25.06.2020, 12:25
Қараулар: 229
САБЫРДЫҢ ҒҰМЫРЫ – САНАЛЫҒА САБАҚ

САБЫРДЫҢ ҒҰМЫРЫ – САНАЛЫҒА САБАҚ

Сабыр Молдағалиев бала кезінен тағдыр тауқыметін бір кісідей көрген жан. Ағалы-інілілер ата-анадан ерте айырылады. Баланың үлкені Қуанышқали бұғанасы қатпай, қара жұмысқа кіріседі. Жоғары Басқұншаққа барып, балық өндірісіне жұмысқа тұрады. Бар тапқанын қос інісіне тасып, ата-ананың орнын толтырмақшы болады. Дегенмен, ажал қамқор ағасына да қармап ап, қара жердің қойнына бір тықты. Екі ұл жетімдіктің тақсіретін ағалары өлгеннен кейін мықтап тартты. Балалар үйіне жіберіліп, ес жиған соң одан да шығарылып жіберді. «Паналарың бар ма?», «Нан табар кәсібің бар ма?» демеді. Ес жидың екен, етегіңді  өзі жап деп шығарды да жіберді.  Ағалы-інілі екеу бас тірер жері жоқ болса да, жолға шығады. Алланың қарасқаны болары, алдарынан шыққан аттылы адам оларды Әжен түйе зауытына бастап апарып, ішерге тамақ, нәпақа табарлық жұмыс та тауып берді. Қиналғанда қолдау білдірген аттылы адам – Қабыш Бектасов еді. Қабыш атамыз бен Күмісханым шешемізбен кейін де байланыс үзілмей, бір туған бауырдан араласып тұрды.

1940 жылы Сабыр әскер қатарына алынды. Минск қаласында атқыштар мектебінде курсант болды. 41-де соғыс басталып, армиядағы жаттығу майдан даласындағы соғыспен жалғасты. Белорусь майданының бел ортасында жүріп, аяқтан жараланды. Брянск госпиталынан емделіп шыққан сарбаз Ульяновскдегі танк училищесіне жолданды. Сынақтан өтіп, аға техник біліктілігін қорғаған кіші лейтенант қайтадан соғысқа жіберілді. Белорусь, Украина майдандарында, Паланга, Балтық жағалауы, Шығыс Пруссия, Польшаны азат етуге қатысты.

Танк деген алпауытың былайғы жұртқа қауіпсіз, темір қорған көрінетін болар. Бірақ соғыста ең қауіпті көлік осы болды. Жау гранатасы дөп тисе, шынжыр табанын быт-шыт қылады. Люкты ашып шығамын дегенде сені көздеп отырған жау мергенінің оғына ұшырауың әбден мүмкін еді. Люк ашылмай қалып, тірілей өртеніп кеткен қаруластарымызда көрдік. Бірақ, «танкке отыр» десе, бас тартуға құқығың жоқ. Клайпеда қырғынында танкімізге оқ тиіп, люктен шыға бергенде жау оғына тап келдім. Каскамды сырып өткендей болған. Басымнан контузия алыппын. Алты ай емделіп, танкке отыруға жарамсыз танылдым,-деп естелік айтқан екен майдангер.

Сабыр Молдағалиев кейін  жанармай зауытының командирі, №78 механикаландырылған дивизия құрманыдағы бақылау-өткізу пунктінің басшысы болған екен.

1945 жылдың 30 сәуірінде Берлинге Германияның солтүстік жағынан кіріп, 70 шақырымдай жерден бұйрық күтіп жаттық. 6 мамырда фашизм Кеңес Армиясы алдында тізе бүкті. Айбынды қолбасшы Жуковтың «соғыс аяқталды, енді ешқандай оқ атылмасын!» деген бұйрығын өз құлағыммен естідім. Жеңістің салютын, жауынгерлердің қуанышын көрдім. Бұл ең бақытты күн еді. Осы күнге жеткеніміз үшін еңкілдіп тұрып, қуаныштан, бақыттан жылап едік,-деп  атамыз еске алған күннің өзінде көзіне жас алып айтады екен.

Сабыр атамыз үшін соғыс сол 1945 жылдың мамырында аяқтала қоймады. Германиядағы ішкі қақтығыстарды басуға, жапондармен тіке-тіресті жоюға қатысты. Тек 1947 жылы арнайы комиссияның шешімімен босатылды.

  • Туған жерге аман жеттім, елдің жағдайы нашар екен. Ат басын сол Қабыш ағамның үйіне тіредім. Ағамыздың қос бірдей анасы бар еді. Мен келгенде сол әжелердің бірі қысылып жатыр екен. Жаназасына жағдай жоқ. Германиядан тай-тай мата, гармон әкеліп едім. Сол гармонды клубқа өткізіп, ақшасына керек-жарақты алып, бір жарылқап қалдық.  Күмісханым шешем мықты ісмер еді. Мен әкелген матадан ауылдың үлкен-кішісіне түгел көйлек тігіп бергені бар. «Сабыр келіп, біркиерге жарып қалдық» деп айтып жүретін. Кейін Саратовтың Энгельс ауданына ағамды тауып, көңілім де бірленген еді,-дейтін майдангер.
  • Соғыс та, соғыстан кейінгі кез де ауыр болды. Сол ауыр кезеңнен өткеніміз – адамдардың адамгершілігі, бірлігінің арқасын. Аталас болмаса да, бір-біріне бауырдай қамқор болды, барымен бөлісті. Осы адамдық бізді аман алып қалды. Бәріне шүкіршілік, бәріне тәубе. Сол майдан даласында сүйегі қалған жігіттерден қай жерім артық еді? Мен қаза табар едім. Аллам ғұмыр берген екен. Көрер жарығым бар екен. Жоқ деп жылауға, ауыр, қиын деп налуға хақым жоқ дейтін әкеміз. Соғыстан келген соң мектепте мұғалім, кейін байланыс бөлімшесінде меңгеруші боп жасады. Анам Алтын екеуі төрт ұл, төрт қыз сүйіп, қарапайым ғұмыр кешті. Мансап, байлық қумады. «Бергеніңе шүкіршілік!» деуден танбады. Өйткені, олар бар мен жоқтың, аштық пен тоқтықтың бағасын жақсы білетін ұрпақ еді,-дейді майдангер қызы Гүлбаршын.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ