіп жүргендерін намыс көрмейді. Қандай уәж айтса да ауылдық жерде істеймін деген кісіге жұмыс неге табылмасын. Алты ай жаздағы кең мүмкіншіліктерді мүлт жібермей, бақша егіп, шөп шауып дегендей біраз тірліктің басын қайыруға әбден болады емес пе?!

Қалай десек те, елімізде жұмыссыздар қатарын сиретуді көздейтін түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Президент тапсырмасы бойынша қолға алынған «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020-21» бағдарламасы тұрғындардың, әсіресе тұрақты жұмысы жоқтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Біздің аудан көлемінде аталмыш бағдарлама негізінде 7 инфрақұрылымдық жоба іске қосылып, 102 жұмыс орны құрылды, әзірге маусымдық болса да  98 адамның жұмыс жасап, табыс табуына мүмкіндік берілді.

«ШЫДАМЫМЫЗ ОН-АҚ КҮНГЕ ЖЕТІП ЖАТЫР…»

Аудандық жұмыспен қамту бөлімінің маманы Медет Әнесов:

— Бүгінгі таңда Мұратсай ауылына су құбырын қайта жабдықтау жұмыстарына – 17, М.Бегалиева атындағы мектептің, Б.Жәнекешев атындағы мектеп жанындағы интернатты күрделі жөндеуге 44 адамды жібердік. Сол секілді «Жұмыспен қамту жол картасы» жобасы негізінде аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығындағы, «Үштерек»  бастауыш мектебі, «Ақбота» ясли-балабақшасын т.б нысандардың жөндеу жұмыстарына да биржа есебіндегі жұмыссыздарды тарттық. Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Қолыңнан келсе, тас қала, балшық араластыр, көлік айда. Маусымдық жұмыс болса да адал ақша ғой. Өкінішке қарай, ауыр жұмысқа төзбей, құрылыс алаңынан кетіп қалып жатыр, -дейді.

Сондай-ақ, ауылішілік жолдар құрылысына 20 адамға сұраныс берілсе, әзірге 12 адам жұмысқа тартылған. Ауыл сыртындағы жол салу жұмыстарының басы-қасында 10 тұрғын еңбек етуде.  Әнесов мысал еткендей, екі қолға бір күрек табылатынын осындай маусымдық жұмыстардан айқын аңғаруға болады. Әттегенайы, сол күректі ұстап, маңдай терімен нәпәқа табуға құлықсыздардың аз болмай тұрғаны.

Мұратсай ауылдық округінің әкімі Жалғас Ташуовтың айтары осы ойды қуаттайды.

–Қоғамдық жұмыстармен қатар шөп буып, тас соғып,  адал еңбектен қашпайтын азаматтар бар, бірақ олар саусақпен санарлықтай. Өкінішке қарай, көбісі жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүргілері келеді. Өздеріңізге белгілі бір айдан бері су құбырын қайта жабдықтау жұмыстары жүруде. Қосымша табыс табамын деушілерге бұл үлкен мүмкіндік, әттегенайы, мұндай ауыр жұмыстарға екінің бірі тәуекел етпейді. Мамырдың 11-і басталған жұмыстан он адам шығып та үлгерді,-дейді.

Мұратсай ауылындағы бұл құрылыс жеті жарым айға жоспарланған. Қолға 75 мың теңге алады. Жалақысын азсынбай, жұмысты ауырсынбай жоба бойынша бастан-аяққа қатысқан жұмысшымыз жоқ дегенде жарты миллион теңге табады екен. Маңдайы терлемегенге бұл ақшаның аспаннан жаумасын анық.

80 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ САУЫНШЫ,

150 000 ТЕҢГЕГЕ ТРАКТОРИСТ ЖОҚ

Аталмыш бағдарлама аясындағы құрылыс алаңдарынан бөлек, ауыл ішінде жүзеге асырылып жатырған өзге де құрылыс жобаларына да жұмысшы тапты. Жәрі, үкіметтің ұсынған жұмысынан бас тартқаны жалақысы аз, жұмысы ауыр дегені болар. Алайда, 70 — 150 мың жалақы ұсынатын кәсіпкер, қожалық иелері де жұмысшыға зар.

Бибігүл Жұмағұлова, кәсіпкер:

-Мейрамхана құрылысының басы-қасында төрт өзбек жігіті жүр. Іске мығым, еңбекқор. Бұған дейін ауыл ішінде жұмысшы іздегенім рас, алайда құрылыстың жөнін білер адамды таппадым. Қожалыққа сиыр сауушы мен тракторшы іздегеніме бірнеше айдың жүзі болды. Сауыншыға 80-100, трактор жүргізушісіне 150 мыңдай жалақы ұсынып отырмын, -дейді ол.

Кірпіш қалап, үй сыласа да өзбектердің еңбекқорлығына тәнті боласың осындайда. Жасы да, кәрісі де еңбектен бастарын алып қашпайды, кез келген жұмысты ұршықша иіріп әкетуге дайын тұрады. Өзгеге алақан жайғанша, маңдай терімді төксем де еңбек қылайын дейді. Қарапайым логика! Ал, біздікілер болса қара жұмысты қомсынады. «Қазағыңды өзектен теуіп, өзбегіңді асыра мақтап бұларға не болды, өз-ағайындар арзан жұмыс күші ретінде сұранысқа ие деп мың жерден жалқаулығыңызды ақтап алғыңыз келсе де олардың еңбекқорлығы мен күш-жігерін айтпай кетуге болмас.

«СЕНІМДІ АДАМ АЗ…»

Қандай ма жұмысшы іздесек, бірден аудандық жұмыспен қамту орталығына сұраныс жіберілетіні анық. Алайда, кәсіпкерлердің кей «биржовиктерге» көңілдері толмайды екен. Сылтау етіп, сұранулары бітпейді, ащы суға сылқия тойып, жұмысқа енжар қарайтындары үшін жұмыс берушілер өз араларынан сенімді адамды іздей бастайтыны сондықтан.

–Бригадамда неше жылдан бері сенімнен шыққан адамдар ғана жасайды. Биржадан келген қызметкерлердің сылтауы жетеді, бір күнге сұранады да үш күнге жоғалып тынады. Сондықтан оларды жұмысқа алмауға тырысамын,-дейді кәсіпкер Қуаныш Шәріпқалиев.

Дәл осындай себепті «Елеусін» шаруа қожалығының жетекшісі Нұртай Шүйінішев те алға тартады:

–Маусымдық жұмыстар басталғалы кез келген қожалық иелері жұмысшы іздеп, сабылады. Алайда, таппай жатады. Даланың жұмысы тындырымды тірлікті қажет етеді, оңай емес. Кез келгені мұндағы жұмыстарға төзбейді. Дейтұрғанмен, отбасының бюджетін еселеуді көздейтін еңбекқор азаматтардың жөні басқа. Қожалығымда аспаз, жүргізуші секілді жұмысшылар бірнеше жылдан бері жасап келеді. 60 пен  180 мың арасында жалақы төлеймін,- деген ол еңбек етем дегеннің ақысын жемейтінін тілге тиек етті.

Аудан бойынша 114 жұмыссыз жас болса, соның 15-і ғана жұмыспен қамту орталығына ресми түрде тіркеліпті. Екі қолға бір күрек іздеген жастар жайын білмекке аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Исатай Құрмашевпен де байланысқан едік:

–Жұмыс іздейтін жастар көп, бірақ бар жұмысты жасауға ниеттілер аз. Күні кеше «Жасыл ел» құрылыс жасағының  алғашқы легі Хан ордасы ауылында жұмысын бастап кетті. Өкінішке қарай, жасылелдіктердің қатарында өзге ауылдық округтің жастары жоқ, тек орданың қыз-жігіттері жиналды. Бір айда 70 мыңның үстінде ақша алады. Әу баста басқа ауылдағы әлеуметтік аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыдан шыққан, тұрақты табыс көзі жоқ жастарды шақырған едік. Ешқайсысы келіспеді,-дейді ол.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазіргі таңда жұмыс жоқ деп кесіп айту қисынға келмейді. Шын ынта-ықыласымен, маңдай терімен нәпақа табуға құлшынған жанға жұмыс бар. Әсіресе, маусымдық жұмыстар  жылдың қай мезгілінде болмасын табылады. Тек сол маусымдық жұмыстарды атқаруға қаншалықты құлықтымыз? «Алма піс, аузыма түс» деп кертарпалықтан құтылмайынша ауданымыздағы жұмыссыздар қатарының азаймайтындығы бесенеге белгілі жайт.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ