25.06.2020, 15:59
Қараулар: 209
СОҒЫСТАН ЖЕТКЕН ЖӘДІГЕР

СОҒЫСТАН ЖЕТКЕН ЖӘДІГЕР

Үшбұрышты сағынышты жауынгер хаттары. Ол соғыс кезінде елге хабар әкелген, майдангердің тірілігін білдірген, адамдарға қуат берген, үміт сыйлаған, қанаттандырған ел мен жауынгер арасындағы дәнекер. Майдан даласынан келген бір жауынгердің хатын бүкіл ел болып оқыды. Ол отбасына жазылған хат болса да, түгел бір ауылға үлкен қуаныш сыйлады. Осы хаттарды көзінің қарашығындай қарап, хатты оқи-оқи жаттап алды. Әрбір сөзі оның көз алдында. Жауынгердің қолы тиген қағазды баласы сияқты сыйлап, мәпелеп ең қымбат дүниесіндей сақтады. Сондай хаттардың бірсыпырасы біздің қолымызға жетіп отыр.

Бұдан 74-75 жыл бұрын жерлесіміз Жүсіп Маштақовтың анасына жазған хаттары (хаттың бірі кириллица, бірі латын тілінде жазылған).

20.08.2022 ж. Амандық хабар.

Ардақты аса қадірлі көруші анамыз Алимаға, ақ кенже апам Зуражанға, Жал апайдың үй-ішіне тағы да мені сұраған көрші ана-қарындастарға, баршаңызға да көптен-көп сағынышты дұғай сәлем, сәлем. Хатымды алақандай ақ қағаз арқылы жолдап қалғалы отырмын. Ал мамеке дендердің сау аман-есен боларсыңдар. Шаруа, қалдерің қалай жақсы ма, ал, мамеке, сенің  5.VIIІ айда жазған амандық хатыңды 18.VIIІ алдым.      

Оқуды оқып бітірдім. Қолға машина алып оңдап жатырмыз, жетіспегенін жетістіріп. Білмейміз, әзір хабар жоқ, жібереміз деген, түбі барып қалармыз… Мамеке-ау, менен ақыл сұрайсыңдар ғой. Ала сиыр қысыр қалды деп. Күзге дейін сауыңдар да суалғасын туатын сиырға ауыстырып алыңыздар. Өз шаруаларыңды өздеріңіз қараңдаршейші, Мамеке-ау. Далада жатып мен нендей ақыл айтайын…

Менің қал-жайымды сұрасаңдар, денім сау, ауру науқастан аманмын.

Ал, мамеке, енді не көп зат айтайын. Хош сау, амандықпенен қауысайық, тілек бір Аллада ғой. Хош сау болыңдар. Әкел 5-ті, жазған балаң Жүсіпжан деп оқырсың. (қолы қойылған).

 

12.01.2022 ж. Анамыз Алимаға, еу, ақ қалқам Зуражанға, Жал апайдың үй ішіне тағы басқа мені сұраған тумаластарға балаңыз Жүсіптен көп-көп сәлем, сәлем. Сағынышымда сөз жоқ. Менің денім сау, аманмын.

12 күні 1 айдың таңертең сағат 6 да соғысқа кеттік. Ал, енді тілекші бола қойыңыздар. Мамеке-ау, қарғам-ау, осы хатты асығып кетіп бара жатып жазып отырмын. Хатты тоқтатпай жаза беріңіздер, аман-есен болсам, алармын. Бір Аллада ғой, Аллам өзі сақтар… Ауылдағы қандастарыма менен көп-көп сәлем айтарсыңдар. Хош сау, сәлеммен балаң Жүсіп Маштақов. (қолы қойылған).

Өздеріңіз оқып отырғандай, «мамекем-ау» деп еркелеп, «ақ кенже апам» деп аңқылдап отырған Жүсіптен бауырмалдықты анық байқаймыз. Әр хатын «тілек бір Аллада ғой» деген ертеңге деген үмітпен аяқтаған екен. Бірақ, осы бір хат жауынгердің соңғы хаты да болуы мүмкін. Хат иесіне анасымен қауышуды жазбапты.

Үшбұрышталып бүктелген оқушы дәптерінің бетіне жазылған хаттың сыртқы жағына Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы, Мешітқұм совхозы, Өркен колхозы Маштақова Алимаға деп көрсетілген. Музей қорында жауынгер Маштақовтың осы екі хатымен қоса, «анама және әпкем Зураға естелік» деп жолдаған бірнеше фотосуреті сақталған. Суреттердің біріне 6.ІХ.1944 жыл десе, екіншісінде 8.ІІІ.1944 жыл деп көрсеткен.

Аудандық әскери комиссариатынан алынған құжаттардың ішінен Алима Маштақованың атына жіберілген қара қағазды таптық. Қаралы қағазда 1945 жылы 24 қаңтарда баласы Маштақов Жүсіптің қаза болғанын хабарлайды. Майдан даласында көз жұмған сарбаз  Батыс Қазақстан облысы бойынша жазылған «Боздақтар» кітабына    (6-томына) енген екен. Онда: «Жүсіп Маштақов  Мырзалыұлы 1924 жылы Мешітқұмда дүниеге келген. 1942 жылы 19 тамызда әскерге алынған. 1945 жылы қаңтарда қаза тапқан. Жерленген жері Германия Венциг (Симзия)» деген деректер бар. Ғаламтор желісіндегі Ресей мемлекеттік архивінің «Память народа» электрондық сайтында Маштақовқа қатысты екі түрлі мәлімет табылып отыр. Оның бірінде: «Маштаков Жусуп Мирзалиев мл.сержант. Дата рождения: 1924 г. Военно-пересыльный пункт: 59 зсп. 13 зсд. Прибыл в часть: 12.07.1943. Выбытие из воинской части: Между 01.03.2022 и 30.03. 1944», десе, екіншісінде аты-жөні: «Маштанов Джусуп Мурзалеевич гв.мл. сержант. Дата рождения: 1904 г. Место рождения: Западно-Казахстанская обл., Урдинский р-н, Нечетукумский с/с. Дата и место призыва: Урдинский РВК. Казахская ССР, Западно-Казахстанская обл, Урдинский р-н.Последнее место службы: 10 гв.тк. Дата выбытия:               18.01.1945 г. Причина выбытия: убит. Первичное место захоронения: Польша, Вроцлавское воев., г.Винциг, северо-восточная окраина» деп келтірілген. Осы деректердің екінші мәліметі біз іздеген жанның өмірдерегіне сәйкес келіп тұр. Яғни, ондағы қосымша құжатта әскери бөлімі 356 гвардиялық самоходты артеллериялық полктың тізімінде аты-жөні дұрыс жазылып, анасының есімі, мекен-жайы дұрыс көрсетілген. Ал, ондағы кейбір жазулар анық көрінбегендіктен оның туған жылы  қате жазылған болуы керек.

Сарғайған хаттар қағазы уақыт өте келе тозады, қажалады, қурайды. Музей қоры осындай жәдігерлердің ұзақ уақыт сақталуын қадағалайды, тиісті шаралар алады. Соның негізінде музей қорына 1989 жылы келіп түскен хаттар бүгінгі күні оқуға болатындай дәрежеде күтімде сақталып отыр. Бұл хаттар – Ұлы Отан соғысы тарихынан қалған жәдігер.

         Мира ҚҰТЫШЕВА,

облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени,

архитектуралық-этнографиялық  музей қорығының әдістемешісі